GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

БП
Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Прокуратура туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Прокуратура органдары
Онлайн қабылдау
Все материалы
23 октября 2026
Республика күніне орай

Республика күні қарсаңында Бас прокуратурада ұлттық мерекеге арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы Республика күнінің айрықша орны мен тарихи маңызы атап өтілді.

1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік Егемендік туралы декларация еліміздің Тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамдарының бірі болды.

Бас Прокурор Берік Асылов прокуратура органдарының мемлекет мүддесін қорғау, заңдылықты нығайту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі жауапты миссиясына тоқталды.

Ол заң үстемдігін орнықтыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыру жолында прокурорлардың кәсіби біліктілігі мен адалдығының маңызын атап өтті.

Бүгінде прокуратура органдары Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асыруға, «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыруға және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Ұлттық мереке қарсаңында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен орталық және аумақтық деңгейдегі прокуратура органдарының 29 қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Бұл – олардың заңдылықты қамтамасыз етуге, ел мүддесіне адал қызмет етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға қосқан үлесінің лайықты бағасы.

Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

22 октября 2026
Бас прокуратурада балалардың қауіпсіздігі және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың, буллингтің, суицидтің және нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ балаларды қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады.

Отырысқа Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиева, Президенттің көмекшісі Елдар Толғанбаев, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс арқылы облыс прокурорлары мен әкімдері қатысты.

Баяндамалармен Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау қызметінің бастығы Дәулет Ақылбеков, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха және Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов сөз сөйледі.

Соңғы үш жылда кәмелетке толмаған 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Олардың әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған, тағы 3 мыңы полицияның профилактикалық есебінде тұр. Тек биылдың өзінде буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен.

Балаларды қорғаудың практикалық тетіктерін талқылауды жалғастыра отырып, Динара Закиева қайталанған анықтау жағдайларын қоса есептегенде, 800 мыңнан астам баланың көмекке мұқтаж екенін атап өтті. Оларды жеке сүйемелдеу мақсатында отырысқа қатысушыларға «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірленген «BALAZHAN» бірыңғай мемлекеттік платформасы таныстырылды. Платформа орталық деңгейде және өңірлерде анықталған әрбір баланың жағдайын, проблемалардың туындау себептерін және көрсетіліп жатқан қолдау шараларын бақылауға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ цифрлық құралдар арқылы тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау мәселелері де қаралды.

Қауіп-қатерлерді ерте анықтау мақсатында Бас прокуратура «AiMap» IT-жүйесін сынақтан өткізді. Жүйе есірткі сататын интернет-ресурстарға тұрақты түрде кіретін оқушылардың аккаунттарын анықтауға мүмкіндік береді.

Цифрлық шешімдермен қатар, практикалық жобалар да жүзеге асырылуда.

Бас прокуратураның «Саналы ұрпақ» жобасы аясында 10 айда 19 мың рейд жүргізіліп, 4 мың жасөспірім профилактикалық есепке қойылған. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында 2 400 бала анықталған. 304 кафенің алкоголь өнімдерін сату лицензиялары кері қайтарылған. Нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7%-ға төмендеген.

Жамбыл облысының прокуратурасы бастамасымен 190 мектепте құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары лауазымы енгізілді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 24,7%-ға, кәмелетке толмағандардың өздері жасаған қылмыстар 3,4%-ға, ал жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар 54,5%-ға төмендеген. Осы тәжірибені республика көлемінде кеңейту ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша ведомствоаралық профилактиканы күшейтуге бағытталған міндеттер айқындалды. Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне буллингті, суицидтік тәуекелдерді және өзге де қауіп-қатерлерді ерте анықтау бойынша үйлестіруші рөлді бекіту, профилактикалық жұмыстың көрсеткіштерін әкімдердің қызметін бағалау жүйесіне енгізу, сондай-ақ 111 байланыс орталығы арқылы кәмелетке толмағандарға құқықтық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылды.

Бас прокурор «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларын ілгерілету аясында әлеуметтік желілерде балаларға арналған пайдалы білім беру контентін әзірлеу мен таратудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдардың балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін арттыру қажеттігіне назар аударды.

 

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

22 октября 2026
Тәуелсіздік, заңдылық және ел болашағы үшін жауапкершілік: Бас прокуратурада Құрылтай депутаттарымен кездесу өтті

Республика күні қарсаңында Бас прокуратурада Құрылтай депутаттары Үнзила Шапақ пен Ирина Теннің қатысуымен мемлекеттілікті нығайту, ұлттық бірлік және Қазақстанның дамуындағы заңның рөлі мәселелеріне арналған кездесу өтті.

Іс-шара орталық аппарат қызметкерлерін және онлайн форматта қатысқан аумақтық прокуратура органдарының 2500-ден астам қызметкерін біріктірді.

Кездесудің негізгі тақырыбы – Тәуелсіздіктің құндылығын түсіну, Егемендікті, тұрақтылықты сақтау және елдің одан әрі дамуы жолындағы әрбір азаматтың жеке жауапкершілігін сезіну.

Іс-шараны аша отырып, Бас Прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Республика күні тек тарихи күн ғана емес, сонымен қатар қазіргі Қазақстанның негізін құрайтын іргелі құндылықтарды еске салатын маңызды мереке екенін атап өтті.

Мемлекеттілікті нығайтудың, азаматтардың құқықтарын қорғаудың және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің қажетті шарты ретінде «Заң мен Тәртіп» қағидатына ерекше назар аударылды.

Мықты мемлекет заңды құрметтеуден басталады. Ал оның тұрақтылығы мемлекеттік институттардың тиімділігімен ғана емес, қоғамның құқықтық мәдениетімен, азаматтық жауапкершілігімен және бірлігімен де айқындалады.

Құрылтай депутаттары Үнзила Шапақ пен Ирина Тен ел дамуының өзекті міндеттері жөніндегі өз көзқарастарымен бөлісіп, ұлттық құндылықтардың, тарихи жадтың, ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдық келісімнің маңызын атап өтті.

Қатысушылар жастарды «Адал азамат» құндылықтары негізінде - адалдық, әділдік, еңбекқорлық және қоғам алдындағы жауапкершілік рухында тәрбиелеуге ерекше назар аударды.  

Ашық диалог барысында азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту, құқық бұзушылықтарға төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру және әділетті қоғам қағидаттарын орнықтырудағы әрбір азаматтың рөлін арттыру мәселелері талқыланды.

Бұл міндеттердің прокуратура органдары үшін маңызы ерекше. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту – прокурорлардың кәсіби міндеті ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайтуға қосқан тікелей үлесі.

Кездесу қазақстандық қоғамды біріктіретін құндылықтар және оларды сақтау мен дамыту үшін мемлекеттік институттардың жауапкершілігі туралы мазмұнды диалогтың бір бөлігі болды.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

20 октября 2026
Құқықтық көмек, профилактика, қауіпсіздік және жастар тәрбиесі: «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне қалай айналуда

Азаматтар күнделікті өмірде кездесетін мәселелер формалды түсіндіруді емес, қолжетімді әрі нақты құқықтық көмекті талап етеді. Бүгінде прокуратураның халықпен өзара іс-қимылының жаңа форматтары дәл осы қағидатқа негізделуде.

Еліміздің барлық өңірінде қоғамдық орындарда ұйымдастырылатын «Құқықтық дәріхана» мобильді консультациялық алаңдарының жұмысы жалғасуда. Мұнда азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша прокурорлар мен мемлекеттік органдар өкілдеріне тікелей жүгіне алады.

Тағы бір ауқымды формат – «Халық заңгері» республикалық акциясы. Ол мемлекеттік органдарды, адвокаттарды, нотариустарды және тәжірибелі заңгерлерді біріктіріп, 250-ден астам қала мен елді мекенде азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге мүмкіндік берді.

Мұндай акциялар қоғамдық диалогтың маңызды алаңына айналды.

Бұл жұмыс қоғамда «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатын дәйекті түрде ілгерілетудің бір бөлігі болып табылады. Оның мәні құқық бұзушылық үшін жауаптылықтың бұлтартпастығымен ғана шектелмейді. Ең алдымен ол құқықтық сананың жоғары деңгейін, заңға құрметті және әрбір азаматтың жауапты мінез-құлқын көздейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен Тәртіпті» мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаты ретінде қарастыру қажеттігін атап өтіп, бұл идеологияны қоғамдық орындар мен тұрмыстағы мінез-құлықтан бастап жол жүру мәдениетіне дейінгі күнделікті өмірдің барлық салалары үшін мызғымас бағдар деп белгіледі.

Қазіргі уақытта негізгі назар қарапайым құқықтық ақпараттандырудан практикалық профилактикаға ауысты. Жыл басынан бері елде «Заң мен Тәртіп» акциясы шеңберінде мемлекеттік органдар жаңа профилактикалық форматтар мен цифрлық технологияларды пайдалана отырып, шамамен 2,5 мыңнан астам іс-шара мен әлеуметтік бастама өткізілді.

Бас прокуратура Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп бастаған «Саналы ұрпақ» жобасы аясында тәуекел тобындағы кәмелетке толмағандарды уақтылы анықтауға және олармен атаулы жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін цифрлық профилактикалық карта қалыптастырылуда. Жыл басынан бері 15 мыңға жуық профилактикалық рейд өткізіліп, 3,5 мыңнан астам кәмелетке толмаған профилактикалық есепке қойылды. Нәтижесінде елдегі жасөспірімдер қылмысы шамамен 78%-ға төмендеді.

Сондай-ақ Бас прокуратура әкімдіктермен және полициямен бірлесіп нақты мекенжайлар, проблемалық нысандар мен тәуекел тобындағы адамдар бойынша атаулы профилактикаға негізделген «Айқын нәтиже» жобасын іске асыруда. Қауіпті учаскелер жарықтандырылып, бейнекамералар орнатылуда, алкогольді заңсыз сатуға шектеу қойылып, есірткі жарнамасы бар граффитилер мен қараусыз қалған нысандар жойылуда.

Мұндай нүктелік тәсіл нақты нәтиже беруде: ағымдағы жылдың 9 айында қылмыс деңгейі 14,6%-ға, қоғамдық орындарда – 22%-ға, көшелерде – 20%-ға төмендеді.

Өңірлерде де басқа профилактикалық шешімдер қолданылуда. Бұл ретте жастарға ерекше көңіл бөлінеді.

Алматы облысының Талғар ауданында «Тәлімгер» жобасы аясында прокуратура және ішкі істер органдарының 13 ардагері мектеп оқушылары мен студенттердің тәлімгеріне айналды. 36 интерактивті сабақ барысында 8 мыңға жуық жас нақты өмірлік мысалдар арқылы өз әрекеттерінің салдарын бағалауды және заң аясында әрекет етуді үйренді. Жобаға қатысқан оқу орындарында қылмыстық құқық бұзушылықтар сегізден нөлге дейін, ал әкімшілік құқық бұзушылықтар 35%-ға азайды.

Атырау облысында «5 минуттық құндылық» жобасы іске асырылуда. 235 мектепте сабақтың алғашқы минуттары құрмет, жауапкершілік, тәртіп пен адалдық мәселелеріне арналады. Тәрбие жұмысы бір реттік іс-шаралар түрінде емес, жүйелі негізде жүргізіліп, күнделікті білім беру процесінің бір бөлігіне айналған.

Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласындағы «Түсті маршрут» жобасы ЖИ көмегімен балалардың эмоционалдық жайсыздығын ерте кезеңде анықтап, ата-аналарды, педагогтерді, психологтарды және басқа да қызметтерді дер кезінде тартуға мүмкіндік береді.

Қызылорда облысындағы «Adal Bala» цифрлық платформасы анимациялық бейнероликтер, интерактивті тапсырмалар мен тесттер арқылы оқушылардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттырады. Ал ата-аналар мен мұғалімдер балалардың тәуекелдері мен эмоционалдық жағдайын бақылауға мүмкіндік алады.

Алматыда «Bilim Class» электрондық күнделігі арқылы тәрбиелік контент күн сайын 3 млн-нан астам оқушыға қолжетімді. Оқушылар күнделікті ашқан сайын дұрыс мінез-құлық моделі мен құндылықтарды қалыптастыратын интерактивті карточкаларды көреді.

Балалар суицидінің алдын алуға бағытталған «Sim Kids» жобасы аясында «Tele2/Altel»-мен бірлесіп 75 мыңнан астам пайдаланушы зиянды контенттен қорғайтын функциясы бар SIM-карталармен қамтамасыз етілді.

Елдің білім беру ұйымдарында прокуратура тарихы, құқықтанудың өзекті мәселелері мен қадағалау қызметі туралы кітаптар мен журналдар жинақталған 40-тан астам «Болашақ прокурорлар клубы» және «Болашақ прокурор кеңістігі» ашылды.

Мұндай тәсіл Президенттің базалық өмірлік ұстанымдар мен моральдық бағдарлар дәл отбасы мен мектепте қалыптасатыны туралы ұстанымымен үндеседі.

Барлық осы бастамаларды бір қағидат біріктіреді – құқық бұзушылықтың жасалуын күтпей, оған алып келуі мүмкін себептер мен жағдайларды алдын ала жою.

Сонымен бірге «Заң мен Тәртіп» мемлекеттік органдардың қызметінен басталмайды.

Бұл – күнделікті өмірдегі қарапайым қағидаларды сақтау: жолда және қоғамдық орындарда тәртіпті болу, отбасында және ұжымда өзгенің құқығын құрметтеу, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау және кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік таныту.

Бас прокуратура азаматтарды мынаны есте ұстауға шақырады: Заң мен Тәртіп әрқайсымыздан басталады. Заңға құрмет, өз іс-әрекетіне жауапкершілік және құқық бұзушылыққа төзбеушілік күнделікті мінез-құлық нормасына әрі қоғамның ортақ құндылығына айналуға тиіс.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

20 октября 2026
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымдарын түсіндіру және олардың 2026 жылғы 9 айдағы іске асырылу нәтижелері туралы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Олар заңнама нормаларының конституциялық-құқықтық мағынасын айқындап, оларды дұрыс қолданудың бағдарларын белгілейді.

Оларды орындау адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарының нақты іске асырылуын қамтамасыз етуге, құқықтық олқылықтарды жоюға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Прокуратура органдары Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын түсіндіру, олардың іске асырылуын бақылау және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.

2026 жылдың 9 айында қабылданған шаралардың нәтижесінде 917 азаматтың құқықтары қалпына келтіріліп, прокурорлық қадағалау және ден қоюдың 130 актісі енгізілді, азаматтарға 1 883 045 теңге өтелді, жұмыста үш сағаттан астам уақыт болмағаны үшін бұрын жұмыстан шығарылған 18 адам қызметіне қайта орналастырылды.

Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын іс жүзінде іске асыру заңнаманың нақты бұзушылықтарын жоюға және азаматтардың конституциялық құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған.

Мәселен, зейнетақымен қамсыздандыру құқығы мәселелері жөніндегі Конституциялық Соттың 2026 жылғы 18 мамырдағы № 79-НҚ нормативтік қаулысында Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрудың өзі заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындаудан бас тартуға немесе оларды тоқтатуға негіз бола алмайтыны түсіндірілді.

Осы нормативтік қаулыны орындау шеңберінде Жетісу облысының прокуратурасы Қазақстан азаматының шетелге тұрақты тұруға көшуіне ғана байланысты зейнетақы төлемдерінің тоқтатылғанын анықтады. Қабылданған прокурорлық ден қою шаралары нәтижесінде оның құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.

Бұдан басқа, 2026 жылғы 18 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы аталған нормативтік қаулыға негіз болған өтініш иесінің талап қоюын қанағаттандырды.

Сот актісі зейнетақы төлемдерін жүзеге асыратын орталықтың тиісті бөлімшесіне орындау үшін жолданды. Ал прокуратура «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымын түсіндіретін хат жолдап, мәселені толық орындалғанға дейін бақылауға алды.

Баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы сот шешімдерін мәжбүрлеп орындату кезінде жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу мәселесіне қатысты Конституциялық Соттың 2026 жылғы 11 маусымдағы № 86-НҚ нормативтік қаулысында сот шешімі өз пайдасына шығарылған ата-анаға негізсіз қосымша шығындар жүктеуге жол бермеу, оның құқықтары мен баланың мүдделерін нақты қорғауды қамтамасыз ету қажеттігі көрсетілген.

Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымын іске асыру шеңберінде Шымкент қаласының прокуратурасы сот шешімдері өз пайдасына шығарылған ата-аналардан осындай шығындардың өндірілген фактілерін анықтады. Қабылданған шаралар нәтижесінде үш азаматқа 249 750 теңге өтелді.

Осындай заң бұзушылықтар Астана қаласында және Солтүстік Қазақстан облысында да анықталды. Прокурордың наразылығы бойынша заңсыз қаулының күші жойылып, жеке сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Бұзылған құқықтарды қалпына келтіру жөніндегі практикалық шаралармен қатар прокуратура органдары түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Есепті кезеңде өңірлерде 32 семинар, 131 кездесу және 48 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, 183 дәріс оқылды, 46 ақпараттық хат жолданды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде 522 түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында 116 материал жарияланды.

Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын жүйелі түрде түсіндіру және іске асыру заңдылықты нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауға ықпал етеді. Бұл - Конституцияның үстемдігін орнықтыруға және құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған ортақ міндет.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

19 октября 2026
Берік Асылов Азия пара ойындарының жеңімпазы Еркін Ғаббасовты құттықтады

Қазақстан спорттық ату федерациясының төрағасы Берік Асылов Жапонияда өтіп жатқан Азия пара ойындарында алтын медаль жеңіп алған қазақстандық спортшы Еркін Ғаббасовты құттықтады.

Пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтыққа ату сайысында Еркін 249,1 ұпай жинап, жарыстың жаңа рекордын орнатты және Оңтүстік Кореяның мықты қарсыластарын басып озды.

Бұл жеңіс Қазақстан қоржынына алтын медаль ғана емес, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына да жолдама әкелді.

Берік Асылов чемпионды жоғары жетістігімен құттықтап, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғағаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ спортшылардың сапалы дайындалуына қажетті жағдай жасау, оның ішінде оларды ең заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Әңгіме барысында Еркін Ғаббасов Федерация басшысына тұрақты көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді. Спортшы әсіресе Берік Асылов биылғы тамыз айында чемпионатқа дайындық қарсаңында табыстаған WALTHER LG500 ITEC BTE кәсіби пневматикалық винтовкасын ерекше атап өтті.

Заманауи спорттық қару жаттығу үдерісінде және жауапты халықаралық жарыстарға дайындық барысында маңызды қолдау болды.

Айта кетейік, Еркін Ғаббасов бұған дейін Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған. Ал қазіргі алтын медаль мен жаңа рекорд оның жоғары шеберлігінің, табандылығы мен мақсаткерлігінің кезекті дәлелі болды.

Еркін Ғаббасовты, оның жаттықтырушыларын және ұлттық құрама мүшелерін лайықты жеңісімен құттықтаймыз!

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

16 октября 2026
Халықаралық дөңгелек үстел киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша сарапшылардың басын қосты

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында өткен халықаралық дөңгелек үстелде киберқылмыстың қазіргі үрдістері және цифрлық қылмыстарды тергеудің жаңа тәсілдері талқыланды.

Іс-шараны ашқан Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров киберқылмыстың трансшекаралық сипатын ескере отырып, құқық қорғау органдары мен халықаралық әріптестердің күш-жігерін біріктірудің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ құқықтық тетіктерді жетілдірудің және жаңа сын-қатерлерге тиімді ден қоя алатын мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шараға Бас Прокурор Аппаратының басшысы Алмаз Мұхаметжанов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің, құқық қорғау органдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Талқылауға Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан мамандары онлайн форматта қосылды.

Қатысушылар цифрлық кеңістіктегі өзекті қауіптер, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып қылмыс жасаудың жаңа тәсілдері, сондай-ақ оларды анықтау мен тергеу тиімділігін арттыру шаралары жөнінде пікір алмасты.

Құқық қолдану практикасын жетілдіру, цифрлық дәлелдемелерді жинау, бекіту және пайдалану, киберқылмысқа қарсы іс-қимылды нормативтік-құқықтық реттеу, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жүйесін дамыту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағыттары айқындалды.

 

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

16 октября 2026
Темекі контрабандасы: миллиардтаған теңге қалай бюджетке қайтарылды

Прокуратура сот актілерінің заңдылығына тұрақты қадағалауды жүзеге асырып, қылмыстық процестің барлық кезеңдерінде мемлекеттің мүдделерін тұрақты түрде қорғайды.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот контрабандалық тауарлардың құнын өндіріп алу мәселесінің дұрыс шешілмеуіне байланысты прокуратура енгізген наразылықты қанағаттандырды.

Анықталғандай, 2024 жылдың қаңтарынан  тамызына  дейін, сотталған он адам, алдын ала сөз байласу арқылы, адамдар тобымен әрекет ете отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы темекі өнімдерін кедендік бақылаудан жасырып, бірнеше рет өткізген. Тауардың жалпы құны 7,3 млрд теңгені құраған.

Сот үкімімен кінәлі адамдар экономикалық контрабанда жасағаны үшін сотталған. Алайда мемлекетке келтірілген залал өндірілмей қалған.

Наразылықты қарау нәтижесінде кассациялық сот сотталғандардан мемлекет кірісіне 7,3 млрд теңгеден астам қаражатты ортақ тәртіппен өндіріп алу туралы шешім қабылдады.

Осылайша, қылмыстық әрекеттер нәтижесінде алынған қаражаттың бюджетке қайтарылуы қамтамасыз етілді.



Бас прокуратураның баспасөз қызметі

15 октября 2026
Бас прокуратура мен «Kolesa Group» интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуде

Бас прокуратура хабарландыруларды орналастыруға арналған онлайн-платформалармен тұрақты түрде байланысорнатып, өзара іс-қимылды жүзеге асыруда.

«Kolesa Group» компаниясымен бірлескен жұмыс аясында жарнама алаңдарында азаматтарды алдау үшін пайдаланылған 1 мыңнан астам алаяқтық аккаунт пен хабарландыру бұғатталды.

Өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мақсатында Бас прокуратура мен «Kolesa Group» интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Тараптар ақпаратпен жедел алмасып, қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысында қажетті деректерді ұсынып, сондай-ақ алаяқтық аккаунттар мен хабарландыруларды бұғаттау жөнінде шаралар қабылдайтын болады.

Бұл қылмыстарға қатысы бар адамдарды неғұрлым жылдам анықтауға және олардың қылмыстық әрекеттерінің жолын кесуге мүмкіндік береді.

Бас прокуратура жарнама алаңдарының пайдаланушыларын өз аккаунттары мен деректерін алаяқтарға берудің жауаптылығы туралы ескертеді.

Егер олардың қандай мақсатта пайдаланылатынын білмесеңіз, басқа адамдардың өтініші бойынша есептік жазбалар ашып, хабарландырулар орналастырмаңыз.

Мұндай жағдайда аккаунт иесі алаяқтыққа көмектесуші ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

Бұл үшін 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

 

15 октября 2026
Психотроптық заттарды өндірумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы Ресей Федерациясынан экстрадицияланды

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы психотроптық заттарды заңсыз өндірумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топты ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады.

Тергеумен күдіктінің Алматы қаласы мен Қазақстанның басқа да аумақтарында мефедрон өндірумен және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық еткені анықталды.

2021 жылдан бастап ол ақшалай қаражатқа мұқтаж адамдарды қылмыстық әрекетке тартып отырған. Қатысушылар психотроптық заттарды өндіру, тасымалдау, өлшеп-орау және тарату бойынша әртүрлі міндеттерді атқарған, ал олардың әрекеттері Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестірілген.

2024 жылы ұйымдастырушының нұсқауы бойынша Алматы қаласында бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Олардың бірінде психотроптық заттарды өндіру барысында екі қатысушы ауыр химиялық улануға ұшырап, қайтыс болған.

Осыған қарамастан, жаңа орындаушыларды тарта отырып, қылмыстық әрекет жалғастырылған.

2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция қызметкерлері зертханалардың бірінің қызметін тоқтатты. Тінту барысында 24 кг-нан астам химиялық заттар, жабдықтар, қорғанышқұралдары мен дайын өнім табылды.

2025 жылғы шілдеде күдікті Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Елге экстрадицияланды.

Бүгінгі күні ол тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Социальные сети
facebook
telegram
youtube
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы