СДТБТ "Жария секторы" функционалының артықшылықтары туралы

СДТБТ "Жария секторы" функционалының артықшылықтары туралы

А.ж. 21 маусымда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті адвокаттық қоғамдастық өкілдерін Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміндегі (СДТБТ) «Жария секторы» функционалымен таныстырды.

Іс-шараға Бас прокуратураның, құқық қорғау мен арнайы органдардың өкілдері және адвокаттар қатысты.

Комитет төрағасының орынбасары Мұрат Құсайынов Бас прокуратура тарапынан қатысушылардың тергеу және анықтау органдарымен жедел және сапалы өзара іс-қимылына ықпал ететін қылмыстық процесті цифрландыру бойынша белсенді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Барлық процесс цифрландырылған және электрондық форматта жүргізіледі, ол бұзушылықтардың дереу жолын кесуді және қылмыстық процестің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сотқа дейінгі іс жүргізуді тергеудің электрондық форматына көшуге байланысты qamqor.gov.kz ақпараттық порталда қылмыстық процеске қатысушыларға электрондық сотқа дейінгі іс жүргізу аясында қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдармен қашықтықтан өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін СДТБТ «Жария сектор» жүйесі әзірленді.

Қылмыстық процеске қатысушылардың СДТБТ «Жария секторы» арқылы өтінішхаттар беру процесі прокурорларға онлайн-режимде уақтылы мониторинг жүргізуге және олардың сапалы қаралуына мүмкіндік береді.

Кездесу сұрақ-жауап режимінде өтті, онда барлық қатысушыларға тиісті түсіндірмелер берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша адвокаттарға осы сервисті белсенді түрде қолдану ұсынылды. Қылмыстық қудалау органдарына қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес қылмыстық процеске қатысушылардың келіп түскен өтініштері мен шағымдарына уақтылы жауап беру ұсынылды.

Сервис процестің барлық қатысушыларына жедел ақпаратпен алмасуға, қылмыстық процестің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы

есепке алу жөніндегі комитеті