
2021 жылдың басынан бері Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметі 231 сотталған адамды жұмысқа орналастырды.
Бұл бағыттағы жұмыс 15 аудандық пробация қызметінде жүргізілді. Атап айтқанда, сотталғандар ақылы қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, жұмыс орындарының квотасы бойынша және ауданның жеке кәсіпорындарында жұмысқа орналастыру ұйымдастырылды.
- Жұмысқа орналастырылған сотталғандардың 19 пайызында бұрын мамандығы болмаған. Айта кету керек, пробация есебінде тұрған сотталғандарды жұмысқа орналастыруда өңірлердегі халықты жұмыспен қамту орталықтары өткізген іс-шараларға көп көңіл бөлінеді. Биыл жыл басынан бері облыс бойынша 23 Бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге облыстық пробация қызметінің есебінде тұрған 146 сотталған қатысты. Нәтижесінде 70 сотталған тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Мұнда жұмыспен қамту орталықтары өткізетін Бос орындар жәрмеңкесі пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың әлеуметтік жағдайын арттыру үшін үлкен маңызға ие екенін ерекше атап өткім келеді. Бұдан басқа, пробация есебінде тұрған сотталғандарды жұмысқа орналастыру сотталғандардың қайта қылмыс жасауының алдын алуға және олардың түзелу жолына тұрақты көшуіне ықпал етеді, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы Азамат Наукенов.
Жұмысқа орналастырылған сотталғандардың арасында түзеу мекемелерінен босатылған адамдар да бар. Бір мысал, ҚР ҚК 73-бабы бойынша босатылған, яғни түзеу жолына түскен сотталған К. бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Хромтау аудандық пробация қызметкерлері әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету шеңберінде сотталған К. аудандық жұмыспен қамту орталығы жанындағы қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберіліп, соның нәтижесінде «электромонтер» мамандығын алды. Қазіргі уақытта ол «Дон тау-кен байыту» комбинатына жұмысқа орналасты.