
Ұлытау облысы Қаражал қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен құны 2,5 млрд теңгені құрайтын темір-марганец кендерін өндіру жобасын іске асыруға кедергі келтірген әкімшілік тосқауылды жойды.
«Сарыарқа IRON» ЖШС Үлкен Қытай кен орнында инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 5 қыркүйектегі шешімімен инвесторға жер учаскесі қайтарылып, жер қойнауын пайдалану келісімшарты қалпына келтірілді.
Алайда бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының 23 млн теңге көлеміндегі салық берешегіне байланысты туындаған ауыртпалық салдарынан жер учаскесін толық рәсімдеу мүмкін болмаған. Бұл ретте атап өту керек, инвестордың аталған міндеттемелерге қатысы жоқ және ол басқа заңды тұлғаның берешегі үшін жауапты емес.
Сондықтан прокурорлық қадағалау акті бойынша заңсыз ауыртпалық алынып, инвестордың құқығы қорғалды. Жобаны іске асыруға кедергі болған мәселелер шешілді.
Прокуратура органдары инвесторлардың құқығын қорғау және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Ұлытау облысының прокуратурасы әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарға көмек көрсету кезінде олардың құқықтарының шектелгенін анықтады.
Біржолғы төлемдер белгіленген тізбеге енгізілген 11 аурудың тек 3 түрі бойынша ғана тағайындалған. Қалған аурулары бар азаматтар мұндай қолдауды алмаған.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде нормативтік құқықтық актілер қайта қаралып, көмек алушылардың қатары кеңейтілді. Нәтижесінде Ұлытау облысының 9 мыңнан астам тұрғыны біржолғы әлеуметтік төлем алады.
Ұлытау облысының прокуратурасы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 250-ден астам баланың өздеріне тиесілі қолдауды алмағанын анықтады. Заңды негіздер болғанына қарамастан, білім беру ұйымдары балаларды мемлекет көздеген көмекпен қамтамасыз етпеген.
Прокуратураның араласуынан кейін балаларға жалпы сомасы 12,7 млн теңге қаржылай көмек көрсетіліп, оқу жылы бойы тегін ыстық тамақ берілді.
Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Уәкілетті органдарға заң бұзушылықтардың себептерін жою және олардың қайталануына жол бермеу тапсырылды.
Балалардың құқықтарын қорғау облыс прокуратурасының бақылауында.
Ұлытау облысының прокуратурасы қалалар мен ауылдарды көгалдандыруға бағытталған «Табиғатқа мүмкіндік бер» экологиялық акциясын бастады. Прокурорлардың бастамасын мектеп оқушылары, мемлекеттік қызметшілер және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қолдады.
«Әр адам кемінде бір өрік сүйегін сақтап, отырғызса, бірлескен күш-жігерімізбен мыңдаған ағаш өсіре аламыз», - деп Ұлытау облысының прокуроры Жасұлан Еламанов атап өтті.
Прокуратура өскелең ұрпақты акцияға тартуға ерекше көңіл бөлуде. Өсімдіктерді отырғызуға және күтіп-баптауға қатысу балаларды табиғатқа ұқыпты қарауға іс жүзінде үйретеді.
Облыс прокуратурасы тұрғындарды бастаманы қолдап, туған өлкені көгалдандыруға өз үлестерін қосуға шақырады.
Сүйекті тастама — табиғатқа мүмкіндік бер!
#OneSeedOneTree
#ТабиғатқаМүмкіндікБер
#ЖасылҚазақстан
#ТазаҚазақстан
Ұлытау облысының прокуратурасы елді мекендерді көгалдандыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған өрік сүйектерін жаппай отырғызу жөніндегі экологиялық бастаманы қолға алды.
Бастаманың негізінде әркімге түсінікті әрі қолжетімді қарапайым идея жатыр: өрік пен кептірілген өріктің сүйектерін тастамай, оларды жинап, отырғызу материалы ретінде пайдалану.
Өрік әртүрлі табиғи жағдайларға жақсы бейімделеді, ал оны сүйектен өсіру күрделі дайындықты қажет етпейді. Көпшілік жұмыла қатысқан жағдайда осындай қарапайым әрекеттің өзі уақыт өте келе елеулі экологиялық нәтиже береді.
Бұл бастама Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялау туралы шешімі аясында ерекше маңызға ие.
Ұлытау облысында бұл идея іс жүзінде жүзеге асырыла бастады. Бастамаға мектеп оқушылары мен мемлекеттік органдар қосылып, өңір аумағында сүйектерді жинау және отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Өскелең ұрпақты тартуға ерекше назар аударылды. Балалардың көшет отырғызуға қатысуы көгалдандыруға нақты үлес қосып қана қоймай, олардың бойында жастайынан табиғатқа ұқыпты қарау мәдениеті мен қоршаған ортаның жай-күйіне деген жеке жауапкершілікті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бастаманың басты ерекшелігі – оның қолжетімділігінде. Қатысу үшін арнайы жабдық пен қомақты қаражат қажет емес: сүйекті сақтап, оның ағашқа айналуына мүмкіндік беру жеткілікті.
Егер осы қарапайым бастаманы мыңдаған адам қолдаса, бүгін отырғызылған сүйектер келешекте мыңдаған ағашқа айналып, қалалар мен ауылдардың жасыл желекке бөленуіне әрі пайдалы экологиялық әдеттің қалыптасуына ықпал етеді.
Сүйекті тастама — табиғатқа мүмкіндік бер!
Білім күнінде, Жаңаарқа ауданының Манадыр ауылында мектептің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Оның құрылысына заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару есебінен қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордан 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды.
Салтанатты рәсімге Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, облыс прокуроры Жасұлан Еламанов, педагогтер, ата-аналар, оқушылар, ауыл тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастау – балаларымыздың болашағына жасалған маңызды қадам. Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен облыста жалпы құны 20 млрд теңгеден асатын 17 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылуда. Оның 12-сі аяқталды. Манадыр мектебі – сол нысандардың бірі», - деді облыс әкімі Есет Байкен.
Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай. Мектепте 18 оқу кабинеті, робототехника кабинеті және спорт залы жабдықталған. Аумақта баскетбол және футбол алаңдары салынған. Жасалған жағдай ауыл балаларының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
«Заңсыз иемденілген активтерді қайтару бюджет қаражатын толықтырумен ғана шектелмейді. Оның түпкі мақсаты – қайтарылған қаражатты халықтың игілігіне және елдің дамуына бағыттау. Бүгін біз оның нақты нәтижесін көріп отырмыз: бұл қаражат балалардың білімі мен болашағына қызмет ететін мектеп болып елге қайтарылды. Бұл – заң үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілік қағидаттарының іс жүзіндегі көрінісі», - деп, облыс прокуроры Жасұлан Еламанов атап өтті.
Жалпы, Жаңаарқа ауданында қайтарылған активтер есебінен білім беру, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау салаларында алты жоба іске асырылды. Олардың пайдалануға берілуі ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
Елді мекендерді абаттандыру саласында заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында облыс прокуратурасы полиция органдары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестірді.
Соңғы 10 күн ішінде 13 рейдтік іс-шара өткізіліп, белгіленбеген орындарға қоқыс тастау, абаттандыру қағидаларын бұзу және ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактілері анықталды.
Рейдтердің нәтижесі бойынша 278 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Сонымен қатар, 13 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 5-еуі жойылды. Қалған заңсыз қалдық орналастыру орындарын жою жұмыстары жалғасуда және уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында.
Ұлытау облысының прокуратурасы белгіленбеген орындарға қоқыс тастау, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, сондай-ақ коммуналдық қалдықтарды арнайы бөлінген алаңдардан тыс жерлерде жинау заңнама талаптарын бұзу болып табылатынын және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.
Абаттандыру қағидаларын сақтау – әрбір тұрғынның тазалықты, экологиялық қауіпсіздікті және өмір сүруге қолайлы ортаны сақтауға қосқан үлесі.
Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір кентінде заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары аясында бюджетке түскен қаражат есебінен салынған дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсімі өтті.
Аталған жоба қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға тиімді пайдаланудың кезекті жарқын үлгісі болды.
Жаңа денсаулық сақтау нысаны кент тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтамасыз етіп, қажетті медициналық қызметтерді уақытылы алуға, профилактикалық тексерулерден өтуге және тұрғылықты жері бойынша мамандардың бақылауында болуға мүмкіндік береді.
Амбулаторияны пайдалануға беру халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін едәуір арттыруға, медициналық қызмет көрсетуге қолайлы жағдай жасауға және өңірдің денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға ықпал етеді.
Мемлекет заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға және оларды қоғам игілігі үшін пайдалануға бағытталған саясатты жүйелі түрде жүзеге асыруда. Бюджетке қайтарылған қаражат денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық сала нысандарын қоса алғанда, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салуға және жаңғыртуға бағытталуда.
Қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік жобаларды іске асыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің өңірлерін дамытуға өз үлесін қоса береді.
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асырып жатқан «Mezgilder Qushteri» ЖШС-нің құқықтарын қорғады.
Инвестордың құқықтарының бұзылуы кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштерін қарау кезінде заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау барысында анықталды.
Анықталғандай, компания 2025 жылдың шілде айынан бастап импортталған жабдықтар бойынша артық төленген қосылған құн салығын қайтару мәселесімен мемлекеттік кірістер органына бірнеше рет жүгінген.
Барлық қажетті құжаттарды ұсынғанына және қайта-қайта өтініш бергеніне қарамастан, мәселе ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған.
Салық кодексінің талаптарына сәйкес, салық берешегі болмаған жағдайда артық төленген сома салық төлеушінің өтініші негізінде заңда белгіленген мерзімдерде қайтарылуға тиіс.
Инвестордың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында қала прокуратурасы прокурорлық қадағалау актісін енгізді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде компанияға жалпы сомасы 55 млн теңге артық төленген салық төлемдері қайтарылды.
Ұлытау облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды +7 (775) 873-66-36 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.
Ұлытау облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Жаңаарқа ауданы прокуратурасының талдауы барысында мектептерде оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде заң бұзушылықтар анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде тамақтану мәзірі санитариялық талаптарға сәйкестендіріліп, тегін тамақпен қамтылған 2534 баланың күнделікті тағам үлесі ұлғайтылды, сондай-ақ ұсынылатын тағамдардың сапасына бақылау күшейтілді.
Жіберілген заң бұзушылықтар үшін жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камераларына жүргізілген мониторинг барысында аудан мектептерінің бірінде кәмелетке толмаған балаға қатысты жүйелі түрде қорлау мен дене жарақатын келтіру фактілері арқылы буллингті жасыру дерегі анықталды.
Прокуратураның араласуынан кейін кінәлі кәмелетке толмағандардың ата-аналары, сондай-ақ білім беру ұйымы директорының орынбасары әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.