
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық қағидаттарды нақты ұстанады.
Ел осы саладағы бірқатар халықаралық-құқықтық актілерді ратификациялады, оның ішінде 1998 жылы БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiне қарсы конвенцияға қосылды.
Халықаралық нормалардың негізгі ережелерін ұлттық заңнамаға дәйекті түрде енгізе отырып, азаптауға конституциялық тыйым салынды (Конституцияның 17-бабы), ал 2002 жылы оларды жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді.
Азаптауға қарсы тұру проблемасына ел басшылығы үлкен көңіл бөледі.
Өткен жылдың басында Мемлекет басшысы «бұл жағымсыз құбылысты түбегейлі жою» міндетін қойды.
Прокуратура органдары азаптауға қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі тәсілдерді енгізуге жауапты болып айқындалды.
Осы міндеттерді іске асыру үшін Бас прокуратура заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды, оның ішінде жобалық басқару әдістерін қолдана отырып, қабылдады.
Атап айтқанда, азаптауға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірінші кезектегі шаралар жоспары бекітілді.
Өңірлерде қылмыстық қудалау органдарының қызметтік үй-жайларын, уақытша ұстау және тергеу изоляторларын кенеттен тексерумен айналысатын арнайы жедел топтар құрылды.
Ыстамбұл хаттамасының негізінде азаптау туралы істерді тергеп-тексеру әдістемесі әзірленді.
Құқық қорғау органдары басшыларының азаптауға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен бұйрығы бекітілді.
Онда азаматтарды қылмыстық қудалау органдарына жеткізу үшін нақты негіздер қарастырылған, сондай-ақ процестік мәртебесі жоқ адамдармен әңгімелесуге, сауалнамаға, келіссөздерге тыйым салынған.
Осы жылдың наурыз айында заңнамаға қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас ұғымы енгізілді, осы қылмыстардың субъектілерінің ауқымы кеңейтілді.
Азаптауға байланысты қылмыстар үшін 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күшейтілді.
Рақымшылық, ескіру мерзімі, өкіну және тараптардың татуласуы негізінде азаптау үшін қылмыстық жауаптылықтан босату алынып тасталды.
Мұндай әрекеттерді жасаған адамдарға шартты түрде соттауды қолдануға тыйым салынды.
Цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде.
Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 79 пенитенциарлық мекеменің 52-сінде «көрінбейтін аймақтарды» болдырмайтын жаппай бейнебақылау жүйесі енгізілді.
Бүгінгі күні прокурорлар нақты уақыт режимінде өз кабинеттерінен шықпай-ақ бейнекамераларды көре алады.
Сотталғандармен жолданымдарын беру үшін терминалдар орнату жалғасуда.
Аталған шаралар оң нәтиже беруде және сотталғандардың азаптауға шағымдарының саны жыл басынан бері 6 есеге (74-тен 12-ге дейін), ал істерді тіркеу 62% (651-ден 247-ге дейін) төмендеді.
Жалпы бұл жұмыс азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жүргізілуде.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау саласында атап өтілген және басқа да көптеген шараларды іске асыру қоғамның біздің қызметімізге деген сенімін нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.
Ұлттық статистика бюросы жүргізетін социологиялық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, жыл сайын халықтың құқық қорғау органдарына, оның ішінде прокуратураға деген сенім деңгейі тұрақты өсуде.
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратураның
Стратегиялық даму
департаментінің бастығы
Ә. Нұрбеков