
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың және Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мәселелері жөніндегі өңірлік штабтың отырысы өтті.
Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрлігі басшысының бірінші орынбасары COVID -19-ға қатысты жағдай өңірде және елде тұрақты болып тұрғанын атап өтті.
- Павлодар облысы бүгінде «жасыл аймақта». Менің ойымша, бұған жергілікті атқарушы органдар қабылдаған әрекеттер ықпал етті, - деді Марат Шоранов. – Қазір әдетте маусымы қараша айында басталатын ЖРВИ мен тұмауға қарсы вакциналаумен барынша қамтуды қамтамасыз ету қажет. Павлодар облысында Қазақстанда бірінші болып осы жұмысқа кірісті. 15 қазанға дейін бұл жұмыс аяқталады деп жоспарлануда.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Біржан Досмаиловтың айтуынша, медициналық жүйені күшейту бойынша қосымша шаралар ретінде Павлодарда 200 орындық жаңа модульдік жұқпалы аурулар госпиталі мен Сұлтанов атындағы облыстық аурухана жанынан 60 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесі салынуда. Сондай-ақ облыс орталығында 300 орындық жұқпалы ауруларға арналған клиника орналасатын онкологиялық диспансердің ескі ғимараты жөнделуде. Бұдан басқа, шалғай ауылдарға қызмет көрсетуге арналған жылжымалы медициналық кешендер мен 100-ден астам жаңа реанимобильдер жеткізіледі деп күтілуде.
- Павлодар облысында өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 190-нан 352-ге дейін жеткізіледі, ауылдық жерлерге арналған 7 рентген аппаратын сатып алу жоспарлануда, - деді Біржан Досмайылов. - Сондай-ақ біз оттегі нүктелерінің санын көбейту үстіндеміз. Бүгінгі таңда олардың саны 535, қосымша тағы 50-і іске қосылатын болады.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Павлодар облысының бірқатар медициналық мекемелерінде болды. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында Марат Шоранов қалалық ауруханалардың, емханалардың және жеке медициналық орталықтардың ұжымдарымен әңгімелесті.
Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасы
Суретті түсірген Валерий Бугаев