
29.08.2017ж., Астана қ. Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Бас прокуратура ғимаратында салтанатты жиналыс өтті.
Бас Прокурор Жақып Асанов конституциялық нормалардың зор әлеуетін, оның уақыт сынағынан сүрінбей өтіп, еліміздің гүлденуі мен дамуында, сенімді экономикалық өсуін қамтамасыз етуіндегі елеулі үлесін атап өтті.
Ж. Асанов: «Әрине, әлемнің ежелгі Конституциялары секілді біздің Конституциямыздың ғасырлық тарихы жоқ. Дегенмен атқарылған міндеттерінің көлемі бойынша біздің Конституция олармен терезесі тең келеді» - деді.
Бас Прокурор Конституцияның кепілі - Қазақстан Республикасы Президентінің ролін ерекше атап өтті. Ол Елбасының сенімді әрі бірізді саясатының арқасында еліміздің беделі халықаралық алаңда нығайғаны жайлы айтты.
Жақып Асанов конституциялық реформа мен «Прокуратура туралы» жаңа Заңын қабылдау аясында прокуратура органдарының алдында тұрған міндеттерге тоқатала кетті. Ол бұл реформалар прокуратураның құқық қорғау әлеуетін күшейтуге бағытталғанын айтты.
Айтулы мерекенің құрметіне орай қызметін мүлтіксіз орындағаны үшін Бас прокуратураның бірқатар қызметкерлері құрмет грамоталары мен ведомстволық медальдармен марапатталды.
Жиын соңында Бас Прокурор барлығына мықты денсаулық, бейбітшілік пен татулық тіледі.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі