Елордалық тергеу изоляторында адвокаттардың қорғауындағыларымен кездесуін күту уақыты қысқарады

Елордалық тергеу изоляторында адвокаттардың қорғауындағыларымен кездесуін күту уақыты қысқарады

Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова ҚАЖ комитетінің басшылығымен, Бас прокуратураның өкілімен және адвокаттармен бірге Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тергеу изоляторларында болды.
Іс-шараның мақсаты осы мекемелердегі азаматтардың адвокаттарына кедергісіз қол жетімділікті қамтамасыз ету бойынша келісілген ұсыныстар әзірлеу болды. Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтардың қорғалу құқығына кепілдік береді. Іс жүзінде, адвокаттар адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына жолдаған үндеуінде атап өткендей, кейде бұл құқықты жүзеге асыруда проблемалар туындайды. Осыған байланысты, мәселелерді мәні бойынша қарау үшін мекемелердің өздеріне шығу жүзеге асырылды. Практикалық мәселелерді шешу және құқық қолдану практикасын ескере отырып, заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарды талқылау мақсатында мониторинг бойынша осындай көшпелі кездесулерді тұрақты негізде өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Айта кету керек, бұған дейін Республикалық адвокаттар алқасы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын.
– Біздің тарапымыздан Республикалық адвокаттар алқасы мен ҚАЖ комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумда көрсетілген барлық тармақтар іске асырылуда. Алайда, біздің өзара іс-қимылымыз мұнымен шектелмейді, қылмыстық – атқару жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес жаңғырту тек сотталғандарға ғана емес, сонымен қатар тергеудегілерге де қатысты, - деп атап өтті ҚАЖ Комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Садыбеков.
Республикалық адвокаттар алқасы өкілдерінің пікірінше, адвокаттар мен қорғаушылардың кездесулері үшін жағдайды жақсарту жөніндегі жұмыс мекемелерде адвокаттардың сапалы көмек көрсетуі үшін маңызды болып табылады. Кездесу қорытындысы бойынша, елордалық тергеу изоляторында адвокаттармен кездесу үшін қосымша екі бөлме бөлу туралы келісімге қол жеткізілді. Автоматтандырылған деректер базасының электрондық кезек жүйесіне интеграциялау бойынша адвокаттардың ұсынысы қарауға қабылданды. Бұл жаңашылдық адвокаттардың өз клиенттерімен кездесулерін күту уақытын қысқартады.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың айтуынша, елдегі азаматтар өздерінің конституциялық құқығын толық іске асыру үшін тергеу изоляторларында (түзеу мекемелерінде) ұсталғандарға (сотталғандарға) адвокаттардың қол жеткізуінің жеткілікті сапалы деңгейімен қамтамасыз етілуі тиіс.
Осылайша, адвокаттар Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілдерімен бірлесіп, басқа мекемелерде осындай көшпелі кездесулерді ағымдағы жылдың соңына дейін ұйымдастыруға келісті.
Бүгінгі таңда республиканың Қылмыстық-атқару жүйесінде 16 тергеу изоляторы жұмыс істейді, онда 4 мыңнан астам тергеудегілер мен айыпталушылар бар.