Бюджет қаражатын жымқырған бас есепшіге 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Бюджет қаражатын жымқырған бас есепшіге 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Сот үкімімен Маңғыстау көп бейінді облыстық ауруханасының бас есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Облыс прокуратурасының тексеруі нәтижесінде ауруханада 32 млн теңгеден астам бюджет қаражатының жымқыру фактісі анықталды.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (аса ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысында бас есепші танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың шоттарына аударып, кейін оларды қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталды.

Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді.

Сонымен қатар, бас есепшінің сыбайласына 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

 

 

     Маңғыстау облысының прокуратурасы