2024 жылғы 11 қазанда НҚА ашық деректер интернет-порталында (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15231216) Бас Прокурордың «Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 131 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы «Адамдардың жарақаттануларына немесе қаза болуларына әкеп соққан жол-көлік оқиғалары туралы» есеп нысанын және оны қалыптастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрығының жобасы орналастырылды.
Осы жобамен:
«Жүргізуші» ұғымы 2024 жылғы 3 қазандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкестендірілді;
жол-көлік оқиғаларын есепке алудан жасыру фактілерін жою үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті денсаулық сақтау органдарына ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 3-күніне, ҚСжАЕК-ның аумақтық органына апат кезінде жараланғандар мен қаза тапқандар туралы ақпаратты электронды түрде беру тапсырылды;
көлік құралы жүргізушісінің шаршап басқаруына байланысты ЖКО туралы ақпаратты субъектілердің толтыруының бірыңғай тәжірибесі енгізілуде;
АЖ мониторингі кезінде бұзушылықтар анықталған жағдайда прокурорлар оларды дербес жояды, бұл құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығын, сенімділігін және жеткіліктілігін қамтамасыз етеді.
Бұйрық жобасының жария талқылауы 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.