2020 жылғы 29 желтоқсанда Нұр-Cұлтан қаласы Есіл ауданының №2 соты (бұдан әрі-сот) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының (бұдан әрі - БП) өтініші бойынша ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының азаматы Рүстем Тұрарұлы Тұрсынбаевқа, 02.07.1962 жылы туыған, қатысты №10710104700018 сотқа дейінгі іс жүргізу материалдары бойынша үкім шығарылғанға дейін заңсыз жолмен алынған мүлікті тәркілеу туралы қаулы шығарды.
2021 жылғы 14 қаңтарда осы қаулы заңды күшіне енді.
Сот қаулысына сәйкес Швейцария Конфедерациясының «Banque Nationale Suisse» банкіндегі 9 661 948,79 еуро және 2 448 977,48 АҚШ доллары сомасындағы ақша қаражаты тәркіленуге жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі-ҚПК) 672-бабына сәйкес соттың тәркілеу туралы қаулысына ҚПК-те көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Р.Т.Тұрсынбаевтың Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуына және оның орналасқан жері туралы ақпараттың болмауына байланысты ҚПК-нің 205-бабына сәйкес сот отырысы туралы хабарлама 2020 жылғы 23 қарашада БП-ның ресми сайтында және «Фейсбук» әлеуметтік желісінің парақшасында жарияланды.
Р.Т.Тұрсынбаев келісілген уақытта соттың онлайн отырысына қатыспауына байланысты оның мүдделерін тағайындалған қорғаушы білдірді.
Соттың осы қаулысы Біріккен Ұлттар Ұйымының трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясына (Палермо, 2000 ж.), Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына, қылмыстық қызметтен кірістерді жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияға (Страсбург, 1990 ж.) сәйкес оны орындау үшін Швейцария Конфедерациясының құзыретті органдарына жіберіледі.
Сот қаулысы қоса беріліп отыр.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы