
Бір аптаның ішінде бірқатар пенитенциарлық мекемелердің ҚАЖ қызметкерлері айла-тәсілдермен жасырылған сим-карталар, зарядтағыштар мен құлаққаптар жиынтығы бар оннан астам смартфонды тәркіледі.
Мәселен, «жасырын көмбе» Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің КА-168/2 орташа қауіпсіздік мекемесінде тінту іс-шараларын жүргізу кезінде табылды. Қызметкерлер ұялы телефондардың, SIM-карталардың және жартылай өткізгіш элементтері бар басқа да тыйым салынған құрылғылардың бар-жоғын сызықты емес локатордың көмегімен тексерді. Бұл тыйым салынған заттар колония қабырғасында жасырылған болып шықты.
Қазіргі уақытта облыстық ҚАЖД қызметкерлері осы құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында қызметтік тергеу жүргізуде.
Қазіргі таңда аталған мекемеде қарақшылық, тонау, алаяқтық және жас балаларды бүлдіргені үшін 800-ге жуық сотталған бар.
Осыған ұқсас жағдай өткен аптада Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЛА-155/8 қауіпсіздік барынша жоғары мекемесінде анықталды. 14 Мамырда тінту жұмыстары кезінде мекеме қызметкерлері прокуратура өкілдерімен бірге екі ұялы телефон орамын тапты. Сотталғандар байланыс құралдарын мекеменің терезесінің астына сенімді түрде жасырғанымен, жеке құрам олардың орналасқан жерін анықтап, тәркілеу жүргізді. Аталған факті бойынша аумақтық ҚАЖД қызметтік тергеу бастады.
Белгілі болғандай, қабырғалар мен терезенің алды тыйым салынған заттардың жалғыз сақтау орны емес. Мысалы, Атырау және Жамбыл облыстарынан сотталғандардың таңдауы колониялардың еден жабынына түсті.
«Бес ай ішінде республиканың пенитенциарлық мекемелерінен екі мыңнан астам ұялы телефон, 130 литр спирттік ішімдіктер және 2,7 килограмм есірткі заттары тәркіленді. Өткен жылмен салыстырғанда ұтқыр байланыстың тәркіленген құрылғыларының саны 2,5 есе өсті», - деп түсіндірді ҚАЖК басқармасы бастығының орынбасары, әділет полковнигі Талғат Тойчин.
Режимдік объектілердің аумағына тыйым салынған заттарды алып өту қоғамдық қауіпті әрекет болып табылады, өйткені ол Колониялардағы құқықтық тәртіпке қол сұғып, жедел жағдайды тұрақсыздандыруға және жазаны өтеу режимі мен тәртібін бұзуға ықпал етеді. Осыған байланысты, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталғандардың туыстары мен ҚАЖ қызметкерлерінің тыйым салынған заттарды жеткізу арналарын болдырмауға және олардың жолын кесуге ерекше назар аударады.
Пенитенциарлық жүйенің барлық бөлімшелері арнайы жабдықтармен, оның ішінде рентгентелевизиялық қондырғылармен жабдықталған. Персоналды қоса алғанда, барлығы тексеруге жатады. Сотталғандарға келіп түскен сәлемдемелер, сауқаттар және бандерольдер мұқият тексеріледі.
Бұдан басқа, мекеме әкімшілігі полиция және Ұлттық ұлан қызметкерлерімен бірлесіп, мекемелерге іргелес аумақты патрульдеуді жүргізеді.