Бас прокуратура Комитетінде бірінші жартыжылдықтың жұмысы қорытындыланды

Бас прокуратура Комитетінде бірінші жартыжылдықтың жұмысы қорытындыланды

А.ж. 12 шілдеде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбайдың басшылығымен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Алқа жұмысына Комитеттің аумақтық және оларға теңестірілген департаменттерінің басшылары мен орталық аппараттың жеке құрамы қатысты.

Алқа отырысының басында Сәбит Нұрлыбай ағымдағы жылы Комитеттің негізгі күш-жігері Мемлекет басшысы мен Бас Прокурор қойған міндеттерді орындауға бағытталғанын атап өтті.

Қадағалау өкілеттіктерін қолданып мемлекеттік құқықтық статистика мен арнайы есепке алудың дұрыстығы қамтамасыз етілді.

Еліміздің жоғарғы басшылығы, Парламент, Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі және Үкімет маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау үшін елдегі қылмыстың жай-күйі, азаматтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдардың өтініштермен және басқа да деректермен жұмысы туралы сенімді болжамды-талдамалық ақпаратпен қамтамасыз етілді.

А.ж. 6 айда еліміз бойынша қылмыс деңгейі 17% - ға төмендегені атап өтілді. Комитет және оның аумақтық департаменттері қабылдаған қадағалау шаралары елдегі криминогендік ахуалдың шынайы көрінісін қамтамасыз етті. Нәтижесінде а.ж. бірінші жартыжылдығында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар санының төмендеуі - 4,8%-ды (21226-дан 20198-ге дейін), оның ішінде көшелерде -9,4%-ды (9575-тен 8675-ке дейін) құрады.

Осыған ұқсас «бұрын қылмыс жасағандар» санатында 4,5 мыңнан астам құқық бұзушылық, «алкогольдік және есірткілік мас күйінде» 1 мыңнан астам және т.б. құқық бұзушылықтар есепке қойылды.

Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте көңіл көншітпейтін үрдіске назар аударып, қоғамда, отбасында зорлық-зомбылықтың барлық жағдайларын тоқтатуды тапсырды.

Осы тапсырма шеңберінде Комитет кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың жай-күйіне талдау жасады, нәтижелері мүдделі уәкілетті органдардың қатысуымен Үкіметте қаралды, онда бейінді министрліктерге кешенді шаралар қабылдау туралы бірқатар тапсырмалар берілді.

Мемлекет басшысының құқық қорғау және өзге де органдардың күнделікті қызметіне озық цифрлық технологияларды енгізу және жетілдіру туралы тапсырмасы орындалуда.

Соңғы жылдары құқық қорғау қызметін цифрландыру қарқыны айтарлықтай артты. Егер 2019 жылы тергеліп жатқан электрондық қылмыстық істердің үлесі 5%-ды құраса, бүгін бұл 95% -ды құрайды.

Сол сияқты әкімшілік іс жүргізу бойынша 4 жыл ішінде электрондық форматтағы істер саны 2 есеге, яғни 4,5 млн-нан 9 млн-ға дейін өсті. Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі (ӘІБТ) арқылы әкімшілік хаттамалар мен нұсқамалардың 94%-ы электрондық түрде жасалды.

А.ж. наурыздан бастап елімізде ӘІБТ жүйесі арқылы сотқа істерді электрондық форматта жолдау бойынша пилоты іске қосылды. Енді барлық іс жүргізу құжаттары тікелей ӘІБТ-ден соттың «Төрелік» ақпараттық жүйесіне жолданады, бұл уақыт пен шығындарды айтарлықтай үнемдейді. Бүгінгі таңда полиция органдарының 40 мыңнан астам материалдары электронды түрде сотқа жіберілді.

Комитет ІІМ-мен бірлесіп сақтандыру компанияларына ЖКО туралы материалдарды онлайн жолдауды жүзеге асырды. Бұл процесті цифрландыру ЖКО қатысушыларының полиция органдарына бару қажеттілігін болдырмайды, барлық деректер сақтандыру төлемдерін алу үшін азамат жүгінетін сақтандыру компаниясына автоматты түрде беріледі. Қазіргі таңда полиция органдары Мемлекеттік кредиттік бюроға 18 мыңнан астам әкімшілік материалдар бойынша сақтандыру құжаттарын жолдады.

ТСОБТ ақпараттық жүйесі арқылы бизнес субъектілерін бақылаушы органдар тарапынан негізсіз қысымнан қорғау қамтамасыз етіледі. Комитет пен оның аумақтық департаментінің қадағалау шараларымен 500-ден астам заңсыз тексерулердің жолы кесілді.

Мемлекеттік органдардың өтініштерді қарау сапасын бақылау қамтамасыз етіледі. Комитет және оның департаменттерінің тексерулерімен 3 мыңнан астам бұзушылық анықталды, әрбір факті бойынша прокурорлық ден қою шаралары қабылданды, 614 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Өтініштерді қарау саласындағы мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелері туралы Президент Әкімшілігіндегі, Үкіметтегі кеңестерде бірнеше рет баяндалды, Комитет департаменттерінің басшылары әкімдерді және жергілікті атқарушы органдарды тұрақты негізде хабардар етеді.

А.ж. өткен кезеңінде азаматтарға 2,3 млн. астам мемлекеттік қызмет көрсетілді (мұрағаттар, соттылығы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анықтамалар, құжаттарға апостиль қою).

Алқа барысында Комитеттің аумақтық департаменттерінің барлық бағыттары бойынша жұмыс нәтижелері талқыланды.

Соңында Комитет төрағасы Сәбит Нұрлыбай алдағы жартыжылдыққа арналған бірқатар басым міндеттерді белгілеп, ең алдымен мемлекеттік құқықтық статистиканың дұрыстығын қамтамасыз етуге, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға, прокурорлық қадағалау шараларын күшейтуге және еліміздің жоғары басшылығының, оның ішінде процестерді одан әрі цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын сапалы орындауға бағытталған жұмыстың негізгі аспектілерін айқындады.

 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті