ШҚО-да бизнесті заңсыз тексерулер анықталды

ШҚО-да бизнесті заңсыз тексерулер анықталды

ШҚО Ұлан ауданының прокуратурасы ақпараттық жүйелерге (ЕРСОП, СИОПСО) мониторинг жүргізу барысында кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарының бұзылуын анықтады.

Мемлекеттік кірістер басқармасы аудан тұрғындарының шағымдары негізінде екі азық-түлік дүкеніне жоспардан тыс салық тексерулерін жүргізіп, нәтижесінде меншік иелері рұқсатсыз алкогольдік өнімдерді сатқаны үшін Әкімшілік кодекстің 283-1 бабы, 5-бөлігі, 283-1 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Материалдарды зерделеу барысында кәсіпкерлердің алкоголь өнімдерін сатуға тиісті лицензиялары бар екені, яғни, оларға қатысты хаттамалар заңсыз жасалғаны анықталды.

Бұдан басқа, салық органының тексеру жүргізуіне тексерушілердің өздерінің жұбайларының шағымдары негіз болғаны белгілі болды.

Прокурордың өтінішхаты бойынша сот әкімшілік істерді құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша ШҚО МКД-нің лауазымды тұлғалары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

 

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы