Жолданымдарды есепке алу және олардың қаралуы

Жолданымдарды есепке алу және олардың қаралуы

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі ретінде сындарлы қоғамдық диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Аталған стратегиялық міндет «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» өз көрінісін тапты, бұл азаматтардың сындарлы сұраныстары бойынша жедел және тиімді ден қою жолымен халық пен мемлекеттік органдар арасында кері байланысты қалыптастыруға бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын енгізуге мүмкіндік берді.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті алға қойылған міндеттерді іске асыру аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп ел бойынша «е-Otinish» ақпараттық жүйесін іске қосты, ол өтініштерді жолдау және қарау рәсімін едәуір жеңілдетті.

Осыдан бұрын азаматтар мемлекеттік органдарға қағаз жүзінде жүгініп, кеңсеге қоңырау шалу арқылы өтінішті қарау барысын қадағалап отырды, бұл тиімсіз болып, көптеген шағымдар тудырды. Қазір «е-Otinish» жүйесі барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарға «электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн режимде жүгінуге мүмкіндік береді.

Жолданымды жеткізу мерзімі 2-3 күннен бірнеше минутқа дейін қысқарды. Бұрын мемлекеттік органға өтініш беру үшін аудан орталықтарына немесе қалаларға баруға мәжбүр болған ауыл тұрғындарының уақыты ғана емес, қаражаты да үнемделді.

«Е-Otinish» жүйесінің қосымша артықшылығы өтініштерді қарау процесінің мазмұны және жауаптардың сапасын бағалау сервисін енгізу болып табылады.

Қазір ақпараттық жүйе немесе мобильді қосымша арқылы жіберілетін жолданымдардың мәртебесі туралы ақпарат пайдаланушының жеке кабинетіне немесе SMS-хабарлама арқылы келіп түседі.

Жыл сайын мемлекеттік органдар жеке және заңды тұлғалардың шамамен 1,5 млн жолданымдарын қарайды.​

Мемлекеттік органдардың жолданымдарды уақтылы және сапалы қаралуы тұрақты бақылауда.

Бас прокуратураның Комитеті азаматтардың өтініштері мен есебін жүргізу саласындағы уәкілетті орган ретінде (Мемлекет басшысының 2010 жылғы 19 наурыздағы №954 Жарлығы) «Жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтініштерін қарау сапасы» бағыты бойынша мемлекеттік органдардың қызметіне жыл сайын операциялық бағалау жүргізуді қамтамасыз етеді.

Елімізде мұндай бағалау 2016 жылдан бастап келесі критерийлер бойынша жүргізіледі: шағымдар мен өтініштердің қаралу мерзімдерінің сақталуы, сот шешімі бойынша негізді деп танылған мемлекеттік органдардың шағымдарына жауаптары, өтініштерді қайта жолдау мерзімдерінің сақталуы, шағымдар мен өтініштерді қарау сапасына ішкі бақылау.

Мысалы, 2022 жылғы бағалау қорытындысы бойынша Ұлттық Банк, Бас прокуратура, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі қызметінің тиімділігі атап өтілді.

Бағалау шеңберінде қабылданатын шаралардың нәтижесінде бағаланатын органдар тарапынан жол берілетін шағымдар мен жолданымдардың қарау және қайта жолдау мерзімдерін бұзу декертерінің төмендеуі байқалады.

Мәселен, 2022 жылы өтініштерді қарау мерзімдерін бұзу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 52% - ға төмендеді (2021 жылы - 3 801, 2022 жылы -1 808).

Өтініштерді уақтылы жолдамау фактілері бойынша да 7,5%- ға (2021 - 3 637, 2022 - 3 382) төмендеу байқалады.

Жылдық бағалау қорытындысы бойынша мемлекеттік және жергілікті органдарға бірқатар ұсыныстар берілді, оларды орындау нәтижелерін Бас прокуратураның Комитеті бақылайтын болады.

Жалпы бақылау мен қадағалаудың тиімді әдістерін пайдалана отырып, азаматтардың, сондай-ақ заңды тұлғалардың шағымдары мен сұрау салуларын қараудың барлық кезеңдерінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасуда.

 

 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті

press@kgp.kz