
Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде «шартты» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы шығарылды.
Іс-шара пробация қызметінің есебінде тұрған, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түрлеріне сотталғандар тарапынан құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың қайталануын болдырмау, сондай-ақ іздестіру жарияланған сотталғандардың тұрғылықты жерін анықтау мақсатында ұйымдастырылды.
Жалпы облыс бойынша 78 пробация қызметкері, 48 жергілікті учаскелік полиция инспекторы жұмылдырылды.
- «Шартты» жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысы бойынша облыс бойынша сотталғандар тарапынан 32 бұзушылық анықталды. 48 адамға қатысты аудандық соттарға бас бостандығын шектеу жазаларын бас бостандығынан айыруға ауыстыруға материалдар жолданды. Сондай-ақ, жұмылдырылған қызметкерлердің күшімен іздеуде жүрген жеті сотталған адамның орналасқан жері анықталды. Қазіргі уақытта олар тергеу изоляторына қамалып, сотты күтуде, – деп атап өтті Алматы облысы бойынша ҚАЖД бастығының міндетін атқарушы Қанат Ашов.