
Сотталғандардың бас бостандығы шектелгенмен, азаматтық құқықтары сақталған. Соның бірі, олардың өздері ұнатқан жандармен некеге тұру құқығының сақталуы. Ия, махаббатта шекара жоқ. Бір-бірін шын ұнатып, көңіл жарастығы үйлескен екі азаматтың заңды некеге тұруына еш кедергі жоқ. Осы орайда ЗК-169/1 тергеу изоляторында 3 жыл 6 айға сотталған С. есімді жазасын өтеуші, қалыңдығымен некеге тұрып, неке қию туралы куәлігін алды.
Мен жігітіммен танысқанда, ол бостандықта етін. Ата-анамнан айырылып, бауырларымның жалғыз асыраушысы ретінде, күні-түні жұмыс жасап, қаражаттан қысылып жүргенде маған бұл жігіт көп көмектесті. Екеуміздің таныстығымыз да кездейсоқ болды. Ол мені тиісті жерге ақысыз апарып тастаған болатын. Мен жол-пұлымды міндетті түрде әкеп беремін деп, телефон нөмірімді қалдырып кеткенмін. Міне, сол күні кешке қоңырау шалып, екеуміз танысып-білісіп кеттік. Содан бір жылдай уақыт өткенде, ол аңдамай басып, заң бұзып, жауапқа тартылды. Бүгінде жазасын өтеп жатқанына 6 ай болды. Әлі үш жылы бар. Мен көп ойланып, өзімнің тағдырымды осы жанмен байланыстыруға бел будым. Оны қиын сәттерде тастап кетпей, қолдағым келеді - дейді соталғанның қалыңдығы.
Бүгін мен үшін, ең бақытты күн. Өзім жақсы көрген қызбен некеге тұрдым. Бұл үшін мекеме қызметкерлеріне алғысымды білдіремін - деп, қуаныштан толғанып тұрған жігіт өз лебізін қысқаша қайырды.
ҚАЖ мекемелерінде некеге тұру сирек жайт. Алайда, бұндай жағдайларда неке тіпті көтермеленеді. Өйткені неке - сотталғанды тәртіпке келтіріп, мерзімінен бұрын босатуға ынталандырады. Негізінен, әйелдер күйеулеріне жақсы әсер етеді, оларды тез арада түзелулеріне итермелейді. Сотталғандар қоғамдық өмірге белсенді қатыса бастайды, олардың мінез-құлқы жақсарады - дейді, мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары, әділет майоры Қ.Олжабаев.