Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Анкарада өткен Түркі Мемлекеттері Ұйымының Бас прокурорлар кеңесіне қатысты

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Анкарада өткен Түркі Мемлекеттері Ұйымының Бас прокурорлар кеңесіне қатысты

Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының Бас прокурорлар кеңесі «Халықаралық құқықтық көмек саласындағы елдердің құқықтық нормалары мен тәжірибесі, сын-тегеуріндері мен шешімдері» тақырыбында жұмысын бастады.

Іс-шара басталар алдында бас прокурорлар Түркия Республикасының Тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесіне гүл шоқтарын қойып, оның рухына тағзым етті.

Жалпы, Түркі мемлекеттерінің ұйымына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдері өкілдік етуде. Ал, Венгрия мен Түрікменстан бақылаушылар ретінде қатысуда.

Кеңестің негізгі мақсаты - бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, ынтымақтастық пен өзара қарым-қатынас мәселелерін кеңейту, сондай-ақ Ұйымға мүше-мемлекеттердің әлеуетін дамыту болып табылады.

Қазақстандық қадағалау органының басшысы Берік Асылов өз сөзінде қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық ынтымақтастық, активтерді қайтару, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күрес, сондай-ақ прокуратура қызметіндегі цифрландыруды дамыту бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры  Ұйымның Бас прокурорлар кеңесі қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдауды ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша қадағалау органдарының басшылары өңірлік қатерлерге қарсы іс-қимылда күш-жігерді біріктіру қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.

Берік Асылов сондай-ақ Түркия Республикасының Әділет министрі Йылмаз Тунч мырзамен және Бас прокуроры Бекир Шахин мырзамен екіжақты кездесулер өткізді, онда өзара құқықтық көмек көрсетудің өзекті сұрақтары, соның ішінде активтерді қайтару және халықаралық іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялау мәселелері талқыланды. Тараптар екі елдің ведомстволары арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілетуге және нығайтуға ортақ ниет білдірді.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі