
Сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті мекемелерінде жүйелі жүргізіліп келеді.
Бүгінгі таңда ЗК-169/5 мекемесінің өндірістік аймағында 11 кәсіпкер жұмыс жасап, сотталғандарды жұмыспен қамтып отыр. Сотталған азаматтар әк өндіру, газоблок, құм блоктарын өндіру, колөнер мен аяқ киім тігу, кірпіш өндірісі, пластик терезелер шығару, жалюзи дайындау, автокөліктерді жөндеу, жұмсақ жиһаз даярлаумен айналысады.
Жақында осы мекеменің өндірістік аймағында тағы бір жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта 4 сотталған қолөнер бұйымдарын жасайды. Олар қазіргі таңда сұранысқа ие ет салатын астау жасап жатыр.
«Алдымен астау жасауға қажетті ағаш түрін таңдап аламыз.Ол ағаш жай ағаш емес, қайың, терек немесе үйеңкі ағашынан болуы керек. Астауды ағаштан арнайы пышақ, шапқымен қашап аламыз. Астауды қалпына келтіріп, сыртына ою түсіріп сәндеп, жылқы майымен майлаймыз. Жалпы бір астауды жасауға шамамен бір аптадай уақыт кетеді»,- деп қазақтың ұлттық тағамын салатын астаудың ерекшелігімен бөлісті.
«Соттылығыма дейін ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын едім. Енді міне мекеме аумағынан қолөнер бұйымдарын жасайтын жұмыс орны ашылып жатыр. Қазіргі таңда ұлттық өнерге деген сұраныс жоғары, тапсырыстар өте көп, мерзімінде орындап беруге тырысамыз. Еңбекақымыз уақытылы төленіп жатыр», - деді сотталған.