Алматы облысының колониясына ет рулетінде жасырылған телефондарды өткізудің жолы кесілді

Алматы облысының колониясына ет рулетінде жасырылған телефондарды өткізудің жолы кесілді

Жауғашты кентінде орналасқан ЛА-155/4 әйелдер колониясына қысқа мерзімді кездесуге келген ер адам сотталғандарға пайдалануға тыйым салынған заттарды алып өткізуге тырысқан.
Аталған азаматқа кірген кезде мекеме қызметкерлері азық-түлікті беру ережелері мен тәртібін түсіндіріп, сондай-ақ тыйым салынған заттарды алып жүргені үшін жауапкершілік туралы ескерткен.
Алайда, тексеру барысында ет рулетінде үш ұялы телефон, үш sim-карта, үш аккумуляторлық батарея және екі зарядтағыш құралы табылып, тәркіленді.
– Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша алғашқы материал жиналып, іс жүргізу шешімін қарау және қабылдау үшін Қарасай ауданының әкімшілік сотына материалдар жолданды, - деп атап өтті Алматы облысы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Ашов.
Мекемеге тыйым салынған заттарды алып келгені үшін ер адамға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.