
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласының прокуратурасы «Мөлдір бұлақ» іс-шарасын ұйымдастырды.
Қала прокуроры Елдос Сағиевтің қатысуымен прокуратура қызметкерлері Қошқар ата өзенінің бастауындағы аумақты тазарту жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – табиғи су көздерін сақтау, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету және табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Қала прокуроры таза қала – баршаға ортақ міндет, ал табиғатты қорғау – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Экологиялық қолайлы ортаны сақтау әр адамның жеке үлгісі мен қоршаған ортаға деген жауапты көзқарасынан басталады.
Мұндай іс-шаралар экологиялық мәдениетті дамытуға, қоғамдық жауапкершілікті нығайтуға және туған өлкенің табиғи байлықтарына ұқыпты қарауды қалыптастыруға ықпал етеді.
Қала прокуратурасы әрбір тұрғынды табиғатқа жанашырлықпен қарап, туған өлкенің тазалығын сақтауға шақырады. Өйткені тазалық қоқыс жиналатын жерден емес, қоқыс тасталмайтын жерден басталады.
Шымкент қалсының прокуратурасы
Шымкент қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің инвесторлардың қызметіне заңсыз араласу фактілерін анықтады.
Прокурорлық қадағалау барысында мемлекеттік кірістер органдары инвестор – «White Fellow-Deer» ЖШС-ның шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы әкімшілік акт шығарғаны анықталды.
Кейін компания корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша салық есептілігін тапсырып, хабарлама талаптарын орындаған. Осылайша, шығыс операцияларын тоқтатуға негіз болған себептер жойылған.
Салық кодексінің 86-бабы 7-тармағына сәйкес, мұндай жағдайда әкімшілік актіні шығарған салық органы оның күшін себептер жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жоюға міндетті.
Алайда Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті инвестордың шоттары бойынша шығыс операцияларын бір жұмыс күні ішінде қалпына келтірудің орнына, әкімшілік актінің күшін тек 4 айдан кейін жойған.
Осы факті бойынша кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 216 250 теңге айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, инвесторлардың банк шоттарына қойылған шектеулерді уақтылы алып тастамаған тағы үш салық органының қызметкері әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Прокуратура инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау, сондай-ақ олардың қызметіне заңсыз әкімшілік араласу фактілерінің жолын кесу және мұндай кедергілердің алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастырады.
Шымкент қаласының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды +7 (707) 615-00-10 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.
Шымкент қалсының прокуратурасы
2026 жылғы 27 тамызда Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әлеуметтік желідегі «оңай ақша табу» туралы жарнамаға сеніп, есірткі заттарын өткізген кәмелетке толмағанға қатысты үкім шығарылды.
Жасөспірімге күніне 30-40 мың теңге табыс табу уәде етіліп, психотроптық заттарды белгіленген орындарға жасыру тапсырылған. Кейін ол психотроптық заттарды 51 500 теңгеге өткізген.
Сот оның әрекетін ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігімен саралап, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Прокуратура жастарды әлеуметтік желілердегі «тез ақша табу» туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады.
Есірткі заттарын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау және өткізу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Құрметті ата-аналар балалардың болашағы – бір сәттік оңай табыстан әлдеқайда қымбат.
Заңды сақтап, олардың болашағыңа жауапкершілікпен қарайық!
Шымкент қаласының прокуратурасы
«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Абай ауданының прокуратурасы мектеп оқушылары арасында футбол турнирін ұйымдастырды.
Бұл іс-шара арқылы жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортқа деген қызығушылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілді.
Іс-шараға Абай ауданында орналасқан 38 мектептің оқушылары, Абай ауданының активі, спортшылар мен танымал блогерлер де қатысып, жасөспірімдерді спортпен шұғылдануға, тәртіп пен салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Жарыс барысында жас футболшылар командалық бірлік, шеберлік пен жеңіске деген жігерлерін көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған командалар кубоктармен, медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ үздік ойын көрсеткен қатысушылар арнайы номинациялар бойынша атап өтілді.
Осындай іс-шаралар жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге, спортқа баулуға және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Шымкент қаласының прокуратурасы
Шымкент қаласының прокуратурасы «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған экологиялық челленджді Түркістан облысының прокуратурасынан қабылдады.
Эстафетаның қайтарылған активтер есебінен салынған, балаларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отырған Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің аумағында өткізілуінің өзіндік мәні бар.
Бұл – тек тазалық мәдениетін қалыптастыру мен табиғатқа ұқыпты қарауға бағытталған маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған игі бастама.
Балалардың іс-шараға қатысуы олардың туған өлкесіне деген жанашырлық сезімін қалыптастырып, табиғатты аялау мәдениетін жастайынан бойына сіңіруге ықпал етеді.
«Таза Қазақстан» – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Эстафета Жамбыл облысының прокуратурасына жолданды!
Шымкент қаласының прокуратурасы
Қала прокуратурасымен Конституциялық Соттың 2026 жылғы 11 маусымдағы №86-НҚ Нормативтік қаулысын іс жүзінде орындау қамтамасыз етілді.
Бұған дейін баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы сот шешімдерін орындау барысында жеке сот орындаушысының қызметіне ақы екі тараптан да, оның ішінде сот шешімі пайдасына шығарылған ата-анадан да өндіріліп келген.
Конституциялық Сот мұндай тәсілдің жол берілмейтінін атап өтіп, сот шешімін орындау сот арқылы қорғалу құқығының ажырамас бөлігі екенін және өндіріп алушы үшін қосымша кедергілер туғызбауға тиіс екенін көрсетті.
Қала прокуратурасы жүргізген талдау барысында Нормативтік қаулы күшіне енгеннен кейін де үш жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардан қызмет ақысын заңсыз өндіруді жалғастырғаны анықталды.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша азаматтардың құқықтары қалпына келтіріліп, заңсыз өндірілген қаражат толық көлемде қайтарылды.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және Конституциялық Сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
Шымкент қаласының прокуратурасы
Шымкент қаласының прокуратурасында марапаттау рәсімі өтті. Комиссия отырысының шешіміне сәйкес, 10 номинация бойынша үздіктер анықталып, қала прокурорының атынан марапатталды.
«10 үздік» номинацияларының иегерлері:
1. «Сот өкілдігінің озаты» – 6-басқарма прокуроры Байымбетов Еркін Серікбайұлы.
2. «Тұрақтылық тірегі» – қала прокурорының аға көмекшісі – топ жетекшісі Базарбаев Нариман Сайдиганиұлы.
3. «Кәсіби процессуалист» – Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Сәдібеков Ерлан Шораұлы.
4. «Білгір тәлімгер» – 2-басқарма бастығының орынбасары Лебаев Айдос Жақсыбекұлы.
5. «Талдау шебері» – 1-басқарма аға прокуроры Шунеев Біржан Жолдыбайұлы.
6. «Қоғам қалқаны» – Әл-Фараби ауданы прокуратурасының аға прокуроры Есжанова Меруерт Нұрланқызы.
7. «Әділдік қыраны» – Абай ауданы прокуратурасының аға прокуроры Тұрлыби Нұрым Ұланұлы.
8. «Жас үміт» – Абай ауданы прокуратурасының прокуроры Жұмабаев Дінмұхамед Нұрмолдайұлы.
9. «Ұйымшыл ұжым» – 1-басқарма.
10. «Үздік көшбасшы» – 6-басқарма бастығы Алдабергенов Нұрлан Есіркепұлы.
Шымкент қаласының прокуратурасы
Шымкент қаласында тиісті маман сертификаты мен лицензиясы болмай пластикалық хирургия саласында медициналық қызмет көрсеткен тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотпен оның жәбірленушіге блефаропластика операциясын жасағаны, нәтижесінде жәбірленушінің бір көзінің көру қабілетін толық жоғалтқаны анықталды.
Сот үкімімен тұлға ҚР ҚК-нің 322-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ 3 жыл мерзімге медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Абай ауданының прокуратурасы ескертеді: тиісті лицензиясы мен біліктілігі жоқ тұлғалардың медициналық қызметіне жүгіну азаматтардың өмірі мен денсаулығына ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Медициналық көмекті тек лицензиясы бар медициналық ұйымдар мен білікті мамандардан алуға шақырады
Шымкент қаласының прокуратурасы
Шымкент қаласы Қаратау ауданының прокуратурасы мүгедектігі бар балалардың құқықтарының сақталуына талдау жүргізді.
Талдау нәтижесінде Әлеуметтік кодекстің 10 және 170-баптарының талаптарын бұзу фактілері анықталды.
Атап айтқанда, мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдеріне заңнамада көзделген әлеуметтік қолдау шаралары, оның ішінде үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу тәртібі туралы тиісті ақпарат берілмеген.
Нәтижесінде 700 баланың заңды өкілдері өздеріне тиесілі әлеуметтік төлемдер мен оларды алу тәртібі туралы хабардар болмаған.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заң бұзушылықтар жойылып, мүгедектігі бар балалардың құқықтарын қорғау бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Прокуратура әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жұмысын жалғастыруда.
Шымкент қаласының прокуратурасы
Еңбекші ауданының прокуратурасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында «YUG PLASTIC KZ» ЖШС жобасын іске асыруға кедергі келтірген мәселелерді анықтады.
Компания «Жұлдыз» индустриялық аймағында 1,4 млрд теңге инвестиция тарту және 100 жұмыс орнын құруды көздейтін инвестициялық жобаны іске асыруда.
«Бизнес Шымкент» өңірлік үйлестіру кеңесінің 2026 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен серіктестікке дайын өнім қоймасын салу жобасын іске асыру үшін қосымша 1 га жер учаскесі бөлінген.
Алайда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компаниясы» АҚ тарапынан индустриялық аймақ қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру және жер учаскесін уақытша пайдалану бойынша қажетті шарттар уақтылы рәсімделмеген.
Осының салдарынан инвестор жобаны одан әрі толыққанды іске асыруға кірісе алмаған.
Прокуратураның араласуы нәтижесінде қажетті шарттар инвестормен рәсімделіп, анықталған кедергілер жойылды.
Прокуратура инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау бағытындағы жұмысты жалғастырады.
Шымкент қаласының прокуратурасы