Қазіргі кездегі Қазақстанның саяси-құқықтық даму деңгейі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының жағдайы әкімшілік юстицияның мәселелеріне терең қызығушылық туғызады.
Әкімшілік юстицияның негізгі міндеті – мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау.
Президенттің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік институттар жұмыстарын одан әрі жақсарту қажеттілігі, заң төрелігі мен әділдік принциптерін жүзеге асыру және мемлекет пен азаматтың арасындағы дауларды шешудің әкімшілік юстициясын енгізу мәселелеріне аса назар аударылған.
Аталған міндеттерді іске асыру мақсатында әділет министрлігі мен Жоғарғы сот тарапынан Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы жасақталды (әрі қарай - ӘРПК).
Кодекс белгілі бір мәселе бойынша арызды ұсыну мен соңғы шешім қабылдағанша азаматтар мен заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен сот арасындағы өзара қарым-қатынас мәселелерін біріктірді.
Бір сөзбен айтқанда, ӘРПК жай адам мен билігі бар адамның құқықтарын теңестіруге бағытталған.
ӘРПК екі бөлімнен тұрады: рәсімдік және процестік.
Бірінші бөлімінде азамат және заңды тұлғаның өтінішін мемлекеттік органдармен қарауы, ол бойынша шешім қабылдау және келіспеген жағдайда шағым келтіру процедурасы көрсетілген. Тараптардың құқықтары мен міндеттері бекітілген.
Азаматтардың өз істерін өкілдері арқылы жүргізуге құқықтары бар; сонымен қатар әкімшілік актіні қабылдау алдында тыңдалуға; материалдармен танысып, жазбалар алуға; әкімшілік актіге шағым келтіруге; өз тілінде сөйлеп, аудармашының көмегіне жүгінуге құқықтары бар.
Кодекс арыздарға жалпы талаптар бекітеді. Билік органдарымен қабылданатын шешімдер ендігі кезекте әкімшілік актілер деп аталады.
Лауазымды тұлғамен шешім 15 жұмыс күн ішінде қабылданады (2 ай мерзімге дейін ұзартылу мүмкін). Мемлекеттік органдардың жауаптарымен келіспеген жағдайда шағымдар 15 жұмыс күн ішінде қаралады.
Маңызды жаңашылдықтарға келсек.
ӘРПК-ң бірінші бөлімінде жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарау және олар бойынша мемлекеттік органдармен шешімдерді қабылдаудың деңгейлері нақты және ашық көрсетілген.
ӘРПК-ң екінші бөлімі сотта даулардың қаралуына арналған. Мұнда сот процесінің барлық тәртібі көрсетілген, арызды ұсынудан бастап шешімді қабылдағанға және сот актілерін қайта қарауға дейін нормалар бекітілген.
Әкімшілік сотпен мемлекеттік билік органдары, лауазымды тұлғалар мен жергілікті атқарушы билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне шағым келтіру туралы істер қаралады.
Сот процесінің қатысушылары талапкер, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор болып табылады.
Жауапкер ретінде тек әкімшілік орган немесе лауазымды тұлға ғана бола алады.
Әкімшілік сот өз шешімдерінің бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуге аса көңіл аударады. Бұл мақсатта ақшалай өндіру институты енгізіледі. Мұндай шараны сот шешімдері мен талаптарын орындамағаны үшін қолданады.
Ақшалай өндірудің мөлшері 10 АЕК-тен 100 АЕК аралығында болады. Ақшалай өндіру түпкілікті сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін.
Бұл шара шешімдерінің орындалуы мен іске қатысушы тұлғалардың құқықтарына деген құрметтіліктің деңгейін арттырады.
ӘРПК шеңберіндегі прокурордың міндеттері мен құзыреттілігіне тоқтала кетсек.
Прокуратура органдарының негізгі міндеті – азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру.
ӘРПК сәйкес прокурор физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға орай құқықтары мен мүдделерін қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдардың; егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас салдарларды болдырмау үшін қажет болса, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюмен жүгінуге құқылы.
Сонымен қатар әкімшілік орган, лауазымды адам заңға сәйкес келмейтін әкімшілік актіге, сондай-ақ әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) наразылықты қабылдамаған жағдайда, прокурор талап қоюмен сотқа жүгіне алады.
Азаматтық процестік Кодекске қарағанда прокурордың іске қатысуын ӘРПК нақтылап көрсетті.
ӘРПК бойынша прокурор салық, кеден, бюджет, жер, экологиялық даулар, бұған қоса сайлау құқықтарын қорғау туралы және мемлекеттік сот орындаушының әрекеттеріне (мемлекеттен және мемлекетке өндіру кезінде) шағым келтіру істеріне қатысып қорытынды береді.
Сонымен қатар айқындалмаған тұлғалар тобының және физикалық, психикалық және өзге де адамдардың құқықтары мен мүдделерін шектейтін әкімшілік акті бойынша істерге қатысады.
Аталған Кодекс құқықтық мемлекеттік идеясына сәйкес мемлекет пен қоғамның арасындағы қатынастың жаңа сатысы болып табылады. Мемлекеттік органдарға соттық бақылау жүргізу, қателіктері мен кемшіліктеріне нұсқау жасау процеске қатысушы барлық тұлғалардың жұмыс сапасын арттыруға үлесін қосады.