
А.ж. 16 қарашада Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне жұмыс сапармен Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің делегациясы келді.
Іс-сапардың мақсаты – құқық қорғау органдарының қызметінде ІТ-технологияларды енгізу бойынша қазақстандық тәжірибені жан-жақты зерделеу.
Комитет төрағасы Сәбит Нұрлыбай қонақтарды қарсы алып, оларды Комитет қызметінің негізгі бағыттары мен ақпараттық жүйелерді дамытуы туралы хабардар етті. Сондай-ақ прокурорлық қадағалау мен IT-технологиялар жинақталған құқықтық ақпаратты қалыптастырудың қазақстандық моделінің ерекшелігі туралы атап өтті.
Кездесу барысында өзбек тарапы қылмыстық және әкімшілік процестерді автоматтандыру бойынша ақпараттық жүйелердің жұмысымен танысты, атап айтқанда, «Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі», «Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі», «Талдау орталығы» ақпараттық жүйелері көрсетілді.
Сонымен қатар тараптар цифрландыру саласындағы екіжақты ынтымақтастық, оның ішінде құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.
Шетелдік қонақтар аталған кездесу көптеген мәселелерді талқылауға мүмкіндік бергенін және қазақстандық тәжірибеге сүйене отырып, ақпараттық жүйелердің аналогтарын енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша делегация өкілдері алғыс айтып, жалпы цифрландыру мен бюрократиядан арылту мәселелері бойынша сындарлы диалог үшін қазақстандық прокуратураның ашықтығына ризашылығын білдірді.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті