
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күнін мерекелеуге орай салтанатты жиын өтті.
Комитет төрағасы Сәбит Нұрлыбай құрметті ардагерлер мен жеке құрамды осы Айтулы күнмен құттықтап, бүгінгі таңда Комитет еліміздің құқық қорғау және мемлекеттік органдарының қызметін жаңғырту мен цифрландыру, сондай-ақ бюрократиядан арылтудағы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Әр қызметкердің күш-жігерінің арқасында Комитет қоғамның түрлі салаларында цифрландыру көшбасшыларының бірі болып, Цифрландырудың флагманына айналды.
Сондай-ақ Төраға мемлекеттік құқықтық статистиканың қалыптасуының бастауы болған, статистиканы қалыптастырудың бірыңғай қағидаттарын әзірлеген, деректерді автоматтандырудың негізін қалаған, прокурорлардың жас буынын тәрбиелеген ардагерлердің баға жетпес үлесін атап өтті.
Бұл ретте Комитеттің ақпараттық-талдау әлеуетін және заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға ықпал ететін инновациялық жобаларды ескере отырып, ведомствоның Құқықтық талдау және мониторинг комитетіне ребрендинг жасау өзектілігі туындайды.
Атқарылған жұмыстарды атап өтіп, Сәбит Нұрлыбай ұжымға өз қызметтік борыштарына жауапкершілік танытқаны үшін алғысын білдіріп, Комитеттің ақпараттық-талдау әлеуетін одан әрі жетілдіру мен дамытудың маңыздылығына назар аударды, сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Бас Прокурордың тапсырмаларының сәтті орындалуына сенім білдірді.
Мінсіз қызметі мен міндеттерін үлгілі орындағаны үшін Бас Прокурор мен Комитет төрағасының бұйрықтарымен бірқатар қызметкерлер марапатталды.
Салтанатты іс-шараның соңында Комитет ұжымымен ұйымдастырылған концерт өтті.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті