Инвесторларды қорғау жөніндегі «прокурорлық сүзгіні» іске асыру бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Инвесторларды қорғау жөніндегі

«прокурорлық сүзгіні» іске асыру бойынша

әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы

 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 7 қарашадағы қарарын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің (инвестициялық штабтың) 2023 жылғы 13, 20, 28 желтоқсандағы шешімдерін орындау үшін, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы Конституциялық Заңының 9-бабының 15) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

  1. Инвесторларды қорғау жөніндегі «прокурорлық сүзгіні» іске асыру бойынша қоса беріліп отырған әдістемелік ұсынымдар бекітілсін.
  2. Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі:

1) осы бұйрыты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ведомстволарына және білім беру ұйымына, әскери және көлік прокуратураларына, облыстар прокуратураларына және оларға теңестірілген прокуратураларға (республикалық маңызы бар қалалар мен астананың), аудан прокуратураларына және оларға теңестірілген прокуратураларға (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) орындау үшін, мемлекеттік, оның ішінде жергілікті атқарушы органдарға, квазимемлекеттік сектор ұйымдарына мәлімет үшін жіберсін;

2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастырсын.

  1. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
  2. Осы бұйрық оған қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

 

Қазақстан Республикасының

Бас Прокуроры                                                                                           Б. Асылов

 

 

 

 

 

 

Инвесторларды қорғау жөніндегі «прокурорлық сүзгіні»

іске асыру бойынша әдістемелік ұсынымдар

 

1 тарау. Жалпы ережелер

 

  1. Осы Әдістемелік ұсынымдар прокурордың инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі сүзгіні (бұдан әрі – «прокурорлық сүзгі») іске асыру, сондай-ақ прокуратура органдарының лауазымды адамдары арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілік аймақтарын ажырату тәртібін айқындайды.
  2. «Прокурорлық сүзгі» прокурорлардың мынадай:

        орта және ірі кәсіпкерлік санатына жатқызылған инвесторларға (бұдан әрі – инвестор) қатысты уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері салатын тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу;

        инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауды келісу; инвесторлардың қызметіне тексерулер тағайындау туралы салық органдарының актілері мен шешімдерін келісу;

        прокуратура органдарына хабарлама тәртібімен келіп түсетін инвесторларға қатысты мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар бастамашылық ететін талап қоюлардың заңдылығы мен негізділігін бағалау  функцияларын орындауды  білдіреді.

  1. Осы әдістемелік ұсынымдарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

        1) орта кәсіпкерлік субъектілері - Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 24-бабының 3 және 6-тармақтарына сәйкес шағын және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын, кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар;

        2) прокурор келісуді жүзеге асыратын тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар, олар мыналармен:

        субъектінің (объектінің не оның жекелеген учаскесінің) қызметін, әрекетін, процесін тоқтата тұруға;

        рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыруға (кері қайтарып алу);

        рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартуға;

        мемлекеттік, оның ішінде жергілікті атқарушы органның, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының инвестордың пайдасына бұрын шығарылған шешімінің күшін жоюға (кері қайтарып алу);

        уәкілетті мемлекеттік органның не квазимемлекеттік сектор субъектісінің инвесторға қатысты келісімшартты не инвестормен келісімді біржақты тәртіппен бұзуға, тарифті кері қайтарып алуға байланысты заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері салатын шаралар;

        3) ірі кәсіпкерлік субъектілері -  кәсіпкерлікті жүзеге асыратын және мынадай өлшемшарттардың біреуіне немесе екеуіне сай келетін: жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан асатын және (немесе) жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің үш миллион еселенген мөлшерінен асатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар.

  1. Прокуратура органдарының қызметкерлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар мен шешімдерді келісу бойынша әскери және көлік прокуратуралары органдарының, облыстардың және оларға теңестірілген прокуратуралардың (республикалық маңызы бар қалалар мен астананың) бірінші басшыларының құқықтық актілерімен айқындалады.
  2. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (бұдан әрі – ҚСжАЕК) жүйелері арқылы «прокурорлық сүзгіні» іске асыру кезінде қажетті процестерді автоматтандыру ҚСжАЕК-ке жүктеледі.

 

2 тарау. Прокуратура органдарында инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу тәртібі

 

  1. Уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің инвесторларға қатысты мыналармен:

1) субъектінің (объектінің не оның жекелеген учаскесінің) қызметін, әрекетін, процесін тоқтата тұруға;

2) рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданылуын тоқтата тұруға, одан айыруға (кері қайтарып алу);

3) рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартуға;

4) бұрын инвестордың пайдасына шығарылған мемлекеттік, оның ішінде жергілікті атқарушы органның, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының шешімінің күшін жоюға (кері қайтарып алу);

5) уәкілетті мемлекеттік органның не квазимемлекеттік сектор субъектісінің келісімшартты не келісімді біржақты тәртіппен бұзуға, тарифті кері қайтарып алуға тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолдану туралы актілері прокуратура органдарында келісуге жатады.

  1. Уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің осы Әдістемелік ұсынымдардың 6-тармағы

2), 3), 4), 5) тармақшаларда көзделген тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы актілері прокуратура органдарында 3 жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

  1. Осы Әдістемелік ұсынымдардың 6-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар субъектінің (объектінің не оның жекелеген учаскесінің) қызметін, әрекетін, процесін тоқтата тұрумен байланысты болған жағдайларда, уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының актілерін қарауды прокуратура органдары 24 сағат ішінде жүзеге асырады.

Адам өмірі мен денсаулығына жаппай зиян келтіруге әкеп соғатын эпидемияның, карантиндік объектілер ошақтарының және аса қауіпті зиянды организмдердің, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық және өзге де авариялардың таралу қаупі болған кезде, тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу туралы уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің лауазымды адамдарының актілерін қарау, субъектінің (объектінің не оның жекелеген учаскесінің) қызметін, әрекетін, процесін тоқтата тұруға байланысты прокуратура органдары 3 сағат ішінде жүзеге асырады.

Жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері осы тармақта көрсетілген тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу туралы уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің лауазымды адамдарының актілерін қарауды кезекші прокурор жүзеге асырады.

Кезекші прокурордың инвестицияларды қолдау және кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау саласында тиісті құзыреті мен білімі болуы тиіс.

  1. Инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілері лауазымды адамдарының актілерін прокуратура органдарында қабылдау және тіркеу Қазақстан Республикасы прокуратурасының органдарында, ведомстволарында, мекемелерінде және білім беру ұйымында құжаттау және құжаттаманы басқару қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Бұл ретте, келіп түскен материалдарды прокуратура органы басшысының  бұрыштамасына (қарарына) беру оларды прокуратура органының жауапты лауазымды адамына бір мезгілде қайталай отырып жүзеге асырылады.

Уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің лауазымды адамдарының электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділігі болмаған жағдайда, келісу үшін материалдар қағаз жеткізгіштерде қабылданады.

Мұндай материалдар жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері келіп түскен кезде оларды қабылдау және тіркеу осы Әдістемелік ұсынымдардың 7-5 тармақтарында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

  1. Уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің лауазымды адамдарының инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолдану туралы материалдарын қарау нәтижелері бойынша прокурор мынадай:

1) келісу туралы;

2) келісуден бас тарту туралы шешімдердің бірін шығарады.

  1. Инвесторға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу не келісуден бас тарту туралы шешімге Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының дербес құрылымдық бөлімшесінің, әскери және көлік прокуратурасы органдарының басшысы, олардың орынбасарлары, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, аудандық прокурор және оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, аудандық прокурор және орынбасарлары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар қол қояды.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының шешімі бойынша қол қою құқығы (оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, сенімхат бойынша) прокуратура органдарының өзге де лауазымды адамдарына жүктелуі мүмкін.

  1. Инвесторға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу немесе келісуден бас тарту туралы шешім қабылдау кезінде мынадай:

шектеулерді енгізудің заңдылығы мен негізділігі;

тыйым салу шараларының экономикалық орындылығы (кәсіпорын жабылған жағдайда мемлекетке келтірілген залалды және елдің (өңірдің) экономикасы үшін болашақ шығындарды салыстыру және басқалар);

инвестордың егжей-тегжейінен халықтың өмірі мен денсаулығы үшін тәуекелдердің болуы;

инвестор үшін баламалы шаралардың болуы және оның қызметіне шектеусіз бұзушылықтарды жою мүмкіндігін беру аспектілерін ескеру қажет.

  1. Инвесторға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісуден бас тарту туралы шешім негізді және дәлелді болуға, инвесторға қатысты тыйым салу-шектеу шараларын қолдану қажеттілігі туралы уәкілетті мемлекеттік органдардың дәлелдерін жоққа шығаратын заңнама нормаларына нақты фактілер мен сілтемелерді қамтуға тиіс.
  2. Инвесторға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу не келісуден бас тарту туралы шешімде мыналар:

1) күні, прокуратура органының атауы, шешім шығарған прокурордың Тегі, Аты, Әкесінің аты (бар болса), лауазымы және қолы;

2) тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы шешім қабылдайтын мемлекеттік органның атауы;

3) өзіне қатысты тыйым салу-шектеу шарасы қабылданатын инвестордың атауы (оған жататын кәсіпкерлік субъектісінің санатын көрсете отырып), оның орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

4) тыйым салу-шектеу шараларын қолдану үшін құқықтық негіздер;

5) тыйым салу-шектеу шаралары қолданылатын кезең;

6) прокурор шешімінің негіздемесі қамтылуы тиіс.

 

3-тарау. Прокуратура органдарында инвесторларға қатысты

әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңдылыққа мониторингті, зерделеуді және бағалауды жүргізу тәртібі

 

  1. Инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңдылыққа мониторингті, зерделеуді және бағалауды прокуратура органдары күн сайын ҚСжАЕК «Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі» және «Талдау орталығы» ақпараттық жүйелері арқылы жүргізеді.

        Көрсетілген санаттағы істердің заңдылығын бағалау әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап 3 күн ішінде беріледі.

        Қажет болған жағдайда уәкілетті органнан қосымша құжаттар мен мәліметтер сұратылады.

        Прокуратура органдарына он күн сайын, бірақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралған күнге дейін үш күннен кешіктірмей берілетін салық органдарының әкімшілік іс жүргізулерінің тізбесін прокурорлар үш күн ішінде зерделейді.

        Қаралуы соттарға ведомстволық бағынысты салық органдарының әкімшілік іс жүргізулері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалғаннан кейін келіп түсетін материалдарды прокурорлар бір тәулік ішінде зерделейді.

  1. Әкімшілік құқық бұзушылықтар «прокурорлық сүзгі» шеңберінде мониторингке және зерделеуге:

        оларды сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және автоматты режимде жұмыс істейтін аспаптармен бекіту кезінде;

алынған хабарламаның және (немесе) мемлекеттік кіріс органының хабарламасының негізінде айыппұл төлеуге адамның келісімі болған не оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу қолданылған кезде;

        ескерту түрінде әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатын әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жағдайларда, егер адам құқық бұзушылық жасау фактісін мойындаса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 807-бабында көзделген өзге де жағдайларда жатпайды.

        Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің көрсетілген санаттары бойынша прокурорлық қадағалау және ден қою шаралары қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен қабылданады.

  1. Инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңдылықты мониторингілеу, зерделеу және бағалау прокуратура органы басшысының өкімімен нақты лауазымды адамға немесе бірнеше адамға жүктеледі.

        Осы бағыт бойынша «прокурорлық сүзгіні» қамтамасыз ететін прокуратура органдарының қызметкерлері туралы мәліметтер (аты-жөні, лауазымы, байланыс деректері, электрондық пошта және басқалар) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға уәкілетті мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі қызметінің Кәсіпкерлік және инвестицияларды қолдау саласындағы заңдылықты қадағалау басқармасына және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істері бойынша іс жүргізу заңдылығын қадағалау тобына беріледі.

        Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының орталық аппаратында орталық мемлекеттік органдар қозғаған әкімшілік іс жүргізу бойынша мониторинг, зерделеу және бағалау (соттарға ведомстволық бағынысты істер бойынша) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша және кәсіпкерлік пен инвестицияларды қолдау саласындағы заңдылығын қадағалауды (мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты істер бойынша) жүзеге асыратын қызметкерлерге жүктеледі.

  1. Көрсетілген санаттағы істердің заңдылығын зерделеу және бағалау нәтижелері бойынша ҚСжАЕК жүйесінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі зерделеу және заңдылықтың бұзылуының болмауы туралы (тиісті функционал іске асырылғаннан кейін) белгі (жалауша) қойылады.
  2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 741-бабында көзделген) не адамды әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 742-бабында көзделген) мән-жайлардың кем дегенде біреуі болған кезде ҚСжАЕК жүйесінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі зерделеу туралы белгі (жалауша) қойылып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату жөніндегі шаралар қабылданады (тиісті функционал іске асырылғаннан кейін).

        ҚСжАЕК ақпараттық жүйелерінде тиісті функционалды іске асырғанға дейін инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңдылықты мониторингілеу, зерделеу және бағалау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ оларды есепке алу прокуратура органының басшысына жүктеледі. 

 

4-тарау. Прокуратура органдарында инвесторлардың қызметіне тексерулер тағайындау туралы салық органдарының актілері мен шешімдерін келісу тәртібі

 

  1. Инвесторлардың қызметінде тексерулерді тағайындау туралы салық органдарының актілері мен шешімдерін прокуратура органдарында келісу (бұдан әрі – салықтық тексеруді келісу) прокуратура органы басшысының өкімімен нақты лауазымды адамға немесе бірнеше адамға жүктеледі.

        Салықтық тексерулерді келісуді қамтамасыз ететін прокуратура органдарының қызметкерлері туралы мәліметтер (аты-жөні, лауазымы, байланыс деректері, электрондық пошта және басқалар) мемлекеттік кірістер органдарының тиісті аумақтық бөлімшелеріне және ҚСжАЕК-ке, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі қызметінің Кәсіпкерлік және инвестицияларды қолдау саласындағы заңдылықты қадағалау басқармасына беріледі.

  1. Салықтық тексеруді келісу процесі ҚСжАЕК-нің аумақтық органдары (бұдан әрі – ҚСжАЕК органдары) жүзеге асыратын тіркеу сатысы жүргізілгенге дейін орындалуы тиіс.

        ҚСжАЕК органының лауазымды адамы салық органы ұсынған құжаттарды алғаннан кейін бір сағат ішінде аумақтық прокуратураның жауапты қызметкерінің ведомстволық электрондық поштасының мекенжайына салықтық тексеру материалдарын және материалдардың тіркеуге келіп түскені туралы ұялы байланыс бойынша хабардар етуді (хабарламаны) жібереді.

        Аумақтық прокуратураның жауапты қызметкерінде Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі жүйесіне (бұдан әрі – ТСОБТ) қолжетімділік болған кезде ұялы байланыс бойынша (ҚСжАЕК органының лауазымды адамы) материалдардың тіркеуге келіп түскені туралы хабардар етуді (хабарламаны) ғана жібереді.

  1. Аумақтық прокуратураның жауапты прокуроры салық органының ұсынылған құжаттарын ТСОБТ жүйесі немесе ведомстволық электрондық пошта арқылы, сондай-ақ аумақтық прокуратураларға тікелей ұсынылған құжаттарды зерделейді және заң талаптарына, тексеру негіздеріне және оның орындылығына сүйене отырып, тексеруді келіседі/келісуден бас тартады (экономикалық, әлеуметтік және басқа да аспектілерді ескере отырып).

        Қажет болған жағдайда мемлекеттік кірістер органынан қосымша құжаттар мен материалдар сұралады.

        Прокуратура органдарына келіп түскен тексеру материалдары бойынша, оның ішінде «Қызмет бабында пайдалану үшін» режимінде (мемлекеттік шекара учаскелерінде және кеден бекеттерінде жүргізілетін жекелеген мәселелер бойынша құпия критерийлер жөніндегі тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы тексерулер жоспарланған салық төлеушілердің тізімдері және басқа материалдар), прокуратура органдарының басшылары таралуы шектеулі құжаттармен жұмыс істеуге қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

  1. Салықтық тексеруді келісу мерзімі ҚСжАЕК органынан тексеру материалдары және хабардар ету (хабарлама) келіп түскен сәттен бастап бір жұмыс күнінен аспауға тиіс.

        Салықтық тексеруді келісу/келісуден бас тарту ҚСжАЕК органының жауапты қызметкерінің ведомстволық электрондық поштасының мекенжайына қол қойылған шешімнің графикалық көшірмесін жіберу не шешімнің графикалық көшірмесін қоса бере отырып, ТСОБТ жүйесінде тиісті белгі қою арқылы жүзеге асырылады (ТСОБТ-да іске асырылған функционал болған жағдайда).

        Салықтық тексеруді келісу/келісуден бас тарту туралы қол қойылған шешімнің графикалық көшірмесін ҚСжАЕК органының лауазымды адамы (ТСОБТ-да аумақтық прокурорлар үшін іске асырылған ұқсас функционал болмаған кезде) ТСОБТ жүйесіндегі тексеру материалдарына қоса тіркейді (салады).

        Келісу/келісуден бас тарту туралы шешімге Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының дербес құрылымдық бөлімшесінің, әскери және көлік прокуратурасы органдарының басшысы, олардың орынбасарлары, облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, аудандық прокурор және оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар қол қояды.

  1. Келіп түскен материалдарды және аумақтық прокуратураның жауапты қызметкерінің ұстанымын зерделеуді ескере отырып ҚСжАЕК органының лауазымды адамы келесі шешімдердің бірін қабылдайды:

        тіркеуден бас тарту;

        пысықтауға қайтару;

        тіркеу.

        Аумақтық прокурор салықтық тексеруді келісуден бас тартқан жағдайда, ҚСжАЕК органының лауазымды адамы тексеруді тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

        Аумақтық прокурор ұсынылған құжаттардың (оның ішінде тексеруді тағайындау үшін негіз болған) толық болмауы тағайындалатын тексерудің заңдылығына объективті баға беруге мүмкіндік бермейтін себептермен салықтық тексеруді келісуден бас тартқан кезде, ҚСжАЕК органының лауазымды адамы тіркеуге ұсынылған материалдарды пысықтауға қайтарады.

 

5-тарау. Инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын және прокуратура органдарына хабарлама жасау тәртібімен келіп түскен мемлекеттік органдар бастамашылық жасаған талап қоюлардың негізділігін бағалау тәртібі

 

  1. Инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын мемлекеттік органдардың талап қоюларының негізділігін бағалау (бұдан әрі – талап қоюларды бағалау) прокуратура органы басшысының өкімімен нақты лауазымды адамға немесе бірнеше адамға жүктеледі.

        Прокуратура органдарының талап қоюды бағалауды қамтамасыз ететін қызметкерлері туралы мәліметтер (аты-жөні, лауазымы, байланыс деректері, электрондық пошта және басқалар) инвесторларға қатысты талап қоюлар енгізуге уәкілетті мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелеріне және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі қызметінің Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот актілерінің заңдылығын қадағалау басқармасына беріледі.

  1. Прокуратураға талап қоюдың және қоса берілген құжаттардың көшірмелері келіп түскеннен кейін жауапты қызметкер оларды және істің материалдарын сотта зерделейді.
  2. Талап қоюды бағалау істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін жүзеге асырылады.

        Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі – АПК) 164-бабына сәйкес азаматтық істерді сот талқылауына дайындау, егер АПК және басқа заңдарда өзгеше белгіленбесе, талап қою сот ісін жүргізуге қабылданған күннен бастап 20 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс.

        Маңызды күрделі істер бойынша ерекше жағдайларда, алимент өндіріп алу туралы, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы істерден басқа, сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын талап қоюлар бойынша істі сот талқылауына дайындау үшін берілген мерзім өткеннен кейін бұл мерзім судьяның ұйғарымы бойынша қосымша бір айға ұзартылуы мүмкін.

        АПК-нің 27-бабының 1-2-бөлігінде көзделген даулар бойынша азаматтық істерді сот талқылауына дайындау талап қою сот ісін жүргізуге қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Ерекше күрделі істер бойынша бұл мерзім судьяның ұйғарымы бойынша қосымша бір айға ұзартылуы мүмкін.

        Уәкілетті мемлекеттік органдардың инвесторларға талап қою беру туралы уақтылы хабардар ету жөніндегі жұмысын үйлестіру аумақтық прокуратура органдарының басшыларына жүктеледі.

  1. Талап қоюды бағалау нәтижелері бойынша жауапты қызметкер оның негізділігіне қатысты қорытынды жасайды, оны әскери және көлік прокуратурасы, облыс прокуратурасы және оған теңестірілген прокуратура (республикалық маңызы бар қала және астана) органдарының бірінші басшысы бекітеді.

        Негіздер болған кезде уәкілетті мемлекеттік орган талап қоюды кері қайтарып алу, өзгерту, толықтыру, дауды соттан тыс реттеу жөнінде шаралар қабылдайды, қадағалау актісін енгізеді, лауазымды адамдардың жауапкершілігі туралы мәселесіне бастамашылық етеді.

        Келіп түскен талап қоюлар, оларды бағалау нәтижелері (қорытындылармен қоса) және қабылданған шаралар туралы мәліметтер инвестицияларды қолдау және прокурорлардың маңызды Инвестициялық жобаларды сүйемелдеуі саласындағы заңдылықты прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы нұсқаулықтың 8-тармағының 9) тармақшасында көзделген мерзімде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жіберіледі.

 

6-тарау. Қорытынды ережелер

 

  1. Осы Әдістемелік ұсынымдарда аталып өткен прокурордың шешімдеріне шағымдану «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 25-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

Дата публикации
23 февраля 2024