Прокуратура органдарында жолданымдарды қарау туралы

Прокуратура органдарында жолданымдарды қарау туралы

Жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын жан-жақты, сапалы қарау, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру прокурорлар жұмысының басты басымдықтарының бірі болып табылады.

Көбінесе прокуратура органдарына тергеу және анықтау органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне, олар шығарған процестік шешімдерге, қылмыстық және азаматтық істер бойынша сот актілерімен келіспеу туралы, тексерулер жүргізу кезінде құқықтардың бұзылуына, сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне), тұрғын үй қатынастары аясында, жер заңнамасы саласында туындайтын бұзушылықтарға қатысты шағымдармен, сондай-ақ қылмыс жасалғаны туралы арыздармен жүгінеді. 

Статистикаға сүйенсек, жағдай мынадай:

А.ж. 2 айында прокуратура органдарына 70 мыңнан астам жолданым келіп түсті, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14%-ға артық, оларды қарау нәтижесінде 4,8 мыңға жуық арыз иесінің құқығы қорғалған.

«Прокуратура туралы» Конституциялық заңға сәйкес прокуратура басқа мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды.

Прокуратура мемлекет атынан заңда белгіленген шектерде және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады.

Сондай-ақ азаматтардың назарын прокурордың қатысуынсыз қаралған азаматтық істер бойынша сот актілеріне шағымдарды (мемлекеттің, қоғамның немесе өзін өз бетінше қорғай алмайтын міндетті емес санаттағы азаматтардың мүдделері қозғалмайтын) прокурорлардың қарау тәртібіне аударғымыз келеді.

 Алайда іс жүзінде аталған мәселелер бойынша азаматтар прокуратура органдарына жүгінеді және жеке қабылдауды сұрайды. Бұл мәселелерді  қарау прокуратураның құзыретіне жатпайтындықтан, олар бойынша дәлелдерді қанағаттандырудан бас тартылады.

Дегенмен Азаматтық процестік кодекске (АПК) сәйкес прокурорлар мемлекет пен қоғамның, өз құқықтарын өз бетінше қорғауға қабілетсіз адамдардың мүдделері қозғалатын соттардың шешімдеріне, сондай-ақ заңмен белгіленген немесе сот прокурор қатысу қажет деп таныған кезде шағымдарды қарайды.

Сондықтан жеке-құқықтық даулар бойынша тараптар даулы сот актілеріне сотқа дербес шағымдануы тиіс.

Мысалы, мынадай сот актілеріне жасалған шағымдар Бас прокуратураның қарауына жатады:

- азаматтық істер бойынша, сот актілері заңды күшіне енген, 6 ай шағым жасау мерзімі шегінде және арыз иесінің кассациялық сатыға жүгіну құқығын іске асырғаннан кейін ғана (мемлекеттің мүдделерін қозғайтын, адамдардың шектеусіз тобын, қоғамдық мүдделерді немесе өзін өз бетінше қорғай алмайтын азаматтарды қорғау талап етілгенде, сондай-ақ прокурордың қатысу қажеттігін сот мойындаған кезде);

- әкімшілік істер бойынша ӘРПК-нің 31-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік істер бойынша кассациялық сатының қаулыларына шағымдар арыз иесі Жоғарғы Сот Төрағасына жүгіну құқығын іске асырғаннан кейін 3 ай шағым жасау мерзім шегінде қаралады, бұл  –  салық, кеден, бюджеттік қатынастарға, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстар, сайлау заңнамасы және т.б. байланысты істер.

Келесі шағымдар Бас прокуратураның қарауына жатпайды:

- сотта қаралатын істер бойынша;

- даудың санатына қарамастан соттардың заңды күшіне енбеген шешімдері (соттарға жолдануы тиіс);

- істердің «міндетті емес санаты» бойынша (яғни жеке-құқықтық, корпоративтік даулар және т.с.с);

- арыз иесі сот актілеріне Жоғарғы сотқа дау айту құқығын іске асырмаған істердің міндетті санаты бойынша (АПК-ның 442-бабының 4-бөлігі);

- азаматтық істер бойынша 6 айлық және әкімшілік істер бойынша 3 айлық мерзімді өткізіп алған жағдайда заңды күшіне енген сот актілеріне;

- судьялардың әрекеттеріне шағымдар (ведомстволық бағыныстылығы бойынша соттарға жолданады).

Қылмыстық істер бойынша сот актілеріне шағым жасау кезінде Бас прокуратура:

- істі тергеу немесе сотта қарау кезінде Конституциялық құқықтардың бұзылуына не қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарының дұрыс қолданылмауына жол берілген заңды күшіне енген сот актілері бойынша ғана қарастырады.

Қарауға жатпайды:

- айыптау актісімен сотқа берілген қылмыстық істер бойынша шағымдар (ҚПК-нің 305-бабының 3-бөлігі);

- үкімді орындауға байланысты мәселелер бойынша сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы;

- егер берілген өтінішхат ҚПК-нің талаптарына сәйкес келмесе, яғни қандай заң бұзушылыққа жол берілгені және бұл бұзушылықтар шығарылған сот шешімдерінде қалай көрініс тапқаны көрсетілмесе, өтінішхат дәлелдерінің негізділігін растайтын материалдар қоса берілмесе және т.б. (ҚПК-нің 488-бабы, ҚПК-нің 486, 489-баптары негізінде). Мұндай өтінішхаттар прокуратура органдарына келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей қараусыз қайтарылады;

- егер ҚПК-нің 487-бабында көзделген кассациялық наразылық мерзімі, яғни олар заңды күшіне енгеннен кейін бір жыл өткен болса.

Егер жолданым прокуратураның құзыретіне жатпаса, онда ол тікелей уәкілетті органға жолдануы тиіс.

Тек ағымдағы жылы прокуратураға келіп түскен барлық жолданымдардың 54%-ы (38 мың) басқа ведомстволарға жолданды. Бұл негізінен жер мәселелері, тұрғын үй-шаруашылығы саласы, еңбек заңнамасы, денсаулық сақтау, білім беру сапасы, сот шешімдерін орындамау, банктер алдындағы кредиттік міндеттемелерді орындау  бойынша.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, арыз иесі ең алдымен қай органға жүгіну керектігін анықтауы тиіс. Егер мәселе нақты ауданға қатысты болса, онда аудандық прокуратураға жүгіну қажет. Егер мәселе аудандық деңгейде шешілмесе және аудан немесе қала прокурорының жауабы болса, онда облыс прокуратурасына жүгіну керек.

Бас прокуратураға жүгіну үшін де осындай талаптар қойылады, яғни облыс прокурорының жауабы болу керек.

Бұл – вертикаль қағидаты, ол Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарымен сәйкес келеді.

Бүгінгі таңда жолданым берудің бірнеше тәсілдері бар:

Жеке – прокуратураға келіп, жолданым қалдыруға болады. Өзімен  бірге жеке куәлік (мобильді қосымшадағы цифрлық құжат болуы мүмкін) және егер бар болса, арыз иесінің сөздерін растайтын басқа құжаттар болуы маңызды.

Пошта арқылы және «e-otinish» АЖ немесе оның мобильді қосымшасы арқылы. Қазір бұл қызмет көрсетудің кең таралған және жылдам тәсілдерінің бірі. Ол үшін интернет және ЭЦҚ болуы керек.

Электрондық түрде жолданым беру нәтижесінде, яғни «е-Otinish» АЖ арқылы мемлекеттік органдар мен халық арасындағы қашықтық қысқартылды, өзара іс-қимылдың жеделдігі артты.

Азаматтар жолданымдарды жеңіл әрі жылдам жолдап, жауап ала алады.

Жолданым адресатқа бұрынғыдай  поштамен 3-5 күнде емес бірнеше минутта жететін болды.

Арыз иесінің жеке кабинетінде оның жолданымы кімнің қарауында екендігін көруге болады және оған жауапты да сол жерден табуға болады.

Мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері мен шешімдеріне қатысты жолданымдарды қарау мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды (ӘРПК бойынша), нақты мән-жайларды анықтау және мемлекеттік органдардан қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайда,  арыз иесін хабардар ете отырып, басшылықтың уәжделген хаты бойынша қарау мерзімі  екі айға дейін ұзартылуы мүмкін.

Егер арыз иесі прокурордың шешімімен келіспесе, жоғары тұрған прокурорға шағымдануға құқылы.

Яғни аудан прокурорының жауабына көңілі толмаса, облыс прокуратурасына шағымданады, оған облыс прокуроры орынбасарының қолы қойылған жауап алады.

Егер бұл жағдайда да келіспесе, онда облыс прокуроры орынбасарының жауабына облыс прокуратурасына шағым жасай алады, бұл жағдайда облыс прокурорының қолы қойылған жауап алады. Осыдан кейін ғана облыс прокурорының жауабына Бас прокуратураға шағымдануға болады.

Жалпы прокуратура органдары азаматтардың мәселелерін шешуге бағытталған және олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауға және қалпына келтіруге жәрдемдесу үшін барынша ашық.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі