
Павлодар облысының әкімі жұмыс сапарымен екі ауданда болды. Өңір басшысы пәтер алған дәрігерлермен кездесті, жаңа өрт сөндіру бөлімінде болды, сондай-ақ шаруалармен кездесіп, олар егін жинау науқанының аяқталғанын хабарлады.
Әбілқайыр Сқақов Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылындағы Ыдырысов атындағы мектепке барды. Аталмыш білім ошағында биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл оқу орны, аудандағы 17 басқа мекеме сияқты, штаттық режимде жұмыс істейді. Ақтоғайдың тағы бес мектебінде оқу процесі қашықтан өтуде.
Облыс әкімі Қараоба ауылында екі пәтерлі екі үйдің құрылысы жүріп жатқан жерде болды. Қазақстанның еңбек күші артық өңірлерінен қоныс аударушыларға арналған тұрғын үйді осы жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланып отыр.
- Біздің ауылдық жерлерде мамандар жетісе бермейді, осындай үйлерді салу - ауыл үшін үлкен қолдау, - деп атап өтті өңір басшысы. - Ауылға мұғалімдер, дәрігерлер, ветеринарлар және басқа да мамандар келуі үшін оларға жағдай жасау, соның ішінде тұрғын үй беру қажет. Құрылыс сапасын мұқият бақылау керек.
Абжан ауылының маңында Әбілқайыр Сқақов ақтоғайлық фермерлермен кездесті. Бүгінде шаруалар «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету жөнінде келісімшарттар жасасуда. «Ақтоғай Агро» ЖШС тұрақтандыру қорына 1,2 мың тонна көкөніс жеткізу міндетін алды.
- Мемлекет агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үлкен инвестиция салып жатыр, бизнес тұрғындар үшін арзандатылған көкөніс өнімдерін ұсына отырып, қарсы міндеттемелерді өз мойнына алуы тиіс, - деді облыс әкімі. - Біз осы жылдың көктемінде картоптың бағасы бір килограмм үшін 140 теңгеге дейін көтерілген жағдайдан қорытынды шығардық. Сондықтан осы күзде бағаларды тұрақтандыру мақсатында маусымаралық кезеңде нарыққа тауар интервенцияларын шығару үшін тұрақтандыру қорына тіркелген бағамен шамамен 30 мың тонна картоп пен 5 мың тонна сәбіз сатып аламыз.
Өңір басшысы «Ақтоғай Агро» ЖШС наубайханасына да барды, онда бүгінде нан-тоқаш өнімдері өндіріледі. Кәсіпорын ауысымына 500 бөлкеге дейін нан өндіреді және өнімділікті кемінде екі есе арттыруды жоспарлап отыр.
Ақтоғай ауылында Әбілқайыр Сқақов медицина қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыстады. Аудан орталығында бос тұрған ғимарат арнайы дәрігерлер үшін қайта жаңғыртылды. Онда енді сегіз медицина қызметкері отбасыларымен орналасатын болады. Жаңа қоныстанушылардың басым бөлігі - жас мамандар.
- Мен Павлодардан екі апта бұрын көшіп келдім, тағылымдамадан өтіп, жаңа жерге үйреніп жатырмын,-дейді хирург дәрігер Ален Усанов. - Мен мұнда жаңа өмір бастаймын. Ең бастысы – ол үшін тұрғын үй бар.
Ақтоғайда жаңа өрт сөндіру бөлімі де таныстырылды. Қайта жаңартылған ғимаратта өрт сөндіру және қызметтік машиналарға арналған төрт бокс, оқу кабинеті, жатын және тамақ ішуге арналған үй-жай, спорт залы, архив және бөлімнің байланыс пункті бар. Жаңа деподан басқа, өрт сөндірушілер екі жаңа автокөлікке ие болды: «Урал» және «ВАЗ 2121» негізіндегі өрт сөндіру машинасы.
Сонымен қатар аудан орталығында облыс әкімі балалар өнер мектебінде және «Мир» спорт залында болды. Бүгінде жас ақтоғайлықтар күреспен, хоккеймен белсенді айналысады, сурет салуды, домбырада, пианинода және басқа да музыкалық аспаптарда ойнауды үйренеді.
Өңір басшысы Ертіс ауданына жұмыс сапарын Абай атындағы ЖШС басшысы Николай Миллермен кездесуден бастады. Тәжірибелі фермер атап өткендей, жазғы маусымда жауын-шашынның аздығына қарамастан, егін өте сапалы болып шыққан.
- Мен далада 45 жыл жұмыс істеймін және алғаш рет осындай жоғары сапалы астық алып отырмын, - деп бөлісті аграрий. - Әдетте бидай желімшесінің көрсеткіші 23-27 аралығында, кейде 30 болады, ал биыл 36 - ға жетті. Мұндай менің өмірімде болған емес.
Голубовка ауылында Әбілқайыр Сқақов кәсіпорынның элеваторында болды. Николай Миллер астық қоймасына италиялық кептіру жабдығы орнатылып, дизель отынынан газға ауысқандарын айтты.
Осының арқасында астықты сақтау жағдайын жақсартуға және өнімнің бүлінуін іс жүзінде жоюға мүмкіндік туды. Сонымен қатар фермер облыс әкіміне мал сойылатын және ет консервілерін шығаратын ет өңдеу цехын таныстырды.
Ұзынсу ауылының маңында өңір басшысы Ертістің басқа да шаруаларымен кездесті. Дәл осы Ертіс ауданында алғашқылардың бірі болып жинау техникасын белсенді түрде жаңарта бастады. Бүгінгі таңда аудан фермерлері қолданатын 555 техниканың 386 бірлігі жаңа үлгідегі техника. Астық өсірушілер біртіндеп суарылмайтын егіншіліктен суаруға ауысуды жоспарлап отыр. «Замандас» шаруа қожалығының басшысы Балғабай Бәкішев жер асты тамшылатып суаруды жолға қоюға дайын екенін хабарлады. Әбілқайыр Сқақов мұндай жобаларға барынша қолдау көрсетуге уәде берді.
Ағашорын ауылында облыс әкіміне жаңа инфрақұрылым құрылысы туралы айтты. Мұнда кентішілік жолдарды жөндеу аяқталып, ауыл клубының құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар жергілікті аулалар орталық су құбырына қосылады. Қазан айында мердігерлер іске қосу-реттеу жұмыстарын бастап, суды сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. 700-ге жуық тұрғыны бар ауыл үшін бұл көптен күткен оқиға.
- Бізде ешқашан орталық сумен жабдықтау болған емес, бәріміз үйлерімізде судың болуын күтудеміз, - дейді Ағашорын тұрғыны Галина Гейст. - Бізде көптеген оң өзгерістер болып жатқаны мені қатты қуантады. Ауыл дамып, жастар осында қалатын болады деп сенемін.
Өңір басшысы Ертіс ауылында 24 пәтерлі үш үйдің құрылысы жүріп жатқан жерде болды. Ондағы пәтерлерді кезекте тұрғандар мен жас мамандар алады.
Сондай-ақ облыс әкімі Ертіс ауданында толық көлемді футбол алаңына жақын орналасқан «Almaly baq» саябағында болды. Биылғы жылы аудандық бюджет есебінен скверде тас төсеуіштен жаяу жүргіншілер жолы төселіп, воркаут алаңы және балаларға арналған шағын нысандар орнатылды. Өңір басшысы мұнда жергілікті жастармен әңгімелесті және Павлодар облысында қала мен ауыл арасындағы абаттандыру мәселелеріндегі алшақтықты қысқартуға бағыт алынғанын атап өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев