Алматылық сотталғандар ҚазҰУ-де онлайн-курстан өтті

Алматылық сотталғандар ҚазҰУ-де онлайн-курстан өтті

Алматы қаласы бойынша ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған онлайн курстарды бітіргені туралы сертификаттар берілді.
Бұл жоғары оқу орны 2018 жылдан бастап бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын сотталғандардың білім алуын ұйымдастыруда жәрдем көрсетіп келеді. Жазасын өтеушілердің оқытудың жаңа технологияларын игеруіне және босатылғаннан кейін алған білімдерін пайдалануға ықпал етуіне университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановқтың үлесі зор.
Сотталғандардың білім алуы олардың қоғамда өз орнын табуға және ізгілендірілуіне айрықша ықпал етеді.
2020 жылы ЛА-155/6 және ЛА-155/18 мекемелерінен 20 сотталған онлайн білім алды. Мысалы, ЛА-155/6 түзеу мекемесінің кәмелетке толмаған сотталғандары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша курстарда оқыса, ЛА-155/18 тергеу изоляторында шаруашылық жұмыстарға жауапты сотталғандар «Менеджмент» мамандығы бойынша білім алды.
2018-2019 жылдары ҚАЖ мекемелірінде ұсталушылар «Корей тілі», «Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқығы», «Ықтималдық теориясы», «Механика», «Орта мектептердің жоғары сынып оқушыларына арналған қаржы» және «Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру» курстарында оқыды.
Қашықтықтан оқыту барысында ҚазҰУ мамандары барлық дәрістерді дискілерге жазып, толық оқуға мүмкіндік берді. Онлайн-курстар бойынша сабақ кестесі бекітіліп, онда жасақ бастықтары сотталғандардың орындаған жұмыстарын тексеріп, оларды ҚазҰУ оқытушыларына жолдап отырды.