А.ж. 30 қаңтарда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басшылығы Қазақстанға Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының шақыруымен келген Молдова Республикасы Ұлттық Әділет институтының делегациясымен жұмыс кездесуін өткізді.
Делегацияны Молдова Республикасы Ұлттық Әділет институты директорының міндетін атқарушысы Екатерина Поупа басқарды.
Кездесу барысында Молдовадан келген қонақтар Қазақстанның мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қадағалау қызметінің қалыптасу тарихымен, қызметінің негізгі бағыттарымен, ведомствоның прокуратура органдары жүйесіндегі рөлімен танысты.
Комитеттің басты міндеттерін негізге ала отырып, делегацияға мемлекеттік органдар мен азаматтарды елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы мәліметтермен қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтер көрсету, статистикалық есептерді қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізу, Қазақстанның құқық қорғау қызметін цифрландыру жөніндегі жұмысы көрсетілді.
Сонымен қатар делегация назарына ведомствоның qamqor.gov.kz. ақпараттық порталы көрсетілді, ол арқылы азаматтар полицияға арыз беріп, оның қаралу барысын бақылайды, қылмыстық істі тергеу барысы, айыппұлдар туралы ақпаратты көре алады, көліктің жол-көлік оқиғаларына қатысы бар жоғын тексеріп, сондай-ақ алимент бойынша борышкерлер және іздестірудегі тұлғалар туралы мәліметтерді ала алады.
Көрсетілім соңында Молдова Республикасының Ұлттық Әділет өкілдері азаматтар мен жалпы мемлекетті құқықтық ақпаратпен қамтамасыз етуде цифрландырудың жоғары деңгейін атап өтіп, алғыстарын білдірді.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті