
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Темір аудандық пробация қызметі аудандық жастар саясаты және дін істері орталығымен, сондай- ақ, «Шапағат» және «Ниет» еріктілерімен бірлесіп, II топтағы мүгедек балақай Жанруға тосын сый жасады.⠀
Қайырымдылық акциясына Пробация қызметі есебінде тұрған үш сотталған- еріктілер қатысты.⠀
«Пробация қызметі есепте тұрған азаматтарға мемлекеттік көмек көрсетіп қана қоймай, сотталғандардың әлеуметтік жағдайын үнемі қадағалап отырады. Осы ретте біз, есепте тұрған сотталған азаматша- Жанрудың жылқы жануарын жақсы көретінін және оған мінуді армандайтынын естіген кезде, балақайдың арманын орындап, оның кішкентай жүрегіне қуаныш сыйлауды жөн көрдік.⠀
Жалпы, мұндай іс - шаралар сотталған азаматтардың жүректеріне мейірім сыйлап, олардың қоғамға бейімделуіне көмектеседі», - дейді Темір аудандық пробация қызметінің бастығы, әділет майоры Ренат Жұмабаев.⠀
Күтпеген тосын сыйды көргенде арбада отырған кішкентай балақай Жанрудың жүзі қуанғаннан бал-бұл жайнап, арманындағы сәйгүлігіне қарай ұмтыла берді. Баланың анасы болса, көзіне жас алып тұрып, қайырымдылық акцияны ұйымдастырушыларға шын жүректен алғысын айтты.⠀