
Ағымдағы жылдың 20 қаңтарында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Төрағасы Сәбит Нұрлыбай кеңейтілген алқа отырысында құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының 2020 жылы атқарған жұмысын қорытындылады.
Алқа барысында қызметтің негізгі бағыттары, уәкілетті прокурорлардың қадағалау жұмысы, цифрлық жобаларды іске асыру, сондай-ақ негізгі іс жүргізу шешімдерін келісу бойынша жұмысты ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелері айтылды.
Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдарымен қылмыстық істердің 45%-ы электрондық форматта тергелуде.
2020 жылы соттылықтың болуы не болмауы туралы 3 млн. астам анықтама, тұлғаның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны туралы 483 мыңға жуық мәлімет, сондай-ақ 2 мыңнан аса мұрағаттық анықтамалар берілді.
2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде айыппұлдарды өндіріп алу 68%-ды құрады, мемлекет бюджетіне айыппұл төлеуден 54 млрд. теңгеден астам қаражат түсті. Электрондық форматта ресімделетін әкімшілік хаттамалар мен нұсқамалардың саны 6 млн. астам немесе жалпы санының 85%-ы болып табылады.
Өткен жылы Комитет және оның аумақтық органдарының прокурорлары 403 заңсыз тексерудің жолын кесті, оның ішінде шағын бизнесті тексеруге мораторий шеңберінде бақылаушы органдарға 89 тексеруді тіркеуден бас тартылды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ағымдағы жылдан бастап мемлекеттік органдарда «Электрондық өтініштер» ақпараттық жүйесін енгізу жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда жүйені Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында орнату аяқталуда.
Осы жылдың шілдесіне дейін басқа өңірлердің мемлекеттік органдары мен орталық органдарды жүйеге қосуды аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Комитет Төрағасы Мемлекет басшысының Жолдауының негізгі бағыттарын жүзеге асыруға, қылмыстық процесте заңдылықты қамтамасыз етудегі және адам құқықтарын сақтаудағы прокуратура органдарының үйлестіруші рөліне назар аударды.
Бүгінгі таңда қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу бойынша Қылмыстық процестік кодекстің жаңалықтарын іске асыру басым бағыттардың бірі болып табылады.
Жұмысты қорытындылай келе ведомство басшысы Комитет алдындағы басым міндеттерді белгілеп, олардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі
press@kgp.kz