Колонияларда электрондық терминалдардың жұмысы іске қосылды: 30 мыңнан астам адам ұсталып, 158 шағым түсті

Колонияларда электрондық терминалдардың жұмысы іске қосылды: 30 мыңнан астам адам ұсталып, 158 шағым түсті

ҚАЖ Комитеті сотталғандарға шағым беру үшін электрондық терминалдардың цифрлық сервисін енгізу бөлігінде пенитенциарлық жүйені жаңғырту бойынша жұмыстарды белсенді түрде жалғастыруда.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде пенитенциарлық жүйе мекемелерінде ұсталатын сотталған адамдардың құқықтары мен міндеттері жазылған.
Жазасын өтеп жүрген азаматтар кедергісіз заңгерлік, медициналық және психологиялық көмек алуға құқылы. Сондай-ақ оларға еңбек қауіпсіздігіне, әлеуметтік, зейнетақымен қамтамасыз етуге және жазаны өтеу жағдайларының нормаларын сақтауға кепілдік берілген.
«Біздің басты міндетіміз - сотталған адамдарды ұстау сапасын бақылау, оларды қайта әлеуметтендіру және оларға жазаны өтеудің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету», - деп атап өтті ҚР ІІМ ҚАЖК төрағасы Жанат Ешмағамбетов.
Сондай-ақ ҚАЖ комитетінің басшысы аталған терминалдардың қызметкерлер тарапынан орын алу мүмкін лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланған жағдайда олардың жолын кесуде және алдын алуда тиімділігін атап өтті.
«Жеке құрам тарапынан заңсыз іс-әрекет фактілері анықталған жағдайда, біз жедел-тергеу тобы мен прокуратура құрамында қызметтік тергеу жүргіземіз. Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны расталған жағдайда, бұл қызметкерлерге қатысты жұмыстан босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылады. Электрондық терминалдар сотталғандарға тікелей прокуратураға, ал кейіннен сотқа және өзге де құқық қорғау органдарына, сондай-ақ өзіндік қауіпсіздік бөліністеріне жіберуге мүмкіндік береді. Бұл рәсім шағымдарды қабылдау және оларды жедел өңдеу процесін едәуір жеделдетеді. Сондай - ақ, ҚАЖ мекемелерін бейнебақылау жүйелерімен толық қамтуды қамтамасыз ету күтілуде, бұл нақты уақыт режимінде уақтылы бақылауға және қызметкерлердің де, сотталғандардың да заңсыз әрекеттерін азайтуға мүмкіндік береді», - деп толықтырды ҚАЖК төрағасы.
Прокуратура органдары мен қылмыстық-атқару жүйесінің ақпараттық жүйелерін біріктіру ағымдағы жылдың 1 ақпанында аяқталды. Сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыруға шағымдар, өтініштер мен өтінішхаттар беру сервисі іске қосылды.
ҚАЖ-ды дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған жол картасына сәйкес барлығы 121 терминал сатып алынып, олар сотталғандар үшін қолжетімді, үздіксіз бейнебақылау жүргізілетін орындарда орнатылды.
Қазіргі уақытта ҚАЖ мекемелерімен сотталғандардың биометриялық деректерін тіркеу және осы терминалдарды пайдалану ережелерін түсіндіру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың күзінде құрамына ҚАЖК басшысы, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Орталық Азиядағы PRI бағдарламаларының өңірлік менеджері кірген делегация жұртшылықпен бірге Алматы облысындағы Заречный кентінің ҚАЖ мекемелеріне барып, терминалдардың жұмысын алғашқы рет іске қосып, көрсетті.
«Біз бас бостандығынан айыру орындарында бақылау жүргізетін қоғамдық-бақылау комиссияларымен және ұлттық алдын алу тетігімен тығыз өзара іс-қимыл жасаймыз. ҰАТ құрамына ҮЕҰ өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер, дәрігерлер және мекемелердің әкімшілігінен толық тәуелсіз және де басқа да тәуелсіз азаматтық тұлғалар кіреді. Олар мекемеге кедергісіз келіп, ұстауда отырған кез - келген адаммен сөйлесе алады», - деп түйіндеді төраға.
Сондай-ақ, сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсарту мақсатында 2019 жылдан бастап мамандандырылған «электрондық дүкендер» енгізілген. Мұнда тауарлардың 400-ден астам атауы ұсынылған. Тауарлар тізімі үнемі толықтырылып, кеңейтіліп отырады. Сотталғандар азық-түлік, киім, кітап, тыйым салынбаған тауарлар мен қызметтерге тапсырыс бере алады. Бұған сотталғандардың туыстары да қатыса алады – олар ҚР қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес сотталғандарға рұқсат етілген қандай да бір заттарды жеткізуге тапсырыс беруге құқылы.
Терминалдардың жұмысы іске қосылғаннан бастап өнеркәсіптік пайдалануға енгізілгенге дейін сотталғандар 26 өтініш пен 158 шағым жіберіп үлгерген.