
Сарысу ауданының прокуратурасы инвестор мен 26 кәсіпкердің қызметіне кедергі келтірген әкімшілік кедергілерді жойды.
Табиғи монополия субъектілерінің қызметіне жүргізілген талдау барысында «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны кәсіпкерлерге техникалық шарттарды заңнамада көзделген үш жылдың орнына бір жыл мерзімге бергені анықталды.
Атап айтқанда, 2023 жылдан бастап минералды тыңайтқыштар өндіру жобасын іске асырып жатқан «Еврохим» ЖШС-не сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосылуға арналған техникалық шарттар бір жыл мерзімге ғана беріліп келген.
Бұл кәсіпкерлерді құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеуге мәжбүрлеп, рәсімдеу процесі 15 күнтізбелік күнге дейін созылған.
Прокуратураның араласуымен инвестор мен 26 кәсіпкерге берілген техникалық шарттар үш жыл мерзімге қайта рәсімделді.
Сонымен қатар, заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Осылайша, прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызметіне кедергі келтірген әкімшілік тосқауылдар жойылды.
Жамбыл облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды құқықтарын қорғау үшін 8(775)891-25-52 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.
Жамбыл облысының прокуратурасы
Сарысу ауданында прокуратура мен полицияның бірлескен шаралары нәтижесінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысымен мал ұрлығына қатысы бар үш тұлғадан тұратын топ анықталды.
Анықталғандай, аталған тұлғалар 2025 жылғы 10 қазаннан 2026 жылғы 7 наурызға дейінгі кезеңде түнгі уақытта жайылымдардан айдап әкету арқылы жалпы сомасы 11,5 млн теңгені құрайтын 23 бас малды ұрлаған.
Қазіргі уақытта жәбірленушілерге келтірілген залал толық өтелді.
ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 3-бөлігінің 1)-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іс айыптау актісімен мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар 3 бас малды ұрлаған басқа тұлғаға қатысты сот айыптау үкімін шығарды. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, оған нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Жалпы, ағымдағы жылы аудан аумағында мал ұрлығына байланысты 9 қылмыс тіркеліп, оның 7-еуі ашылды, бұл 77,7%-ды құрайды.
Прокуратура ескертеді: бөтеннің малын ұрлағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық көзделген, мүлікті тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Жамбыл облысының прокуратурасы
Жамбыл облысында халықпен кері байланысты нығайтуға және жергілікті жерлердегі проблемалық мәселелерді жедел шешуге бағытталған «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында кезекті акция өтті.
Бір апта ішінде облыстың барлық аудандары мен қалаларында уәкілетті және құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен азаматтарды қабылдау өткізілді. Қабылдауларды көшпелі форматта өткізу нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрғын қамтылды.
Кері байланыс беруге арналған заманауи QR-кодты қолдану өткізілген іс-шаралардың сапасын бағалауға ғана емес, азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді жедел анықтап, оларды сол жерде шешуге мүмкіндік берді.
800-ден астам азаматқа заң және өзге де бейінді салалар бойынша көмек көрсетілді. Атап айтқанда, адвокаттардан, нотариустардан, сот орындаушыларынан, ХҚКО мамандарынан, сондай-ақ денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларының мамандарынан консультациялар берілді.
Кешенді тәсіл 1,1 мыңнан астам азаматтың мүддесіне қатысты жүйелі мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 132 азаматтың, үш кәсіпорын жұмысшыларының және 15 кәсіпкердің өтініштері оң шешімін тапты.
Мәселен, Талас ауданында облыс прокуроры Жандос Әбдібаевтың қатысуымен 25 азаматтың әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналасу және алимент өндіру мәселелері жергілікті жерде шешілді.
Сегіз тұрғын үй алу кезегіне қою бойынша көмек алды. Сонымен қатар екі көпбалалы отбасы ағымдағы жылы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады.
Жоба аясында құқық бұзушылықтардың алдын алуға және мал ұрлығының жолын кесуге ерекше көңіл бөлінді.
Көшпелі ветеринариялық бөлімше шалғайдағы ауылдарда 300-ге жуық құлынға чип жүргізді. Шаруашылық иелеріне жарық шағылыстыратын құралдар табысталды. Бұдан бөлек, GPS құрылғыларын орнату және малды орталықтандырылған жайылымда бағуды ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл малдың жоғалу қауіпін азайтуға мүмкіндік береді.
Облыс прокуроры мемлекеттік органдардың халықпен ашық диалогы проблемалық мәселелерді уақтылы анықтау және шешу, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі құралдарының бірі екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
«Қоғаммен байланыс» жобасы өзінің сұранысқа ие әрі тиімді екенін дәлелдеді және тұрақты негізде іске асырылуда.
Жамбыл облысының прокуратурасы
Жамбыл облысының прокуратурасы Шымкент қаласының прокуратурасынан «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған экологиялық челленджді қабылдады.
Прокуратура қызметкерлері оқушылармен бірге №54 жаңа орта мектептің аумағына ағаштар мен жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызды.
Балалар үшін бұл тек экологиялық іс-шараға қатысу ғана емес, өз қолдарымен мектеп ауласын көгалдандырып, қоршаған ортаны сақтауға өз үлестерін қосу мүмкіндігі.
Акцияға қатысушылар экологиялық мәдениет сөзбен ғана емес, нақты істермен қалыптасатынын атап өтті. «Таза Қазақстан» – бұл біз бірге қалыптастыратын таза, жасыл әрі жауапты ел.
Экологиялық челлендж эстафетасы Қарағанды облысының прокуратурасына жолданды.
Жамбыл облысының прокуратурасы
Талас ауданында прокуратура «Beskuduk Tas» ЖШС инвесторына жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын рәсімдеуге көмектесті.
Инвестициялық жобаны іске асыру барысында компания жер қатынастарын рәсімдеу мерзімінің созылуына тап болған.
2026 жылғы 25 тамызда «Beskuduk Tas» ЖШС Талас ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру туралы өтінішпен жүгінген.
Алайда инвестордың өтініші негізсіз түрде облыстық басқармаға жолданған. Кейін онда өтінішпен қайтадан аудандық бөлімге жүгіну қажеттігі түсіндірілген. Соның салдарынан жер қатынастарын рәсімдеу созылып кеткен.
Талас ауданының прокуратурасы инвестициялық басым жобаларды іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау барысында заң бұзушылықтарды анықтап, прокурорлық қадағалау актісін енгізді.
Оны қарау нәтижесінде инвесторға тиісті жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру бойынша 3 шарт жасалды.
Сонымен қатар жер қатынастары бөлімінің кінәлі лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Осылайша, прокуратураның араласуы әкімшілік кедергіні жоюға және инвестордың қажетті жер құқықтарын рәсімдеуіне мүмкіндік берді.
Жамбыл облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 8 (775) 891-25-52 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.
Жамбыл облысының прокуратурасы
Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілерінің жолын кесу мақсатында Қордай ауданының прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен ведомствоаралық тергеу-жедел тобын құрды.
Жүргізілген келісілген тергеу-жедел іс-шаралар кешені нәтижесінде ағымдағы жылдың мамыр-шілде айлары аралығында Алматы қаласы аумағында белгіленген өткізу пункттерінен тыс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларының 10 азаматы анықталды.
Заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен 4 адам әшкереленіп, ұсталды, оның ішінде 3-і Қазақстан Республикасының, 1-і Қырғыз Республикасының азаматы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары бойынша Қырғыз Республикасының азаматы шетелдік азаматтарды Мемлекеттік шекараға дейін сүйемелдеуді жүзеге асырған, кейіннен оларды Қазақстан Республикасының аумағында Алматы қаласына одан әрі тасымалдауды қамтамасыз еткен сыбайластары қарсы алып отырған.
Барлық күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК 394-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
ҚПК-тің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайды.
Қордай ауданының прокуратурасы Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, сол сияқты заңсыз көші-қонды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.
Шекара аймағында заңдылықты қамтамасыз ету және бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстар жалғасуда.
Жамбыл облысының прокуратурасы
Жамбыл облысының прокуроры Жандос Әбдібаев «Тараз» индустриялық аймағында болып, инвесторлармен кездесті.
Қазіргі таңда индустриялық аймақта жалпы құны 167,1 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Бүгінде алты өндіріс іске қосылып, 237 жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта жұмыс орындарының саны 1 900-ден асады деп жоспарлануда.
Кездесу барысында инвесторлар жобаларды іске асыруға кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, электр қуатының тұрақсыздығы, жол инфрақұрылымының жеткіліксіздігі және рұқсат құжаттарын алу мерзімдерінің ұзақтығы айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс прокуроры мемлекеттік органдарға инвесторлардың проблемалық мәселелерін қысқа мерзімде шешуді және әкімшілік кедергілерді жою бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар анықталған проблемаларды шешу мақсатында облыс әкіміне тиісті хат жолданды.
Жамбыл облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 8 775 891 25 52 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.
Жамбыл облысының прокуратурасы
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның қайталануына жол бермеу – Жамбыл облысы прокуратурасы қызметінің басым бағыттарының бірі.
Ағымдағы жылдың басынан бері Жамбыл ауданында бір мекенжай бойынша отбасылық-тұрмыстық жанжалға қатысты төрт рет хабарлама түскен.
Анықталғандай, 62 жастағы ер адам бірнеше жыл бойы бұрынғы бірге тұрған әйелінің тұрғылықты жеріне бірнеше рет келіп, жанжал шығарып, отбасы мүшелеріне қатысты қорқыту әрекеттерін жасаған және мүмкіндігі шектеулі әйелге күш қолданған.
Бұған дейін аталған ер адам әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Алайда, соған қарамастан, ол қорғау нұсқамасының талаптарын қайта бұзған.
Прокуратураның жүргізген жұмыстарының нәтижесінде аталған фактіге құқықтық баға берілді.
2026 жылғы 4 тамыздағы аудандық соттың қаулысымен ер адам Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 461-бабында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.
Прокуратура ескертеді: зорлық-зомбылық – «отбасылық мәселе» емес, ол үшін заңнамада жауаптылық көзделген құқық бұзушылық.
Жамбыл облысының прокуратурасы
Меркі ауданының прокуратурасы «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ-нің (ППТК) қызметінде кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталу жағдайына талдау жүргізді.
Талдау нәтижесінде ППТК-ға баратын 204 кәмелетке толмаған балаға түзету көмегін ұйымдастыру барысында қолданыстағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.
Атап айтқанда, белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес баланың жасына қарай түзету сабақтарының ұзақтығы 35-тен 45 минутқа дейін болуы тиіс. Алайда, бекітілген сабақ кестесіне сәйкес ППТК мамандары өткізген сабақтардың ұзақтығы 30 минутты ғана құраған.
Сонымен қатар, білім алушылардың жеке дамыту бағдарламаларында көзделген сағат көлемі мамандардың қорытындылары мен ұсынымдары ескерілместен жоспарланғаны анықталды.
Сондай-ақ, жеке дамыту бағдарламалары, түзету сабақтарының кестесі және өткізілген сағаттарды есепке алу журналдары арасында сәйкессіздіктер анықталды.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша балалардың түзету сабақтарының кестесі мен жеке дамыту бағдарламалары заң талаптарына сәйкестендірілді.
Бұдан бөлек, анықталған заң бұзушылықтарға жол бергені үшін аталған мекеменің 15 қызметкері тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Жамбыл облысының прокуратурасы
Тараз қаласының прокуратурасымен отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар профилактикасының жай-күйіне жүргізілген талдау бір мекенжайлардан бірнеше рет түскен тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарламаларға тиісінше ден қоймау фактілерін анықтады.
Уәкілетті органдардың отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың қайталанған фактілеріне тиісінше ден қоймауы зорлық-зомбылықтың өршуіне және неғұрлым ауыр салдардың туындауына, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың жасалуына дейін алғышарттар туғызады.
Тараз қаласында отбасылық-тұрмыстық жанжалдар туралы бірнеше рет хабарламалар түскен 110 мекенжай анықталды. Отбасылық-тұрмыстық салада зорлық-зомбылық жасауға бейім тұлғаларға қатысты жеке профилактикалық жұмыс ұйымдастырылды.
Қабылданып жатқан шаралар оң нәтижесін беруде.
Мәселен, жыл басынан бері тұрғылықты мекенжайынан отбасылық жанжалдар туралы төрт хабарлама түскен отбасылық жанжал шығарушылардың біріне қатысты профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілді. Нәтижесінде соңғы үш айда аталған мекенжайдан құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар түспеген.
Сонымен бірге, қала прокуратурасымен ер адамның бұрынғы жұбайын жүйелі түрде қинау фактісі анықталды.
Анықталғандай, соңғы бір жыл бойы ер адам бұрынғы жұбайының тұрғылықты жеріне жүйелі түрде келіп, жанжал шығарған, отбасы мүшелерін қорқытумен шектелмей, әйелді бірнеше рет дене күшін қолдану арқылы, оны ұрып-соғып қорлаған.
Бұрынғы жұбайына қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауаптылыққа тартылғанына қарамастан, ер адам құқыққа қайшы әрекеттерін жалғастырған.
Қала прокуратурасының нұсқауымен ер адамға қатысты ҚК-нің 110-бабымен - «Қинау» сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдіктіге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру прокуратураның бақылауында.
Азаматтарды отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға және тиісті мәліметтер болған жағдайда құқық қорғау органдарына уақтылы жүгінуге шақырамыз.
Жамбыл облысының прокуратурасы