
Оқиға Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің АП-162/3 орташа қауіпсіз мекемесінде болды.
Тонау үшін жазасын өтеп жатқан 28 жастағы сотталған оның тез арада бостандыққа шығуына ықпал ететін көтермелеу алғысы келді. Жасақ бастығы сотталғандарға көтермелеу үшін тәрбиелік сипаттағы іс-шараларға қатысу және жазаны өтеу режимін бұзбау қажеттігін түсіндірді. Алайда, бастамашыл сотталған адам жеңіл жолмен жүруді ұйғарып, қызметкердің телефон нөмірін тауып, нөмірге байланған картасына 40 мың теңге аударып жіберді. Айта кету керек, ақшаны сотталғанның әйелі аударған.
Тәртіп сақшысы өз картасынан артық ақшаны көргеннен кейін, ол дереу ҚАЖД басшылығы мен өзіндік қауіпсіздік тобына есеп береді. Сонымен қатар, сотталған қызметкерге бұл болашақ көтермелеу үшін «алғыс» екенін нақты айтқанын жеткізеді.
- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көтермелеу алу үшін сотталғанға тәрбиелік іс-шараларға қатысып қана қоймай, жазаны өтеудің белгіленген режимін бұзбау қажет. Біз қызметкерлермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез – құлықты сақтау туралы тұрақты түрде әңгімелесіп отырамыз, - деп түсіндірді мекеме бастығының орынбасары Айбек Уреспаев.
Сотталғанның түсініктемелері бейнетіркегіште тіркелген, іс материалдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберілген. Сәтсіз пара берушінің тағдырын сот анықтайды.
Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес, оған мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселенгеннен отыз еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қаупі төнеді.