
Еліміздің қылмыстық-атқару жүйесінің сегіз мекемесінде демалыс бөлмелері, оңалту тренингтері мен компьютерлік сауаттылық курстары ашылады.
Аталған науқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі қылмысы жөніндегі басқармасы мен ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бірлескен бағдарламасын іске асыру шеңберінде іске қосылды.
Бағдарлама 2018 жылы Еуропалық Одақтың, Нидерланды Корольдігі Үкіметінің және БҰҰ контртеррористік орталығының қаржылық қолдауымен экстремистік және террористік бағыттағы қылмыстары үшін сотталғандармен жұмыс істеу әрекеттерін қолдау мақсатында құрылды. Қазақстан бас бостандығынан айыру орындарында зорлық-зомбылық экстремизмінің көріністеріне қарсы күрес бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, күш-жігерін арттыруда.
Қарағанды және Павлодар облыстарының сегіз пилоттық мекемесінде 4 мыңнан астам сотталған, оның ішінде экстремизм мен терроризм үшін 100-ден астам адам жазасын өтеуде.
Ағымдағы жылдың өзінде сотталғандарға компьютерлік курстар, демалыс бөлмелері және қажетті мүкәммалы бар балалар үй-жайлары қолжетімді болады. Сондай-ақ, «Дәнекерлеу ісінің шебері» жаңа мамандығын ашу жоспарлануда, оқу аяқталғаннан кейін сотталғандарға мамандық алғаны туралы сертификаттар беріледі. Жазасын өтеп жатқан әйелдерге бар оқыту бағыттарына қосымша визажист, педикюр және маникюр шеберлері курстары ұсынылатын болады.
«Мамандандырылған курстарды енгізу сотталғандарға босатылғаннан кейін қоғамға оңай және тез бейімделуге мүмкіндік береді. Бұған экстремистік және террористік бағыттағы қылмыстар үшін ұсталған азаматтар жатпайды, оларға кәсіптік-техникалық оқытудың орнына оңалту бағдарламаларына қатысу ұсынылады. Осы жаңалықтардың бірқатары БҰҰ ЕҚБ демеушілік қолдауымен іске асырылатын болады, өзара іс - қимыл шеңберінде халықаралық үкіметтік емес ұйым ҚАЖ қызметкерлеріне жетекші елдердің тәжірибесін зерделеуде бірнеше рет қолдау көрсетті, сол үшін біз оларға ризамыз», - деп атап өтті ҚАЖК төрағасы Жанат Ешмағамбетов.
Павлодар және Қарағанды облыстарының пенитенциарлық жүйесінің қызметкерлері кәсіптік оқытудан өтеді, лекторлар ретінде БҰҰ-ның сараптамалық қолдауымен әзірленген оқу модульдері негізінде Қостанай академиясының қызметкерлері қатарынан ұлттық жаттықтырушылар қатысады.