
Ағымдағы жылғы 24 қаңтарда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Төрағасы Сәбит Нұрлыбай 2024 жылғы жұмыс қорытындылары бойынша кеңейтілген алқа отырысын өткізді.
Отырыс барысында Комитет төрағасы орынбасарларының жетекшілік ететін қызмет бағыттары бойынша, оның ішінде мемлекеттік құқықтық статистика мен арнайы есепке алуды қалыптастыру, цифрлық жобаларды іске асыру, Мемлекет басшысы және Бас Прокурордың тапсырмаларын орындау барысы туралы есептері тыңдалды.
Комитет пен оның аумақтық департаменттерінің қадағалау қызметі шеңберінде 1 128 тексеру, 16 871 мониторинг, 937 талдау жүргізіліп, 51 513 бұзушылық түрлері анықталды, 3,8 мың прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, олар бойынша 12 мыңнан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Азаматтарға 5,8 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді («Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама беру», «Прокуратура органдарынан, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою», «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен оның аумақтық органдары архивтерінің шегінде архивтік анықтамаларды және/немесе архивтік құжаттардың көшірмелерін беру», «Адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтер беру»).
Әдеттегідей Комитет құқықтық статистика органдары мен құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігіне ғана емес, сондай-ақ жалпы азаматтардың құқықтарын қорғауға және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған инновациялық, оның ішінде жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып «Мемлекеттік айыптаушы», «Жолданымдар негізінде тәуекелдерді болжаудың аналитикалық моделі», «Деректерді бірыңғай сақтау» жобаларын іске асыруда.
Цифрлық жобаларды іске асыру нәтижесінде тергелген электрондық қылмыстық істердің үлесі 94,7% құрап, Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімін қолдана отырып электрондық форматта 14,5 млн. немесе 96,2%-ы әкімшілік хаттамалар мен нұсқамалар толтырылды.
«Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесі арқылы бизнес субъектілерін бақылаушы органдардың негізсіз қысымынан қорғау қамтамасыз етіледі.
Әкімшілік органдармен жолданымдары қарау тәртібінің сапасын бақылау шеңберінде 200 мыңнан астам әртүрлі заң бұзушылықтар анықталды, 1 712 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, олар бойынша 3 260 лауазымды тұлға, оның ішінде 2 856 тәртіптік және 404 әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша Сәбит Нұрлыбай Комитеттің алдағы жылға арналған одан әрі даму бағытын бағдарлап, қызметтің негізгі бағыттары мен болжау жұмыстарды жетілдіру бойынша басым міндеттерді белгіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде цифрлық жобаларды, оның ішінде жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
#Заң_мен_Тәртіп
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті