Нұр-Сұлтан, 27.05.2022ж. Бас Прокурордың төрағалығымен ведомствоаралық кеңес өткізілді, онда Президенттің экономиканы монополиясыздандыру және жымқырылған активтерді шетелден қайтару жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселесі қаралды.
Оның жұмысына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Қаржы мониторингі агенттіктерінің, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің басшылары қатысты.
Берік Асылов Құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың белгіленген бағыттарда жүргізіп жатқан жұмыстарының басымдығы мен өзектілігіне назар аударды.
Бас Прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов, сондай-ақ құқық қорғау органдардың басшылары баяндама жасады. Қатысушылар келісілген шаралар қабылдаудың және тергеудің халықаралық стандарттарын қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Резонанстық қылмыстық істерді тергеу барысы және қылмыстық кірістерді заңдастыруға байланысты қылмыстарды, оның ішінде оларды шетелге шығару арқылы анықтау мен ашудың тиімділігін арттыру мақсатында FATF ұсынымдарына сәйкес тергеу бөлімшелерінің қызметкерлерін оқыту бойынша жүргізілетін іс-шаралар талқыланды.
Сондай-ақ, осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін, оның ішінде Бас прокуратура әзірлеген алгоритмдер мен әдістемелік ұсынымдарды қолдана отырып, қабылдануы қажет қосымша шаралар қаралды.
"Әрбір қылмыстық іс бойынша тергеу органымен бірлесіп, заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару бойынша нақты іс-қимыл жоспары әзірленуі тиіс. Сонымен қатар, қатарлас қаржылық тергеу институтын енгізуді жандандырыңыз", - деп тапсырды Бас Прокурор.
Кездесу қорытындысы бойынша жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешені әзірленді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі