Ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы туралы

Ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы туралы

А.ж. 31 қазанда Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Төрағасы Сәбит Нұрлыбайдың басшылығымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.

Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің (Үйлестіру кеңесі) тапсырмасы бойынша а.ж. 29 қыркүйекте жол-көлік оқиғаларының себептерін зерделеу, сондай-ақ жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған шаралар мен ұсыныстар әзірлеу үшін аталған ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.

Оның жұмысына Бас прокуратура, Бас көлік прокуратурасы, құқық қорғау органдарының, бейінді министрліктер мен ведомстволардың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Бас Прокурордың төрағалығымен өткен Үйлестіру кеңесі аясында  жол қозғалысы қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған тапсырмалар мен ұсынымдар талқыланды.

Бұдан басқа, жұмыс тобы мүшелерінің жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру және жол-көлік оқиғалары себептерін жою жөніндегі іс-шараларды орындау туралы ұсыныстар қаралды.

Әр мемлекеттік органның құзыретіне сәйкес міндеттер айқындалды, сондай-ақ талқыланған ұсыныстарды іске асыру бойынша бірлескен шаралар қабылданып, оларды егжей-тегжейлі пысықтау тапсырылды.

Алдағы уақытта жұмыс тобының отырысын ай сайын еліміздің жолдарындағы апаттық жағдайды жақсартуға бағытталған нақты шараларды әзірлей және қабылдай отырып, өткізу жоспарлануда.     

 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті