
Технологиялар қарыштап дамуда. Жақында ШҚО бойынша ОВ-156/1 мекемесіне электронды дүкен орнатылды. Енді сотталғандардың немесе олардың алыста тұратын туыстары мұнда келіп әуре болмайды.
Мекемеге жаңадан орнатылған электронды дүкен арқылы сотталған азаматтар өздері таңдаған азық-түліктерін, керек-жарақтарын тапсырыс беріп алғыза алады. Әрине, тізімде рұқсат етілген заттар ғана бар.
Олар туыстарының нөмірін тіркеп, дүкенмен есеп айырыса береді. Үш нөмірге дейін тіркеуге болады. Қажетті тауарларын таңдаған соң өз ЖСН-ын енгізіп, құпия сөздерін жазады. Әр заттың бұрышында бағасы, салмағы көрсетіліп тұрады. 20 келіге дейін тапсырыс беруге рұқсат, – дейді бақылау және күзет бөлімінің бастығы, әділет майоры Ерболат Самарқанов.
Электронды дүкен уақытша ұстау изоляторына қойыла сала үш адам тапсырыс беріп, керегін алды. Айта кетсек, тапсырыс төрт күн ішінде келеді екен. Келген заттарды бақылаушылар тексеріп барып, ішке өткізеді.
Туған-туыстар алыстан такси алып, мұнда келгенше, осы жерден өзім-ақ қажетті заттарымды ала беремін. Өте ыңғайлы дейді, – сотталған К.Минин.
Сондай-ақ, мұндай электронды дүкендер басқа да ҚАЖ мекемелеріне орнатылуда.