
Қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандардың басым көпшілігі жеке кәсіпкерлікке қызығушылық танытуда және олар пробация қызметінің есебінде тұрып, азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық көмекті алу мүмкіндігін белсенді пайдалануда.
Қазір олардың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады, кейбірі бетон өнімдерін шығарса, бірі шаштараз, компьютер жөндеу орталықтарын ашып жатыр. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз - тігін ісінің шебері. Ол осы қолөнердің қыр-сырын қайда және қалай игергені туралы айтып берді.
Сотталған Айбек есімді азамат 20жасында бұзақылықпен кісі өлтіргені үшін 8 жылға бостандығынан айырылды. Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген кезінде, мекемеде кәсіби білім алып, тігін шебері мамандығын игерген.
«Мен мектепте жақсы оқыдым деп айта алмаймын. Мінезім жастайымнан ауыр болды. Жоғары білім ала алмадым. Түзеу колониясына келгеннен кейін мен бұл мүмкіндікті жіберіп алмау үшін бар күшімді салуға тырыстым. Осылайша тігінші мамандығын таңдадым, маталардың түрлерін ажырата білуді үйрендім, өрнектерді боядым, фигураға сәйкес бұйымдарды бейімдедім. Диплом алғаннан кейін мекеме қызметкерлері мені қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өндірістік аймағындағы тігін цехына жұмысқа орналастырды. Мен кез келген тігін машинасын түзетуді, матамен жұмыс жасау кезінде инелер мен жіптердің санын таңдауды, тігісті түзетуді үйрендім. Бұл қаншалықты қорқынышты естілсе де, мен 2012 жылы колонияға түскен сәттен бастап, өз ісімді таптым деп айта аламын», - деп бөлісті сотталған.
«Еңбек-Қызылорда» РМК тігін цехы 2015 жылдан бастап қауіпсіздігі аралас ЗК-169/5 мекемесінің өндірістік базасында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мұнда 20 сотталған еңбекпен қамтылған, олардың кейбіреулері Айбек сияқты тігінші арнайы білім алды. Мекемеге тігуде базалық білімі барлар да келеді. Біз сотталғандарды олардың мінез - құлқы мен санасын түзетуге ықпал ететін барлық бастамаларда қолдауға тырысамыз», - дейді Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЗК-169/5 мекемесінің бастығы Қалымбетов Тасболат.
2019 жылы Қызылорда қаласы №2 сотының қаулысымен ҚР Қылмыстық кодексінің 73-бабына сәйкес жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеуге ауыстырылып, бұл азамат түзеу мекемесінен босатылып, пробация қызметіне есепке тұрды.
«Менің арманым-колониядан шығып, өз ісімді ашу болған еді. Осы арманымды іске асыру үшін қалалық пробация қызметкерлері әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетті және өтеусіз қаражат алуға көмектесті», - деп толықтырды Айбек.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында сотталған «Кәсіпкерлік негіздері» курсын аяқтап, бизнес жоспар құрып, 583 400 теңге көлемінде қаражат алды. Алынған сомаға тігін машинасын және басқа да қажетті жабдықты сатып алды, қазіргі уақытта тапсырыс бойынша киім тігіп жатыр.