Елбасы қолдады

 Елбасы қолдады

Үстіміздегі жылы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында құрылысы басталған «Giessenhaus» ЖШС-і еліміздегі алюминий өндірісінің алғашқы сапында тұр. Зауытқа 5 миллиардқа жуық инвестиция тартылып, 35 жаңа жұмыс орны ашылды.

«FORWOLL GROUP» компаниялар тобының бас директоры Руслан Литвинов телекөпір кезіндегі Елбасыға арналған сөзінде: – Біз жыл сайын 36 мың тонна қоспалы алюминийді еліміздің кәсіпорындарына жеткізуге және экспортқа шығаруға дайынбыз, – деп хабарлады.  

Сонымен бірге, «K&K» компаниялар тобының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінің алюминийден жасалған автомобиль дөңгелектерін көрсетті.

– Біз қазақстандық әріптестердің құймаларының сапасын жоғары бағалаймыз. Сондықтан да, жеңіл құймалы дисктердің өндірісіне 20 миллион еуро инвестицияны ойланбастан салдық, – деді компанияның топ-менеджері Сергей Куклин. – Бізге Қазақстанның әлеуеті аса жоғары ел екендігі мәлім. Біздің кәсіпорын шығаратын автомобиль дискілері Қазақстан мен Ресейдің автомобиль зауыттарына, сонымен бірге, ЕуроОдақтың елдеріне де жеткізілетін болады.

– Аса бай кен орындары бар біздің еліміз үшін түсті, қара және сирек кездесетін металлдарды өндіріп қана қоймай, олардан дайын өнім жасап шығару аса маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Қоспалы алюминийден автомобиль дискілерін жасауды қолға алдық. Бұл басы ғана. Енді алюминий өндірісін ары қарай дамыту қажет.