
ТЖ департаментінің қызметкерлері облыс әкіміне қысқы кезде қар бұрқасындарын жарып шығуға арналған арнайы техниканы көрсетті. Құтқарушылар 300 миллион теңге тұратын екі шнекроторлы қар тазалағыш, қар тиеуіш және бульдозер сатып алған. Сонымен бірге, олар өрт қаупі кезінде жоғары қабатты үйлердің биігіне шығуға мүмкіндік беретін арнайы көтергіш те сатып алған.

Облыс орталығының коммуналдық қызметтері де 100 бірліктен тұратын автогрейдер, құм лақтырғыш, тиеуіштер және КамАЗ көліктерінің көрсетілімін өткізді. Биылғы жылы коммуналшылар да жаңа техника сатып алған. Олар: жаяу жүргіншілер жолдары мен саябақтарды тазалайтын 4 және орталық көшелерді қардан арылтатын 11 трактор.

– Алдағы қыста көшедегі қарды тазалау кезінде жергілікті полиция қызметінің көмегі қажет, – деді Болат Бақауов. – Патруль қызметі тазаланатын жол бөлігін жауып, коммуналдық қызмет техникасы тез арада тазалап шықса, ісіміз өнетін болады. Әйтпесе, өткен жылдары тракторлар көшелерде бірінің соңынан бірі босқа жарысып жүрген сияқты көрінетін.
