Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2025 жылғы «_17_»_02_____
№__23__ бұйрығымен
бекітілген
«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы
Материалдық-техникалык қамсыздандыру басқармасы»
мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
- «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Материалдық-техникалық қамсыздандыру басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады.
- Басқарма өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңды, заңдарды, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
- «Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының кейбір
мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 қазандағы №563 Жарлығының 19-тармағының 37) тармақшасы Басқарма қызметінің құқықтық негізі болып табылады.
- Мемлекеттік мекеменің құрылтайшысы Қазақстан Республикасының
Бас прокуратурасы болып табылады.
- Басқарманың қызметіне Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қаржы департаменті жетекшілік етеді.
- Басқарманың толық атауы – «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Материалдық-техникалық қамсыздандыру басқармасы» мемлекеттік мекемесі;
- Басқарманың заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, №14 үй.
2-тарау. Басқарманың заңды мәртебесі
- Басқарманың дербес теңгерімі, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және Басқарма атауы бар бланкілері, мөрлері болады.
- Басқарма Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
- Басқарма өзінің билігіндегі ақшаға өз міндеттемелері бойынша жауап береді.
Мемлекеттік мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша тиісті бюджеттің уәкілетті органы қаражаттандыру жауапкершілігінде болады.
- Қазақстан Республикасының нормативтік құықтық актілерінде көзделген азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, Басқарманың азаматтық-құқықтық мәмілелері олардың
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің
Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаментінде міндетті тіркелгеннен кейін күшіне енеді.
3-тарау. Басқарма қызметінің мәні мен мақсаттары
- Басқарма қызметінің мәні Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы органдарының, мекемелерінің, білім беру ұйымы мен ведомстволарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады.
- Басқарма қызметінің мақсаты:
- прокуратура органдарында, мекемелерінде, ведомстволарында және білім беру ұйымында бірыңғай әкімшілік-шаруашылық қызметті іске асыру;
- прокуратура органдарының, мекемелерінің, ведомстволарының және білім беру ұйымының қызметіне сәйкес бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауды, негіздеуді, іске асыруды және олардың нәтижелеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету;
- Басқармаға прокуратура органдарын, мекемелерін, ведомстволарын және білім беру ұйымын ұстауға бөлінген материалдық-техникалық және ақшалай қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету болып табылады.
- Өз мақсаттарына жету үшін Басқарма мынадай:
- прокуратура органдарының, мекемелерінің,ведомстволарының
және білім беру ұйымының қызметін материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
- прокуратура органдарының, мекемелерінің және ведомстволарының
әкімшілік ғимараттарын, үй-жайларын салуды, жөндеуді және техникалық жарақтандыруды ұйымдастыру;
- прокуратура органдарының, мекемелерінің және ведомстволарының әкімшілік ғимараттарының, үй-жайларының байланыс, сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, канализация (су бұру) және электрмен жабдықтау жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- ақпараттық жүйелерді, есептеу техникасы мен байланыс құралдарын ақпараттандыруды, пайдалануды, сүйемелдеуді қамтамасыз ету;
- ғимараттар мен мүліктерді күзетуді ұйымдастыру, ведомстволық бағынысты объектілерде өткізу режимін нығайту жөнінде
іс-шараларды жүргізу;
- қызметтік көліктердің үздіксіз жұмыс істеуін және оған техникалық қызмет көрсету, автокөлік құралдарын жөндеу және автомашина тұрағына арналған бокстарды ұйымдастыру;
- өз құзыреті шегінде еңбекақы төлеу, қосымша ақшалай және өтемақы төлемдерін жүргізу, іссапар шығыстарын төлеу, барлық міндетті төлемдерді республикалық бюджетке аудару, екінші деңгейдегі банктермен жұмысты жүзеге асыру;
- прокуратура органдарына қару-жарақ құралдарын, әскери мүлікті және азаматтық қорғаныс мүлкін сатып алу және жарақтау;
- прокуратура органдарының, мекемелерінің, ведомстволарының және білім беру ұйымының қызметкерлерін нысанды киіммен қамтамасыз ету;
- прокуратура органдарының, мекемелерінің, ведомстволарының және білім беру ұйымының ғимараттарында, үй-жайларында өртке қарсы қауіпсіздік нормаларының, санитариялық-гигиеналық нормалар мен қағидалардың сақталуын қамтамасыз ету;
- ғимараттарда қызметтік кабинеттерді бөлу және ұсынылған өтінімдер бойынша мәжіліс, спорт залдарында, асханада, атыс тирінде және Бас прокуратураның басқа да үй-жайларында іс-шаралар өткізуді қамтамасыз ету;
- Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарау;
- қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтарды немесе заңмен қорғалатын мүдделерді қорғау үшін сотқа жүгіну жөнінде қызмет түрлерін жүзеге асырады.
- Басқарманың осы Ережеде бекітілген қызметінің мәні мен мақсаттарына сәйкес келмейтін қызметті іске асыруға, сондай-ақ мәмілелер жасауға құқығы жоқ.
- Басқарманың қызмет мақсаттарына қайшы келетін немесе
Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе құрылтай құжаттарымен шектеу қойылған не оның басшысының жарғылық құзыретін бұза отырып жасаған мәмілелері мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның, прокурордың талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
4-тарау. Басқарманың қызметін ұйымдастыру
- Басқармаға басшылықты өзіне жүктелген міндеттердің орындалуына және белгіленген функциялардың жүзеге асырылуына дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
- Басқарма басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
- Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
- Басқарма басшысының жүргізуіне жататын қызметтің негізгі бағыттары, жұмыс сипаты, сондай-ақ мәселелер ауқымы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұйымдастыру-өкімдік актілермен және осы Ережемен айқындалады.
- Басқарма жұмысты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
құрылымдық бөлімшелерімен, ведомстволарымен және білім беру ұйымымен,
Бас әскери және Бас көлік прокурорларымен, облыстар прокуратураларымен және оларға теңестірілген прокуратуралармен өзара іс-қимыл жасай отырып ұйымдастырады, олардан белгіленген тәртіппен Басқармаға жүктелген міндеттерді шешуге байланысты ақпаратты сұратады.
Өзара іс-қимыл жасау өзара ақпарат алмасу, кешенді іс-шараларды бірлесіп әзірлеу және жүзеге асыру, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы басшылығының тапсырмаларын орындау арқылы жүзеге асырылады.
- Басқарманың қызметіне жалпы басшылықты Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасары және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қаржы департаменті арқылы Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
- Басқарма басшысының өкілеттіктері:
сенімхатсыз Басқарма атынан әрекет етеді;
барлық ұйымдарда Басқарманың мүдделерін білдіреді;
белгіленген тәртіппен шарттар жасасады;
сенімхат береді;
берілген құқықтар шегінде Басқарманың қызметіне байланысты қаржылық және өзге де құжаттарға қол қояды;
бұйрықтар шығарады және Басқарманың барлық жұмыскерлері үшін міндетті нұсқаулар береді;
Басқарманың құрылымдық бөлімшелерін қалыптастырады және осы бөлімшелер туралы ережелерді бекітеді;
қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарма бөлімдері басшыларын және Басқарма жұмыскерлерін лауазымға тағайындайды және босатады;
заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма жұмыскерлерін көтермелеу, материалдық көмек көрсету және тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;
Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
оған заңнамамен және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұйымдастыру-өкімдік актілерімен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қаржы департаментіне берілген құқықтар шегінде материалдық-техникалық құралдарды сатып алу және бөлу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
Басқарма жұмыскерлеріне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кезекті демалыс береді.
- Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды басшының бұйрығымен белгіленген адам жүзеге асырады.
- Басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін өкілеттіктерді бөлу және олардың функционалдық міндеттері туралы бұйрыққа сәйкес айқындайды.
5-тарау. Басқарманың мүлкі
- Басқарманың мүлкін құны оның теңгерімінде көрсетілетін заңды тұлғаның активтері құрайды.
Басқарманың мүлкі:
- оған мемлекет берген мүлік;
- шаруашылық қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда);
- Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге
де көздер есебінен қалыптастырылады.
- Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және бюджеттен бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге
де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
- Басқармаға бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
- Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізеді және есептілікті ұсынады.
6-тарау. Басқарманың жұмыс режимі
- Басқарманың жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібі қағидаларымен айқындалады және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.
7-тарау. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу
- Басқарманың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Бас Прокурордың шешімі бойынша жүргізіледі және «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аумақтық әділет органдарында мемлекеттік тіркеу рәсімінен өтеді.
8-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату шарттары
- Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басшы Мэлсбек Омарұлы Изимов ________________
Т. А.Ә. (ол бар болса) (қолы)