
Прокуратура органдарында азаматтарды жеке қабылдау Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының кодекстеріне (ӘРПК, ҚПК, АПК, ӘҚБтК) және Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар өкілдерін жеке қабылдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар өкілдерін жеке қабылдауды прокуратура органдарының мынадай лауазымды адамдары жүзеге асырады:
- облыс прокуроры Жүйріктаев Берік Қуанышбекұлы:
- облыс прокурорының бірінші орынбасары Дүйсекенов Ержан Ерғанатұлы (қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысы мәселелері бойынша);
- облыс прокурорының орынбасары Ертаев Бауыржан Ақылбекұлы (әлеуметтік-экономикалық сала мәселелері, әкімшілік істер бойынша);
- облыс прокурорының орынбасары Искаков Ербол Кенжебекұлы (қылмыстық және азаматтық істер, атқарушылық іс жүргізу, үкімдерді орындау бойынша сот актілерінің заңдылығы мәселелері бойынша);
- құрылымдық бөлімшелердің бастықтары, облыс прокурорының аға көмекшілері мен көмекшілері.
Қабылдауға жазылу
Қабылдауға алдын ала жазылу тікелей прокуратураның құзыретіне жататын мәселелер бойынша, сондай-ақ Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар өкілдерінің басшыға қабылдауға алдын ала жазылуы мереке, демалыс күндерінен басқа күн сайын жүргізіледі.
Азаматтарды қабылдауға жазу арыз иесі ұсынған құжаттар мен онымен хат алмасу материалдарын зерделегеннен кейін жүзеге асырылады.
Жеке қабылдауға жазылу туралы өтінімдер: «egov.kz» порталынан, прокуратура кеңсесі немесе Қазпошта АҚ арқылы қағаз форматтағы жолданымдар, сондай-ақ Бас прокуратураның Call-орталығына келіп түскен өтінімдер арқылы қабылданады.
ӘРПК-нің 63-бабының жалпы талаптарына сәйкес келмейтін (мәселенің мәні баяндалмаған) жеке қабылдау туралы жолданым оны берген адамға қараусыз қайтарылады.
Қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті прокурорлар кейінге қалдыруға жол бермейтін мән-жайлар болған кезде облыстық және аудандық буын прокурорларына және олардың орынбасарларына қабылдау кестесінен тыс жеке қабылдауды ұйымдастыру туралы жазбаша немесе ауызша тапсырма беруге құқылы.
Облыс прокурорына және оған теңестірілген прокурорға және олардың орынбасарларына қабылдауға жазылу жүзеге асырылмайды:
1) арыз иесін қабылдауды жүзеге асыруды Бас прокуратура тапсырған жағдайларды қоспағанда, осы мәселе бойынша прокуратураның ведомствосы, мекемесі, білім беру ұйымының басшысы, Бас әскери прокурор, Бас көлік прокуроры, облыстың оған теңестірілген прокуроры бұрын қабылдаған адамдарды;
2) соттың іс жүргізуіндегі істер бойынша сот актілеріне, сондай-ақ істерді қарау кезінде судьялардың іс-әрекеттеріне дау айту кезінде;
3) ҚПК-нің 106-бабының бірінші бөлігіне сәйкес егер жолданымды қарау соттардың құзыретіне жатса, сондай-ақ сотқа жіберілген қылмыстық істер бойынша;
4) Конституциялық заңның 24-бабына сәйкес прокуратура органдарының құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша;
5) сот актілеріне кассациялық шағым жасау мерзімін өткізіп алған кезде;
6) АПК-нің 54-бабының екінші бөлігінде көзделмеген істер бойынша сот актілеріне дау айту кезінде;
7) қылмыстық істі ҚПК-нің 102-бабында көзделген сотқа дейінгі кезеңде қысқарту туралы шешімдерге шағымдану мерзімін өткізіп алған кезде.
Жеке қабылдау рәсімі
Қабылдау жолданымның кезектілігі тәртібімен жүргізіледі. Ұлы Отан соғысына қатысушылар, оларға теңестірілген адамдар, мүгедектігі бар адамдар, жүкті әйелдер, «Алтын Қыран» ордендерімен марапатталған, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтары бар адамдар кезектен тыс қабылданады.
Қабылдау кезінде жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі өзінің жеке басын куәландыратын құжатты, ал басқа тұлғалардың атынан жүгінген кезде олардың мүдделерін білдіру өкілеттігін растайтын құжаттарды ұсынады.
Қабылдау өтініш берушінің қалауы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.
Қабылдау барысында қабылданған жазбаша жолданым тіркеуге және қарауға жатады. Егер ауызша жолданымда баяндалған фактілер мен мән-жайлар қосымша тексеруді талап етпесе, жолданымға жауап қабылдау барысында ауызша нысанда беріледі. Қажет болған жағдайда жүгінген адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына ауызша түсініктеме беріледі.
Қабылдаудандан түскен жолданымды қарау нәтижелері бойынша арыз иесіне қабылдауды жүргізген лауазымды адамның қолы қойылған дәлелді жазбаша жауап беріледі. Өтініш қанағаттандырылған кезде жауапты төмен тұрған лауазымды адам бере алады.