
Қазақстанда 130-дан астам халық тұрады және әрқайсысының тілі бірегей. Біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде мемлекеттік тіл өз мәртебесін алды. 23 жыл бойы қазақстандықтар ресми түрде «Қазақстан халқының Тілдері күні» мерекесін атап өтуде.
Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаменті ЕЦ-166/4 мекемесінің қызметкерлері Атбасар ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ аясында өткен тілдер онкүндігіне қатысты.
«Мемлекеттік тіл - тәуелсіздіктің тірегі» атты ақпараттық – танымдық іс-шаралар онкүндіктің арқауы болды.
«Іс-шаралар Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында жоспарланып өткізілді», - дейді Қазақ тілі мұғалімі Жанар Жалелова, - онда «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Қазақ тілі - білім мен ғылымның, мәдениет пен іс қағаздарын жүргізудің бірыңғай тіліне айналады. Өз болашағын елімізбен байланыстыратын әрбір азамат мемлекеттік тілді үйренуге бар күш-жігерін салуы тиіс. Бұл нағыз патриотизмнің көріністерінің бірі» деп Мемлекет басшысы ерекше атап өтті.