
Қазақстан Бас прокуратурасының қызметкерлері мен Корея Республикасы Әділет министрлігінің өкілдері қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесуге Қазақстан Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері де қатысты.
Шетелдік сарапшылар делегациясын Әділет министрлігі Халықаралық ынтымақтастық бөлімі директорының орынбасары Юн Ки Сан басқарды.
Іс-шара барысында екі ел арасындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндігі, өзара іс-қимылды тереңдетудегі практикалық қадамдар, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелер талқыланды.
Бас прокуратураның Қызмет бастығының орынбасары Руслан Райханов Корея Республикасының Әділет министрлігімен қалыптасқан қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, көрсетілген құқықтық көмек үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде, шетелдік қонақтар бұл кездесу көптеген мәселелерді талқылауға мүмкіндік бергенін және құқықтық саладағы екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға қызығушылық білдіргенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аталған бағытта белсенді байланыстарды қолдауға дайын екендіктерін растады.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі