
Азаматтар күнделікті өмірде кездесетін мәселелер формалды түсіндіруді емес, қолжетімді әрі нақты құқықтық көмекті талап етеді. Бүгінде прокуратураның халықпен өзара іс-қимылының жаңа форматтары дәл осы қағидатқа негізделуде.
Еліміздің барлық өңірінде қоғамдық орындарда ұйымдастырылатын «Құқықтық дәріхана» мобильді консультациялық алаңдарының жұмысы жалғасуда. Мұнда азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша прокурорлар мен мемлекеттік органдар өкілдеріне тікелей жүгіне алады.
Тағы бір ауқымды формат – «Халық заңгері» республикалық акциясы. Ол мемлекеттік органдарды, адвокаттарды, нотариустарды және тәжірибелі заңгерлерді біріктіріп, 250-ден астам қала мен елді мекенде азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге мүмкіндік берді.
Мұндай акциялар қоғамдық диалогтың маңызды алаңына айналды.
Бұл жұмыс қоғамда «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатын дәйекті түрде ілгерілетудің бір бөлігі болып табылады. Оның мәні құқық бұзушылық үшін жауаптылықтың бұлтартпастығымен ғана шектелмейді. Ең алдымен ол құқықтық сананың жоғары деңгейін, заңға құрметті және әрбір азаматтың жауапты мінез-құлқын көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен Тәртіпті» мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаты ретінде қарастыру қажеттігін атап өтіп, бұл идеологияны қоғамдық орындар мен тұрмыстағы мінез-құлықтан бастап жол жүру мәдениетіне дейінгі күнделікті өмірдің барлық салалары үшін мызғымас бағдар деп белгіледі.
Қазіргі уақытта негізгі назар қарапайым құқықтық ақпараттандырудан практикалық профилактикаға ауысты. Жыл басынан бері елде «Заң мен Тәртіп» акциясы шеңберінде мемлекеттік органдар жаңа профилактикалық форматтар мен цифрлық технологияларды пайдалана отырып, шамамен 2,5 мыңнан астам іс-шара мен әлеуметтік бастама өткізілді.
Бас прокуратура Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп бастаған «Саналы ұрпақ» жобасы аясында тәуекел тобындағы кәмелетке толмағандарды уақтылы анықтауға және олармен атаулы жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін цифрлық профилактикалық карта қалыптастырылуда. Жыл басынан бері 15 мыңға жуық профилактикалық рейд өткізіліп, 3,5 мыңнан астам кәмелетке толмаған профилактикалық есепке қойылды. Нәтижесінде елдегі жасөспірімдер қылмысы шамамен 78%-ға төмендеді.
Сондай-ақ Бас прокуратура әкімдіктермен және полициямен бірлесіп нақты мекенжайлар, проблемалық нысандар мен тәуекел тобындағы адамдар бойынша атаулы профилактикаға негізделген «Айқын нәтиже» жобасын іске асыруда. Қауіпті учаскелер жарықтандырылып, бейнекамералар орнатылуда, алкогольді заңсыз сатуға шектеу қойылып, есірткі жарнамасы бар граффитилер мен қараусыз қалған нысандар жойылуда.
Мұндай нүктелік тәсіл нақты нәтиже беруде: ағымдағы жылдың 9 айында қылмыс деңгейі 14,6%-ға, қоғамдық орындарда – 22%-ға, көшелерде – 20%-ға төмендеді.
Өңірлерде де басқа профилактикалық шешімдер қолданылуда. Бұл ретте жастарға ерекше көңіл бөлінеді.
Алматы облысының Талғар ауданында «Тәлімгер» жобасы аясында прокуратура және ішкі істер органдарының 13 ардагері мектеп оқушылары мен студенттердің тәлімгеріне айналды. 36 интерактивті сабақ барысында 8 мыңға жуық жас нақты өмірлік мысалдар арқылы өз әрекеттерінің салдарын бағалауды және заң аясында әрекет етуді үйренді. Жобаға қатысқан оқу орындарында қылмыстық құқық бұзушылықтар сегізден нөлге дейін, ал әкімшілік құқық бұзушылықтар 35%-ға азайды.
Атырау облысында «5 минуттық құндылық» жобасы іске асырылуда. 235 мектепте сабақтың алғашқы минуттары құрмет, жауапкершілік, тәртіп пен адалдық мәселелеріне арналады. Тәрбие жұмысы бір реттік іс-шаралар түрінде емес, жүйелі негізде жүргізіліп, күнделікті білім беру процесінің бір бөлігіне айналған.
Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласындағы «Түсті маршрут» жобасы ЖИ көмегімен балалардың эмоционалдық жайсыздығын ерте кезеңде анықтап, ата-аналарды, педагогтерді, психологтарды және басқа да қызметтерді дер кезінде тартуға мүмкіндік береді.
Қызылорда облысындағы «Adal Bala» цифрлық платформасы анимациялық бейнероликтер, интерактивті тапсырмалар мен тесттер арқылы оқушылардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттырады. Ал ата-аналар мен мұғалімдер балалардың тәуекелдері мен эмоционалдық жағдайын бақылауға мүмкіндік алады.
Алматыда «Bilim Class» электрондық күнделігі арқылы тәрбиелік контент күн сайын 3 млн-нан астам оқушыға қолжетімді. Оқушылар күнделікті ашқан сайын дұрыс мінез-құлық моделі мен құндылықтарды қалыптастыратын интерактивті карточкаларды көреді.
Балалар суицидінің алдын алуға бағытталған «Sim Kids» жобасы аясында «Tele2/Altel»-мен бірлесіп 75 мыңнан астам пайдаланушы зиянды контенттен қорғайтын функциясы бар SIM-карталармен қамтамасыз етілді.
Елдің білім беру ұйымдарында прокуратура тарихы, құқықтанудың өзекті мәселелері мен қадағалау қызметі туралы кітаптар мен журналдар жинақталған 40-тан астам «Болашақ прокурорлар клубы» және «Болашақ прокурор кеңістігі» ашылды.
Мұндай тәсіл Президенттің базалық өмірлік ұстанымдар мен моральдық бағдарлар дәл отбасы мен мектепте қалыптасатыны туралы ұстанымымен үндеседі.
Барлық осы бастамаларды бір қағидат біріктіреді – құқық бұзушылықтың жасалуын күтпей, оған алып келуі мүмкін себептер мен жағдайларды алдын ала жою.
Сонымен бірге «Заң мен Тәртіп» мемлекеттік органдардың қызметінен басталмайды.
Бұл – күнделікті өмірдегі қарапайым қағидаларды сақтау: жолда және қоғамдық орындарда тәртіпті болу, отбасында және ұжымда өзгенің құқығын құрметтеу, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау және кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік таныту.
Бас прокуратура азаматтарды мынаны есте ұстауға шақырады: Заң мен Тәртіп әрқайсымыздан басталады. Заңға құрмет, өз іс-әрекетіне жауапкершілік және құқық бұзушылыққа төзбеушілік күнделікті мінез-құлық нормасына әрі қоғамның ортақ құндылығына айналуға тиіс.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Олар заңнама нормаларының конституциялық-құқықтық мағынасын айқындап, оларды дұрыс қолданудың бағдарларын белгілейді.
Оларды орындау адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарының нақты іске асырылуын қамтамасыз етуге, құқықтық олқылықтарды жоюға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Прокуратура органдары Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын түсіндіру, олардың іске асырылуын бақылау және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
2026 жылдың 9 айында қабылданған шаралардың нәтижесінде 917 азаматтың құқықтары қалпына келтіріліп, прокурорлық қадағалау және ден қоюдың 130 актісі енгізілді, азаматтарға 1 883 045 теңге өтелді, жұмыста үш сағаттан астам уақыт болмағаны үшін бұрын жұмыстан шығарылған 18 адам қызметіне қайта орналастырылды.
Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын іс жүзінде іске асыру заңнаманың нақты бұзушылықтарын жоюға және азаматтардың конституциялық құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған.
Мәселен, зейнетақымен қамсыздандыру құқығы мәселелері жөніндегі Конституциялық Соттың 2026 жылғы 18 мамырдағы № 79-НҚ нормативтік қаулысында Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрудың өзі заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындаудан бас тартуға немесе оларды тоқтатуға негіз бола алмайтыны түсіндірілді.
Осы нормативтік қаулыны орындау шеңберінде Жетісу облысының прокуратурасы Қазақстан азаматының шетелге тұрақты тұруға көшуіне ғана байланысты зейнетақы төлемдерінің тоқтатылғанын анықтады. Қабылданған прокурорлық ден қою шаралары нәтижесінде оның құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.
Бұдан басқа, 2026 жылғы 18 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы аталған нормативтік қаулыға негіз болған өтініш иесінің талап қоюын қанағаттандырды.
Сот актісі зейнетақы төлемдерін жүзеге асыратын орталықтың тиісті бөлімшесіне орындау үшін жолданды. Ал прокуратура «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымын түсіндіретін хат жолдап, мәселені толық орындалғанға дейін бақылауға алды.
Баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы сот шешімдерін мәжбүрлеп орындату кезінде жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу мәселесіне қатысты Конституциялық Соттың 2026 жылғы 11 маусымдағы № 86-НҚ нормативтік қаулысында сот шешімі өз пайдасына шығарылған ата-анаға негізсіз қосымша шығындар жүктеуге жол бермеу, оның құқықтары мен баланың мүдделерін нақты қорғауды қамтамасыз ету қажеттігі көрсетілген.
Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымын іске асыру шеңберінде Шымкент қаласының прокуратурасы сот шешімдері өз пайдасына шығарылған ата-аналардан осындай шығындардың өндірілген фактілерін анықтады. Қабылданған шаралар нәтижесінде үш азаматқа 249 750 теңге өтелді.
Осындай заң бұзушылықтар Астана қаласында және Солтүстік Қазақстан облысында да анықталды. Прокурордың наразылығы бойынша заңсыз қаулының күші жойылып, жеке сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Бұзылған құқықтарды қалпына келтіру жөніндегі практикалық шаралармен қатар прокуратура органдары түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Есепті кезеңде өңірлерде 32 семинар, 131 кездесу және 48 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, 183 дәріс оқылды, 46 ақпараттық хат жолданды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде 522 түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында 116 материал жарияланды.
Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын жүйелі түрде түсіндіру және іске асыру заңдылықты нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауға ықпал етеді. Бұл - Конституцияның үстемдігін орнықтыруға және құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған ортақ міндет.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Қазақстан спорттық ату федерациясының төрағасы Берік Асылов Жапонияда өтіп жатқан Азия пара ойындарында алтын медаль жеңіп алған қазақстандық спортшы Еркін Ғаббасовты құттықтады.
Пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтыққа ату сайысында Еркін 249,1 ұпай жинап, жарыстың жаңа рекордын орнатты және Оңтүстік Кореяның мықты қарсыластарын басып озды.
Бұл жеңіс Қазақстан қоржынына алтын медаль ғана емес, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына да жолдама әкелді.
Берік Асылов чемпионды жоғары жетістігімен құттықтап, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғағаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ спортшылардың сапалы дайындалуына қажетті жағдай жасау, оның ішінде оларды ең заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Әңгіме барысында Еркін Ғаббасов Федерация басшысына тұрақты көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді. Спортшы әсіресе Берік Асылов биылғы тамыз айында чемпионатқа дайындық қарсаңында табыстаған WALTHER LG500 ITEC BTE кәсіби пневматикалық винтовкасын ерекше атап өтті.
Заманауи спорттық қару жаттығу үдерісінде және жауапты халықаралық жарыстарға дайындық барысында маңызды қолдау болды.
Айта кетейік, Еркін Ғаббасов бұған дейін Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған. Ал қазіргі алтын медаль мен жаңа рекорд оның жоғары шеберлігінің, табандылығы мен мақсаткерлігінің кезекті дәлелі болды.
Еркін Ғаббасовты, оның жаттықтырушыларын және ұлттық құрама мүшелерін лайықты жеңісімен құттықтаймыз!
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында өткен халықаралық дөңгелек үстелде киберқылмыстың қазіргі үрдістері және цифрлық қылмыстарды тергеудің жаңа тәсілдері талқыланды.
Іс-шараны ашқан Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров киберқылмыстың трансшекаралық сипатын ескере отырып, құқық қорғау органдары мен халықаралық әріптестердің күш-жігерін біріктірудің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ құқықтық тетіктерді жетілдірудің және жаңа сын-қатерлерге тиімді ден қоя алатын мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараға Бас Прокурор Аппаратының басшысы Алмаз Мұхаметжанов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің, құқық қорғау органдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Талқылауға Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан мамандары онлайн форматта қосылды.
Қатысушылар цифрлық кеңістіктегі өзекті қауіптер, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып қылмыс жасаудың жаңа тәсілдері, сондай-ақ оларды анықтау мен тергеу тиімділігін арттыру шаралары жөнінде пікір алмасты.
Құқық қолдану практикасын жетілдіру, цифрлық дәлелдемелерді жинау, бекіту және пайдалану, киберқылмысқа қарсы іс-қимылды нормативтік-құқықтық реттеу, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жүйесін дамыту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағыттары айқындалды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Прокуратура сот актілерінің заңдылығына тұрақты қадағалауды жүзеге асырып, қылмыстық процестің барлық кезеңдерінде мемлекеттің мүдделерін тұрақты түрде қорғайды.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот контрабандалық тауарлардың құнын өндіріп алу мәселесінің дұрыс шешілмеуіне байланысты прокуратура енгізген наразылықты қанағаттандырды.
Анықталғандай, 2024 жылдың қаңтарынан тамызына дейін, сотталған он адам, алдын ала сөз байласу арқылы, адамдар тобымен әрекет ете отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы темекі өнімдерін кедендік бақылаудан жасырып, бірнеше рет өткізген. Тауардың жалпы құны 7,3 млрд теңгені құраған.
Сот үкімімен кінәлі адамдар экономикалық контрабанда жасағаны үшін сотталған. Алайда мемлекетке келтірілген залал өндірілмей қалған.
Наразылықты қарау нәтижесінде кассациялық сот сотталғандардан мемлекет кірісіне 7,3 млрд теңгеден астам қаражатты ортақ тәртіппен өндіріп алу туралы шешім қабылдады.
Осылайша, қылмыстық әрекеттер нәтижесінде алынған қаражаттың бюджетке қайтарылуы қамтамасыз етілді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бас прокуратура хабарландыруларды орналастыруға арналған онлайн-платформалармен тұрақты түрде байланысорнатып, өзара іс-қимылды жүзеге асыруда.
«Kolesa Group» компаниясымен бірлескен жұмыс аясында жарнама алаңдарында азаматтарды алдау үшін пайдаланылған 1 мыңнан астам алаяқтық аккаунт пен хабарландыру бұғатталды.
Өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мақсатында Бас прокуратура мен «Kolesa Group» интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар ақпаратпен жедел алмасып, қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысында қажетті деректерді ұсынып, сондай-ақ алаяқтық аккаунттар мен хабарландыруларды бұғаттау жөнінде шаралар қабылдайтын болады.
Бұл қылмыстарға қатысы бар адамдарды неғұрлым жылдам анықтауға және олардың қылмыстық әрекеттерінің жолын кесуге мүмкіндік береді.
Бас прокуратура жарнама алаңдарының пайдаланушыларын өз аккаунттары мен деректерін алаяқтарға берудің жауаптылығы туралы ескертеді.
Егер олардың қандай мақсатта пайдаланылатынын білмесеңіз, басқа адамдардың өтініші бойынша есептік жазбалар ашып, хабарландырулар орналастырмаңыз.
Мұндай жағдайда аккаунт иесі алаяқтыққа көмектесуші ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Бұл үшін 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы психотроптық заттарды заңсыз өндірумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топты ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
Тергеумен күдіктінің Алматы қаласы мен Қазақстанның басқа да аумақтарында мефедрон өндірумен және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық еткені анықталды.
2021 жылдан бастап ол ақшалай қаражатқа мұқтаж адамдарды қылмыстық әрекетке тартып отырған. Қатысушылар психотроптық заттарды өндіру, тасымалдау, өлшеп-орау және тарату бойынша әртүрлі міндеттерді атқарған, ал олардың әрекеттері Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестірілген.
2024 жылы ұйымдастырушының нұсқауы бойынша Алматы қаласында бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Олардың бірінде психотроптық заттарды өндіру барысында екі қатысушы ауыр химиялық улануға ұшырап, қайтыс болған.
Осыған қарамастан, жаңа орындаушыларды тарта отырып, қылмыстық әрекет жалғастырылған.
2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция қызметкерлері зертханалардың бірінің қызметін тоқтатты. Тінту барысында 24 кг-нан астам химиялық заттар, жабдықтар, қорғанышқұралдары мен дайын өнім табылды.
2025 жылғы шілдеде күдікті Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Елге экстрадицияланды.
Бүгінгі күні ол тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Жасөспірімдер арасында кеудеге жұдырықпен соғу кейде әзілге, өзара қарым-қатынасты анықтау тәсіліне, «жазаға» немесе күшін көрсетуге айналып жатады.
Алайда мұндай бір ғана соққының өзі орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін.
Көзге көрінетін жарақат болмаса да, кеуде қуысына қатты соққы сирек жағдайларда жүрек ырғағының қауіпті бұзылуына және жүректің кенеттен тоқтауына әкелуі мүмкін. Медицинада бұл құбылыс commotio cordis, яғни жүректің соққыдан зақымдануы деп аталады.
Сондықтан кеудеге соққы жасауды әзіл ретінде де, «жаза» ретінде де, төзімділікті сынау мақсатында да қауіпсіз деп санауға болмайды.
Салдары қайғылы болуы мүмкін: бір соққы – есінен тану – жүректің тоқтауы – өлім.
Мұндай әрекет жасөспірімнің өзі үшін де қайғылы жағдайға ғана емес, елеулі құқықтық салдарға да әкеп соғуы мүмкін.
Бас прокуратураның бастамасымен кәмелетке толмағандарға мұндай физикалық күш қолданудың нақты қаупін түсіндіруге бағытталған арнайы әлеуметтік бейнеролик әзірленді.
Алғашқы көмек көрсету қағидаларын да білу маңызды: егер соққыдан кейін адам есінен танып, қалыпты тыныс алмаса, дереу жедел жәрдем шақырып, жүрек-өкпе реанимациясын бастау және қолжетімді болса, автоматты сыртқы дефибрилляторды пайдалану қажет.
Кеудеге соққы берме! Бір ғана соққы жүректі тоқтатуы мүмкін.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Өскемен қаласында мемлекеттік айыптаушылардың үшінші республикалық форумының қорытынды сессиясы басталды. Онда жасанды интеллектті қолдану арқылы мемлекеттік айыптау институтын жетілдірудің өзекті мәселелерін, сондай-ақ жеке адамға қарсы қылмыстар және есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық істер бойынша айыпты қолдаудың практикалық ерекшеліктерін талқылау жоспарлануда.
Форум жұмысына Шығыс Қазақстан облысының судьялары, заңгер-ғалымдары, адвокаттары және еліміздің барлық өңірлерінен келген мемлекеттік айыптаушылар қатысуда.
Форум сессиясын Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев ашып, қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарын сақтаудың айрықша маңыздылығын, сондай-ақ тағайындалған жазаның бұлтартпастығы мен әділдігі қағидаттарын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Форумда жасанды интеллект элементтері бар «Мемлекеттік айыптаушы» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе соттарда мемлекеттік айыптаушылардың тиімді цифрлық көмекшісіне айналуға тиіс.
Осы бағытты цифрландырудың ерекше маңызы – қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын қорғау және заң үстемдігі қағидатын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ форумда судьялар, адвокаттар, тәжірибелі-заңгерлер, прокурорлар, полиция қызметкерлері және сот сараптамалары институтының сарапшылары жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктері, жеке адамға қарсы қылмыстар және есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз айналымына байланысты істер бойынша сот ісін жүргізудің проблемалары мен ерекшеліктері туралы баяндама жасайды.
Екі күн бойы форум қатысушылары көтерілген өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасып, практикалық шешімдерімен бөліседі.
Форум қорытындысы бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында көтерілген проблемаларды шешуге және мемлекеттік айыптау саласындағы цифрлық шешімдерді одан әрі дамытуға бағытталған нақты ұсынымдар әзірлеу жоспарлануда.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот мүлікті тәркілеу мәселесінің дұрыс шешілмеуіне байланысты енгізілген Бас прокуратураның наразылығын қанағаттандырды.
Іс бойынша азамат «М» жекелеген адамдарға қамқорлық жасағаны үшін 12 млн теңге көлемінде заңсыз сыйақыны бірнеше рет алғаны анықталды.
Сот үкімімен ол нақты бас бостандығынан айыруға сотталды. Алайда заңсыз алынған ақша қаражатын өндіріп алу мәселесі шешілмеген.
Прокуратураның наразылығы бойынша кассациялық сот бұл мәселені қайта қарауға жатады деп танып, «М»-нен мемлекет кірісіне 12 млн теңге өндірді.
Ағымдағы жылы Бас прокуратураның барлығы 7 наразылық қанағаттандырылып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының нәтижесінде алынған 50 млн теңгенің мемлекет кірісіне өндірілуі қамтамасыз етілді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі