
Бірнеше ай бойы УК-161/2 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесіндегі сотталғандар қашықтықтан оқу арқылы логистика, кәсіпкерлік қызмет және топырақтану бағыттары бойынша білім алды. Құрамында 7 сотталған бар бірінші топ студенттері, оқытушылардың дәрістерін тыңдап, тапсырмаларын орындап, емтихандарын тапсырды.
-Қашықтықтан оқыту барысында М. Дулатов атындағы ҚИнЭУ (Қостанай инженерлік-экономикалық университеті) оқытушылары сабақтарды онлайн режимде өткізіп, сабақ кестесін бекітті. Университет өз бетінше білім алу үшін қажетті үлестірме материалдарын дайындап, жасақ бастықтары арқылы үй тапсырмаларын берді. Сотталғандардың орындалған жұмыстары университет оқытушыларына тексеру және баға қою үшін жеткізілді, - деп түсіндірді М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ қашықтықтан оқыту бойынша директоры, - Аида Дүкенова.
Айта кету керек, осылайша біліктілікті арттыру Қостанай облысының аумағында алғаш рет өткізіліп отыр. Бұған дейін мекеме аумағында орта және арнайы орта білім алу тәжірибесі қолданылған.
- Сотталғандардың жазасын өтеуі олардың білім алуына кедергі келтірмеуге тиіс. Сотталғандар үшін оқытудың ең оңтайлы түрі онлайн-платформа болып табылады. Телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, ҚАЖ мекемелерінде қашықтықтан оқыту сотталғандарға білім алуға оңтайлы мүмкіндік береді. Бұл үрдісті ары қарай жетілдіру жоспарлануда, - деп түсіндірді Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің тәрбие жұмысы жөніндегі аға инспекторы Айдос Рамазанов.