Прокуратура органдарындағы бюрократиядан арылту туралы

Прокуратура органдарындағы бюрократиядан арылту туралы

Ағымдағы жылғы 23 сәуірде Бас Прокурор Берік Асылов құқық қорғау органдарының жұмысын автоматтандыруға бағытталған цифрлық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.
Электрондық қылмыстық іс (Е-ҚІ), «Әкімшілік ісжүргізудің бірыңғай тізілімі» (ӘІБТ), «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ), «Электрондық өтініштер» (е-Өтініш), «Талдау орталығы» (ТО) және құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесі (ҚАО ААЖ) цифрлық жобаларының мүмкіндіктері көрсетілді.
Бас прокуратура барлық жобаларының халық үшін де, құқық қорғау органдары мен мемлекет үшін де артықшылықтары мол.
Атап айтқанда, Е-ҚІ жүйесі қылмыстық процестің ашықтығын қамтамасыз етеді, істер материалдарына және деректердің бұрмалану фактілеріне онлайн қолжетімділік бар.
Қылмыстық процестің барлық қатысушылары электрондық қылмыстық істердің материалдарымен шынайы уақыт режимінде қашықтан таныса алады. «Offline-қосымша» куәлар мен жәбірленушілерден тікелей қылмыс орнында жауап алуға мүмкіндік береді, бұл процеске қатысушылар үшін өте ыңғайлы – полиция бөлімдеріне барудың және уақыт жұмсаудың қажеті жоқ.
ӘӨБТ жүйесі азаматтарға айыппұлдарды жылдам әрі ыңғайлы төлеуге, сондай-ақ адам факторын болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Өткен тоқсанда шамамен 2 млн-нан әкімшілік материал (барлық материалдардың 88%-ы) тіркелді.
ТСОБТ – биснесті бақылаушылар тарапынан негізсіз қысымнан қорғайды, ал «Qamqor» мобильді қосымшасы арқылы кәсіпкер тексерудің заңдылығын анықтай алады.
Талдау орталығы – бұл елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ете отырып, құқық бұзушылықтардың профилактикасы шараларын жедел қабылдауға салыстырмалы талдау арқылы мүмкіндік беретін көпфункционалды құрал.
Барлық мемлекеттік органдар үшін жолданымдарды тіркеуден бастап жауап жіберуге және оны қарау сапасын бағалауға дейінгі бүкіл процесті автоматтандыратын бірыңғай платформа – «Е-өтініш» жүйесі 2021 жылғы 1 шілдеден бастап сәтті іске асырылып келеді.
Іске асырылған жүйелердің арқасында қылмыстық және әкімшілік процестер, мемлекеттік бақылау мен қадағалау жедел әрі ашық бола түсті, түрлі бұрмалаушылық пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайды.
Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесін (ҚАО ААЖ) де атап өту қажет. Ол қағазбастылықты болдырмай және уақытты үнемдей отырып, қызметтің барлық салалары бойынша ақпаратты автоматты режимде алуға мүмкіндік береді.
Демонстрация қорытындысы бойынша Бас Прокурор Берік Асылов заманауи инновациялық технологиялар мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ете отырып, бюрократиялық әуре-сарсаңды болдырмауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Осы тұрғыда ведомство басшысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында азаматтардың әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуінің маңыздылығын атап өтті.


ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі