Маңғыстауда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қылмыс деңгейі төмендеді

Маңғыстауда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп,  қылмыс деңгейі төмендеді

Маңғыстау облысының прокуроры Серікқали Күшәлиевтың төрағалығымен «Заң мен тәртіп»: қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары» тақырыбында Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Іс-шараға құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, ауыл ақсақалдары, имамдар және қоғам белсенділері қатысты.

Отырыста өңірдегі криминогендік ахуал, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының тиімділігі, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ведомствоаралық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды.

Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 айында облыста тіркелген құқық бұзушылықтардың жалпы саны 4,5%-ға, қылмыстар саны 5,7%-ға –төмендеді.

«Айқын нәтиже» жобасы аясында құқық бұзушылықтар жиі жасалатын ойын-сауық орындарына қатысты тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде бірқатар түнгі ойын-сауық нысандарының қызметі уақытша тоқтатылып, оларда күзет қызметі енгізілді. Оқиғалар жиі тіркелетін кафе-барларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін «SOS» дабыл түймелері орнатылды.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи технологияларды қолдануға да басымдық берілуде. Криминогендік ахуалы күрделі учаскелерде құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында модульдік полиция пункттерін – «полиция капсулаларын» орналастыру жобасы іске асырылуда.

Биыл облыс аумағында 1106 жаңа бейнекамера орнату бойынша келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда 300 бейнекамера жасанды интеллект технологиясымен жұмыс істейді.

Интеллектуалды бейнебақылау жүйесі бейнеағындарды автоматты түрде талдап, іздеуде жүрген адамдарды тануға, адамдардың жаппай шоғырлануын тіркеуге және қараусыз қалған заттарды анықтауға мүмкіндік береді. Бейнежазбалар бір ай бойы сақталады, бұл тексеру және тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуге елеулі көмек көрсетеді.

Жол қауіпсіздігі саласында да оң динамика қалыптасты. Жол-көлік оқиғаларына байланысты қылмыстар саны 6,7%-ға дейін төмендеді.

«Біздің басты мақсатымыз – жасалған құқық бұзушылыққа ден қоюмен ғана шектелмей, оның түпкі себептері мен оған ықпал ететін жағдайларды алдын ала анықтап, жүйелі түрде жою. Сондықтан профилактикаға, проблемалық учаскелер бойынша нақты шаралар қабылдауға және заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға басымдық береміз», – деді облыс прокуроры.

Сондай-ақ Үйлестіру кеңесі барысында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жоғары нәтижелерге қол жеткізгендер облыс прокурорының бұйрығымен «Үздік мектеп», «Қауіпсіз ауыл», «Алкогольсіз ауыл» және «Үздік учаскелік полиция» номинациялары бойынша марапатталды.

Кеңес қорытындысы бойынша қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, заңдылықты нығайтуға бағытталған өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жөніндегі кешенді шаралар белгіленді.

 

                               Маңғыстау облысының прокуратурасы